Ресми

Бизнесті қолдау ауқымы артып келеді

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау – басым міндеттер қатарында. Өткен жылғы қолдау шаралары саланы дамыту жөніндегі ұлттық жоба мен өңірлік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды. Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат жиынында шағын және орта бизнесті қолдау шаралары пысықталды.

Облыс әкімі сөзінің әлқиссасын жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар әзірлеу қажет деп бастады. Жедел жәрдем бригадаларына қауіп төнген жағдайда құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл алгоритмін қабылдау да маңызды. Өңір басшысы жедел жәрдем жүргізушісіне зақым келтірілген оқиғаны өрескел заңсыздық деп бағамдады.

Сурет: облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды

– Ол азаматтың қайда жүргендігі көп ұзамай анықталады. Жақын арада полиция қызметкерлері тиісті шаралар атқаратынына сенімдімін. Азаматтарымыздың жедел жәрдем қызметкерлері еңбегіне құрметпен қарайтынын білемін. Алайда, мұндайда шыдамдылық танытпай, жалпы адамзаттық құндылықтардан, сыйлас­тықтан, гуманизмнен өзін жоғары қоятын жандар да бар, – деді Ермағанбет Бөлек­паев. 

Жедел жәрдем қызметкерлері болсын, жалпы тұрғындардың әл-ауқаты мен өмірін өлімнен арашалау жолындағы өзге де маңызды салаларда қызмет істейтін адамдарға қатысты кез келген осындай қисынсыз әрекеттер заң аясында жазаланады! Облыс әкімі тұрғындарды жол ережесін сақтауға, жедел жәрдем көліктерін өткізіп жіберуге, кез келген жанжалға жол бермеуге шақырды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша есеп берген құзырлы орган өкілі барлығы 23 млрд. теңге бюджет қаражаты сомасына 5,5 мың бизнес жобасы қаржыландырылғанын мәлімдеді. Бұл – субсидиялау, кепілдік беру, гранттық қаржыландыру және жеңілдетілген несиелеу жобалары.

Аппарат жиынында сөз алған облыс­тық кәсіпкерлік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абзал Рахымбаев бизнес құрылымын субсидиялау, өңдеу өнеркәсібінің қазіргі аяқ алысы, іске асырылып жатқан бағдарламалар турасында кеңінен тоқталды.

– Субсидиялау амалдарын іске асыруға 14,6 млрд. теңге, оның ішінде облыс­тық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаражат сомасына 3,6 мыңға жуық жоба субсидияланды. Бұл облыстың барлық қаржыландырылған жобаларының 65 пайызын құрайды, – деп тұжырды сөзін спикер.

Сервистік экономика да дамып келеді. Нәтижесінде 52 жаңа жұмыс орны құрылып, аталған салаға 1,3 млрд. теңге сомасында бюджеттік инвестиция тартылды. Ал, 2024 жылға бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 1,4 млрд. теңгені құрайды. Алда 45 жобаны қамту жоспары тұр.

– Өңірлік бағдарлама бойынша ағым­дағы жылға бизнес үшін қолданыстағы жағдайларды жеңілдетуді жоспарлап отыр­­мыз. Бүгінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен» уағдаластыққа қол жеткізілді, – деп хабарлады Абзал Жұпарұлы.

Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов та баяндама жасады. Облыс әкімі өңірдегі шағын және орта бизнестің өрісін кеңейту бағытында құзырлы мекемелер басшылары мен қала мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

– Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру маңызды. Қолайлы бизнес-ахуал мәселесін тұрақты бақылауда ұстау керек, – деді өңір басшысы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button