Шет

Біздің жігіттер

    Жігіт атауы ұранға жақын көтерме сөзге жатады. «Әй, жігіттер, келе қалыңдар!» дегенде жартасты да теңсеуге бар азаматтар ел ішінде баршылық. Нағыз жігіт қайда да топ жарады.

   Сондай жігіттің бірі – Рысқали Әбдікеров деп білемін. Бұл азаматпен мен бұрынғы Ақадыр ауданында ұшырастым. Тәуелсіздік орнаған алғашқы жылдар кім-кімге де оңайға түскен жоқ. Ел іші сапырылысып жатты. Сондай қысылшаң шақта аудан әкімінің орынбасары Рысқалимен істес болуыма тура келді. Жеңгем сүйер сүйкімді жігіттің қабағы ашық көрінгенімен, ішін алдырмайтын шымырлығы бар боп шықты. Қызмет бабында ысылып қалған ол үлкеннен жөн сұрауға арланбайды екен. Сол қарсаңда аудандық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік еткен едім. Комсомол қызметінде шыңдалған ол «өзім білемге» әсте бармайтын. Кісіні тыңдап алып өз пікірін білдіретін еді. Майда сөзімен, жылы қабағымен сені демесіндеп тұрады. Қазір айтсақ мақтаныш болады. Рысқали бастаған ақадырлық жігіттер талай бастаманы бірінші боп көтерді. Атап айтқанда, «Қымызмұрындық» мереке-жәрмеңкесінің жалауы көтерілді. Ақадыр – Шет өңірінде әлі күнге тойланып келеді. Наурыз мерекесіне де бастамашы болған осы жігітіміз. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарда Ақадыр өңірінде жолға қойылған мәдени іс-шаралар Рысқалисыз өткен емес. Біз сол қарсаңда мешіт ашуды да бірінші қолға алдық. Қазіргі облыстың бас имамы Өмірзақ қажыны оқуға жібердік. Осы жігіттен бірдеңе шығады деп маған ақыл қосқаны бар. Сол қарсаңда өлген адамның жаназа намазын шығаратын діни сауаты бар адам Ақадырда қалмаған еді. Соны да көз көрді. Қол жайып дастарқанға бата беретін ақсақалдар шетінен «сіреспе» келетін. Алланы ауызға алуға жоқ ақжүрек кәмөнестер еді. Ұлттық-салт дәстүрге негізделген мәдени іс-шаралардың ауданда өз мәнінде өтуіне күш салған Рысқали бастаған жігіттер маған әлі күнге ыстық көрінеді. Қайрақты кентінің әкімі болған Мұхтар Тілегенов, Жұмыскер ауылының әкімі Балтабай Игенов ұлттық салт-дәстүрдің оянуына жандарын салды. Ұлтжанды азаматтар Айтақын Жексенбаев, Сейітжаппар Бимақаш, Темір Жамбылов, Төрехан Майбас, Жазыкен Томпиев, Рысбек Оразханов, Амандық Серіков, Қадыр Мұқышев, Тәбен Ахметов, Жанбота Қалкин, Жұмағали Мағзиев, Ертай Жәнібеков, спорт жанашырлары Сейсенбай мен Елеусіз сынды азаматтардың еңбектері ерекше болды. Сол қарсаңда аудан басшылығында болған В.Карепов, С.Кенжебаева бізді қолдады. Қазағым деген жігіттерді ауданның мәдени өміріне бағыттап, олардың ақыл-кеңесіне сүйене білген Рысқали тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ ұлт жанашыры бола білді. Бұл жігітіміздің тәрбие көрген ортасы кәдімгі қазақы ауыл еді. Ұлттық дәстүр-салтты бойына жөргектен сіңірген оның іскерлігіне ешкім дау айта алмайды. Екі-үш жоғарғы оқу орынын тауысқан білімдарлығы қызмет сатыларына көтерілгенде қажетке асқаны дау тудырмайды. Үлкен-кішіге деген ілтипаты, жұғымды жұмсақ мінезі, қызметке жанын салатын іскерлігі, алған бетінен қайтпайтын табандылығы Рысқалиды көпшілікке танымал етті. Басшылықтың үлкенді-кішілі сатыларынан өткен ол мемлекеттік қызмет әдебін мүлтіксіз орындайтын мәдениеті жоғары азамат екеніне ешкім дау айтпайды. Сырты мен ішін тең ұстайтын ыдысы таза жан. Бұндай тазалық азаматқа ортасынан, ақылшы ағалардан, жора-жолдастан ауысады. Ата-анасы ауылдың қоңыр мінезді адамдары болатын. Көп балалы отбасынан шыққан Рысқалидың жұртшылыққа жанасымды келетіні содан. Әйтсе де болайын деп тұрған жігітті демесіндейтін бір күш болуға тиісті. Мұндай ықпалдың өсер жасқа зияны жоқ. Бәріміз де сол жолдан өткенбіз. «Өзім болып-толдым» деп ешкім де айта алмайды. Рысқалиға жол көрсеткен ағаларын жақсы білемін. Қоғам қайраткері мемлекеттік деңгейде ірі қызметтер атқарған «Жақсы Қаскең» – Қасымбек Медиевтің үлгі-өнегесін, тәрбие-тәлімін көрген Рысқалидың бұра тартқа жоқ адалдығы жақсы ағасынан ауысқан десем асыра айтқандық болмас. Қаскең талайға жақсылық жасады. Кісіге қол ұшын беруге бейім тұратын. Солардың көбісі бүгінде жақсы ағадан алыстап кетті. Қаскеңнің маған да аздаған шарапаты тиді. Жүдеңкіреп жүргенімде қолтығымнан демеді. Кісіге қол ұшын беруге бейімділік Рысқалида да бар. «Әкім бол, халыққа жақын бол» деп кезінде үлкен жүректі жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай, қызмет бабын асыра пайдаланбай іскерлігімен облысқа танылған азаматты «біздің жігіт» деп жан тартуымда жалғандық жоқ. Бұл – өзімсінудің белгісі. Облыс басшылығы «біздің жігітті» шаруашылығы шатқаяқтап жатқан аудандарға жиі-жиі жіберіп тұратын еді. Сонау бір жылы Ұлытау ауданына әкім боп барғаны бар. Сондағы тындырған ісін ұлытаулықтар әлі күнге айтып жүреді. «Өткенде пойыз үстінде қасиетті Ұлытау өңірінің бір кісісімен әңгімелес болдым» дейді облысқа белгілі іскер азамат Айбол Бидайбеков. Әлгі ұлытаулық: «Сендердің сол жігіттерің қызмет атқарған жерінде игілікті іске мұрындық болып, соңына із қалдырып жүреді екен. Бір жылға жетер-жетпес шамада әкім болған ол көп іс тындырды. Аудан экономикасын дұрыс жолға қоюда іскерлік танытты. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп, рухани тынысын ашуға күш салды. Қаржы көздерін аудан экономикасына бағыттаудың жолын ашты», – деп ағынан жарылды» дейді Айбол дос.

