Жаңалықтар

Блогер ЖУРНАЛИСТ болуы мүмкін бе?

Жалпы, блогер деген кім? Көп арасында «Блогер журналист бола ала ма?» деген сауал талқыда. Қазір Facebook әлеуметтік парақшасында не айтқысы келсе, соны емін-еркін жазып жүре береді жұрт. Тіпті, күнделікті ішіп-жегенін әлеуметтік желіге жүктейтіндер «блогерміз» дейді. Өкінішке орай, осындайлардың әсерінен қоғамда әр нәрсеге жеңіл-желпі қарайтындар көбейді.

Блогерге шектеу қою керек пе?

Осы күні кім көрінген – «блогер». Қаптаған инстажұлдыздар (іnstagram). Оқырман жинап, жарнама арқылы пайда табуда. Бағдарлама ашқандары және бар. Сөйтеміз де, «мәнмағынасы жоқ бағдарламалар көбейіп кетті» деп безек қағамыз. Түптеп келгенде, таяқтың бір ұшы – өзімізде.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов бір сұхбатында: «Журналистер – кәсіпқой мамандар. Олардың жазған сараптамалық мақаласын, эфирдегі 1 минуттық сюжетін немесе кейіпкер портретін ашудағы сұхбатын басқа сала маманы жасай алмайды. Бүгінде журналистердің жұмысын блогер атқара алады дегенге саятын жаңсақ пікір ара-тұра айтылып қалып жүр. Журналистика жүректің қалауы, кез келген журналист – блогер бола алады. Ал, блогер журналист бола алмайды. Блогерлерге шектеу қою керек» деп үзілді-кесілді қарсылық білдірген екен.

«Блогермін» дегендердің көбінде арнайы білімі жоқ. Басым бөлігі – жастар. Әлеужеліде қоғамдағы мәселелерді қаузап, түрлі видео, жарнама түсіреді. Әрине, мұның бәрі – еңбек. Бірақ, бір жайтты ұмытпаған абзал. Блогерлік – табыс табудың көзі ғана. Ондай жастардың тәжірибелері жоқ екені де өтірік емес. Десек те, қоғамда журналиске қарағанда, блогер – танымал.

– Мысалы, дамыған демократиялық елдерде БАҚ нағыз өз функциясын атқарады. Цензура біздегідей емес. Сарапшы, мейлі журналист болсын, баспа бетінде, телеарнада өз ойын ашық айтады да көппен талқылайды. Ал, бізде БАҚ-тың көбі мемлекетке тиесілі болғандықтан цензура бар. Айтылмаған ой, пікір әлеужеліге шығып жатқанының себебі – осы. Блогерлердің белсенділігі де содан. Негізі мұндай дүниелердің бәрі газетте, телевидениеде ашық айтылып, талқылануы керек. Қазақстанда көп мәселені блогерлер көтереді. Халық соларды оқиды. Бізде журналистика – өз функциясын атқара алмай отыр, – дейді журналист Ақсәуле Әлжан.

Телефон тұтқындары

Бесіктен белі шықпаған балалар күні-түні ұялы телефоннан айырылмайды. Жанына қашан барсаңыз да, YouTube желісінен түрлі шетелдік бағдарламалар көріп отыратынын байқаған боларсыз?! Сол бағдарламаларға мән беріп қарадыңыз ба? Мұның бәрі – блогердің жұмысы. Желідегі бейнероликтен шағын үзінді келтірейін. Бір блогер балаларына ойыншық сатып алады да, бейнетаспа алдында бірге ойнайды. Немесе, стратегиялық ойындарды ойнап, YouTube каналына жүктейді. Балалар соны көріп мәз. Мойындайықшы. Бала үшін дәл осындай дүние жасаған отандық блогерлерді естуіңіз бар ма? Болса, бірен-сараны шығар. Алайда, біздің блогерлер сөз аңдып, өсек қуғаннан аспайды.

Шетелдіктер осындай дүниені кәсіп көзіне айналдырып алды. Бар болғаны бейнетаспа алдында көңіл күйіңізді жеткізіп, қызықты жүргізсеңіз, жеткілікті. Сол үшін әлеуметтік желі ақша төлейді. Әлеужеліге жалған пікір, жалған ақпарат салған дәуірмен баяғыда қош айтысқан олар.

«Мен блогермін» деп кеуде қағатын біраз адамды білеміз. Facebook, Instagram желісінде – жұлдыз. Оның көзқарасымен: «Айтқаным – ақиқат. Шенділердің бәрі – жаман». Сондайақ, инстажелісін түрлі жарнамалармен толтырып қояды.

Түйін

– Телевидениеге, яғни, онда жүргізуші болу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ деп ойлаймын. Өзін жұрт алдында ұстай алатын, қабілеті бар кез келген көзі ашық адам бағдарлама жүргізе алады, – дейді Ақсәуле Қанатқызы.

Қалай дегенмен де, ұрпаққа ықпал ететінімізді ұмытпаған абзал. «Блогермін» дегендер балаларға арналған бейнеролик неге түсірмеске? Бала шетелдік бағдарлама көріп, сол ұлттың тілінде сөйлеп жүр. «Балдырғандарға отандық дүние жоқ» деп жылайтын емес, соған сай әрекет ететін кезең – бұл.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button