Болашақ балабақшадан басталады
Тұңғыш Презиент күні қарсаңында Қарағанды қаласында тағы бір балабақшаның ашылу салтанаты болды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған мектепке дейінгі мекеме Пришахтинскідегі 23 шағын ауданда орналасқан. Балабақша құрылтайшысы Гүлнар СМАЙЛОВАНЫҢ тәжірибесіндегі бұл төртінші балабақша. 360 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген балабақшадағы орын құны – 11 000 теңге.
Қарағандылық кәсіпкерлерге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік зор мүмкіндіктер ұсынғаны рас. 2015 жылы 1000 орынға арналған төрт жекеменшік балабақша ашсылса, 2016 жылы кәсіпкерлер осындай 10 бақша ашқан. Ал биылғы жылы солардың қатары 19-ға артқан. Соның бірі – «Одарешка» балабақшасы.
«Одарешка» балабақшасының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықталып, қазіргі күні 400-ге тарта балаға есігін ашқан. Барлық жағдай жасалған ғимараттың сырты да, іші де көз тартарлық. Оның үстіне, қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Ақерке», «Армашка» және Майқұдықтағы «Ақжарқын» балабақшалары да Гүлнар Смайлованың еңбегі. Кәсіпкер дамыту-тәрбие процесін ұйымдастырып қана қоймай, балабақшаларда тұзды шахталар, робототехника кабинеттері, шығармашылық шеберханалар ұйымдастырылып, балалармен логопед және психолог мамандарының да жұмысын жан-жақты қарастырған.
Ерлан ҚОШАНОВ, облыс әкімі:
– Мереке қарсаңында Пришахтинск тұрғындары үшін бұл жақсы сый. Бүгін шынымен де қуанышты күн. Бірінші кезекте бүлдіршіндердің ата-аналарын осындай тамаша балабақшаның ашылуымен құттықтағым келеді. Осы жерде еліміздің болашағы өсіп-жетіледі. Балаларыңыздың болашағы зор болсын. Ал, біз – Елбасының тапсырмасын осындай жоғары деңгейде орындауға тырысамыз.
1975 жылдары «Улыбка» деп аталған балабақшаның құрылысы салынғанына қырық жылдан астам уақыт өткен. Кейіннен тоқсаныншы жылдардың қиындығы кезінде балабақша жабылып, «Солнышко» балабақшасына қосылған. Ата-аналардың төлейтін ақшасының жоқтығынан, тамақтандыру жайы да мәз болмауы себепті бірінен кейін бірі жабылған мектепке дейінгі мекемелердің ғимараттары бос қалды. Содан бері, жиырма жылдан астам қолдан-қолға өткен ғимарат бұл күні бүлдіршіндерге есігін қайта ашты. 1976 жылдары осы бақшада тәрбиеші болған Людмила Васюк кезінде өзі еңбек еткен мекеменің қайтадан бой көтергеніне, бүлдіршіндерге есігін қайта ашқанына қуанышты.
Биыл Пришахтинскіде барлығы үш балабақша ашылған. Егер жыл басында кезектегі балалар саны 1000-ға тарта боса, мемлекеттік-женкешелік әріптестік аясында кезектегі балалар саны 400-ге азайған.
Салтанат ИЛЬЯШОВА
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.