    Ұнағанын аспанға көтергенде көзжұмбайға басып кететін әсіре жазғыштар қаптады. Рысқали Әбікеров менің көтерме сөзіме зәру емес. Өз орнын тапқан білікті азамат. Облыстық маслихаттың хатшысы. Халық қалаулысы. Қағаз бастылыққа салынғанды қош көрмейді. Ел ішінде жүреді. Іс басында болғанды қалайды. Өңірдің тыныс-тіршілігін назарда ұстайды.

    Екеуміздің қайын жұртымыз бір ауылдан. Сол атаның үлкені Сағыжан Аманжоловқа тоқтаймыз. Ұмытпасам алпысыншы жылдар болар. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық спартакиада түйе балуан атанып (Қарқаралының Жәкенімен екеуі) бірінші орынға көтерілген еді. Қазақстандық қос балуанның суреті Мәскеудің спорт орталығында әлі күнге дейін ілулі тұрған көрінеді. Сәкең тәуелсіз еліміздің назарынан тыс қалған жоқ. «Астана Барысының» додасына құрметті төреші ретінде шақырылып тұрады. Арнайы сый-сияпатқа ие болып қайтады. Бүгінде Балқаш қаласында тұрып жатқан Сағыжан ағамен жиі-жиі хабарласып тұрамын. Кезінде обкомда жоғары қызметте болған Сәкең артық-ауыс сөзге бармайды. Аузы ауыр адам. Кеңестік кезеңде Балқаш қаласының идеологиясын басқарған. Зейнетке іліккесін «Ағыбай батыр» қорына жетекшілік етті. Атаусыз қалған арыстардың рухын ортамызға оралтуға күш салды. «Тәртіп бар жерде жұмыс болады» деп отырады. Жақсы қартайып келеді. Сексенге ілігіп қалды. Таяуда Балқашқа телефон шалдым.

