Бас тақырып

Блогерлер қоғам санасына қалай әсер етеді?

Бүгінде қазақ қоғамына қаулаған блогерлер қауымы қауіп төндіріп тұрған секілді. Әсіресе, арнайы білімі не бары, жоғы белгісіз әуесқой психологтар мен «мотиваторлар». Олар капитализм заманының көшінен қалмаймыз деп жанталасқандарға оңай әрі жылдам баюды үйретіп жатыр. «Депрессиядан шығарамыз. Менің курстарымнан соң өмірің жақсарады, қарыздарыңнан құтыласың» деген жарнамалық ұрандарымен елді өздеріне баурап келеді. Бұл күнде кім байығысы келмейді? Әлемдік деңгейдегі психологтар «мұндайға елірген адамдар оңай табылатын қыруар қаржы соңында не түрлі қиялға беріліп, қол жетпес, өмір шындығына мүлде сәйкес келмейтін армандарын қуалайды», – дейді. Ал, қоғамдағы осындай құбылыстар жыл өткен сайын лудомания, суицид секілді проблемалардың өрши беруіне тікелей әсер етеді деп отыр. Маңдай терін төкпей-ақ көл-көсір ақшаға кенелгісі кеп, ойынға бас ұрады. Ең сорақысы – ғаламтордағы ақылшылар жасап берген арманы, мақсаты жалған сағым екенін ұққан күні өмір шындығымен бетпе-бет келіп, өз-өзіне қол жұмсайды. Әлемдік көрсеткішке үңілсек, суицид бойынша Қазақстан бестікті түйіндеп тұр. Мұндайда ғаламторда қаптаған блогерлер қауымын қазақ жастарына тор құрып жатқан өрмекші десек, жаңылмайтын шығармыз?!

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Біз айтар мәселеміздің бояуын қанығырақ ету үшін Карл Юнгқа жүгінбекпіз. Ол – швейцариялық психиатр, психолог және ойшыл, «терең психологияның» және «аналитикалық психологияның» негізін салушы. Міне, сол Карл Юнг психология ғылымына «Ұжымдық бейсаналық» деген терминді енгізді. Карл Юнгтың зерттеуіне сүйенсек, Зигмунд Фрейд айтқан «жеке бейсаналықтан» бөлек, барлық адамдарға ортақ «Ұжымдық бейсаналық» деген психиканың бір қабаты бар. Абайша айтсақ, «Көп айтса көнді, Жұрт айтса болдының» кебі. Бір мысалмен түсіндіріп өтсек. «Ұжымдық бейсаналық» қабатындағы адам көпшілік қайда барса, сонда барады. Өз ақыл-парасатына, күш-жігеріне ерік беруден үрейленеді.

Әлгі блогерлер бұның бәрін жақсы біледі. Карл Юнгтен басқа өздерінің әдістеріне, құрастыратын ертегілеріне сай әңгіме айтып, еңбектер жазған мыңдаған психологты оқиды. Әлгі қабаттағы адам әлбетте, бүгінгінің трендіне үйір. Жұрттан қалмаудың қамы. Блогерлер тамырды дәл басуды біледі. Олар хәкім Абай айтатын «көптің» психологиясын меңгерген десек, қателеспейміз. Мыңдаған оқырманын арбау үшін олар да білім жияды.

Қарағандылық дәрігер-психотерапевт Лаура Алипбаева әлеуметтік желідегі көптің аңқаулығымен табыс тауып отырған блогерлер қоғамдық психологияға кері әсерін тигізіп жатқанын айтты.

– Маған «Блогерлердің өміріне қарап, өзімді бақытсыз сезінемін. Басқалардың өмірі неге жақсы, менікі неге нашар? Олар үнемі бақытты. Әр күндері қуанышқа толы. Ал, менде үй, жұмыс, бала-шаға және неше түрлі қиындықтардан басқа ештеңе жоқ», – деп өзін тұңғиыққа батыратын адамдар жиі келеді. Мұндай ойлар адамды ауыр депрессивті жағдайға түсіреді. Блогерлерге еліктеймін деп, көп ақша табамын деп алаяқтарға жиі ұрынады. Бұдан бөлек, блогерлердің жылтыр өміріне шамадан тыс қызыққан адам отбасымен, әсіресе, ата-анасымен жиі ренжіседі. «Неге маған осындай жағдай жасамадыңдар?» деген сияқты кінәларын арта бастайды. Мұндай құбылыс мектеп оқушылары мен колледж және жоғары оқу орындарының студенттерінде болады. Әлеуметтік желідегі табысты блогерлерге қарап, балаларын «Сен неге осындай ширақ, табысты емессің?» деп қажайтын ата-аналар да бар, – деді Лаура Алипбаева.

Карл Юнг адамдар арасында «Puer Aeternus» деген санат барын айтады. «Puer Aeternus» дегенді латыншадан аударсаңыз, «мәңгілік бала» дегенді білдіреді. Бұл термин ересек жасына жетсе де, жауапкершіліктен қашып, жан дүниесінде бала күйінде қалатын адамды сипаттайды. «Мәңгілік бала» ұғымы ересек жаста да, инфантильді болып қалатын «Питер Пэн синдромының» баламасы болып табылады. Лаура Алипбаева қоғамдағы жағдайлардың салдарынан бүгінде «Puer Aeternus» буыны қалыптасып келе жатқанын айтты.

– Бұлай жалғаса беретін болса, тұтас келешек ұрпақтың психология­сына орасан қауіп төнеді. Өмірдің шындығынан, қиындығынан қашатын, беттессе де, оңай берілетін әлсіз, оңай табысқа, жеңіл өмірге құмар ұрпақ өсіп шығуы ықтимал, – деді маман.

Виктор Франкл деген әйгілі австриялық психиатр, философ, неврологтың кезеңіне көшейік. Ол 1905 жылы дүниеге келген. Аса ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан адамның психологиясын, ішкі жан дүниесін зерттеу үшін фашисттік Германияның саяси тұтқындарға арналған лагеріне де әдейілеп қамалған. Ол өзінің зерттеу еңбектерінде лагерьдегі адамдардың өмірге деген құштарлығы таң қалдырғанын жазады. Бұл – ғаламторы жоқ, радиоға құлақ түріп, газет, кітап оқыған, рухани тұрғыда тоқ, рухы күшті адамдардың ғасыры еді.

XXI ғасырда бәрі бар секілді. Өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Цифрлық, соның ішінде, жасанды интеллект дәуіріне аяқ бас­тық. Жер шарындағы барлық ақпарат алақандай смартфонда. Бірақ, шамадан тыс жақсылықтың да кері әсері бары анық.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button