Не жазып жатырсың? – деді Сәкең құлаққа жағымды қоңыр үнмен, – Сенің жазған-сызғандарыңды газет-жорналдардан оқып тұрамын. Кітаптарың қолыма тиген емес.

   Рысқалиға сыйлайтын көрінесің, ел назарында ғой ол бажаң. Мен үйден ұзамайтын кәрі шөңгемін.

Маған да шалдық жетті, Сәке! Жетпіс жетіге шықтым.

Сенің ермегің бар. Қалам ұстайсың ғой.

Абылайды жазып шықтым. Күйшілігінен алып өрбіттім оқиғаны.

Дұрыс болған! Ендігі қаузайтының не?

Рысқали сынды өзіміздің жігіттерді…

Қой, оның болмайды! – деді Сәкең ұзынқұлақтың ар жағынан, – Біздің ол жігіт өзінің адалдығымен, тазалығымен жүр. Оған артық мақтау қажет емес.

    Ойлануға тура келді. Осындай іркілісте Төрехен Майбастан ақыл сұрайтыным бар. «Өзіңіз біліңіз» деп былқ еткізе салды.

    Осы күні өзімізді өзіміз менсінбейтін кекірлікке душар болдық. Көре алмастық жоғарғы шегіне жетті. Өзімшілдік етек алды. Қалтасы қалыңдардың дәурені жүре бастады. Сананы дүниеқоңыздық еңсеріп барады. Жылтыраққа әуестік ауылдық жерде де баршылық. Қалалықтар мінген «джип» ауыл қазағының да астында жүр. Үйлері кірсе шыққысыз. Жиһаздан көз тұнады. Электронды құралдардың неше атасы соларда. Соған қарамастан ауыл тұрғындары қорғансыз. Табиғат апатынан көз ашпайды. Қыста боран соғады, көктемде сел жүреді. Жастар бейнеттен қашады. Мал бағуды азап көреді. Соларды қайраймын деп баспасөзде пікір білдіретінім бар.

Әне бір мақаламды оқыдың ба?-деймін аудан әкімі Әбдікеровке. Оқыдым, – дейді Рысқали зілсіз үнмен. – «Қазақ өз малын өзі бағуға ерінеді» депсіз. Оң сөз. Малды «ішкіштерге» бақтырған шаруагерлерді сынапсыз. Мен керісінше оларды ақтағым келеді. Үкімет субсидияны беруіндей беріп бағады. Алайда шаруаның мұқтажы бастан асады.

    Екеуміздің әңгімеміз біраз жерге барады. Ол менің алдымды орап кетеді. Аузым жабылып қалады. Ауыл өміріне сонау алпысыншы жылдардың «терезесінен» қарайды екенмін. Десек те ауылға жанашырлық Елбасыдан бастау алып жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет басшысы екі сөзінің бірінде «жер-су, ауыл-аймақ» деп еміреніп сөйлейді. Жоғарғы басшылықта жүрген «жігіттердің» дені ауылдан шыққандар. Биліктегі жігіттерге ауылда жатып та тілекші боп отырамын. Мүлт кеткен жаңылыстарына кешіріммен қараймын. Дәл осы кезеңде басшылық тізгінін қолдарына алған ел назарындағы азаматтардың қабағы түзеле бастағанын байқап жүрмін. Бұл – жақсы нышан.

    Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтің де қабағы ашық. Көңілі кең боп көрінеді маған. Рысқалиды облыс, аудан көлемінде басшылықта жүрген жігіттердің жиынтық бейнесінде алып отырмын. Мен оны тонның ішкі бауындай өзіме жақын санаймын. Жасыратын не бар, сонау жылғы жекешелендіру науқаны ауылдық жерді ортайтып жіберді.

   Аудан әкімінің орынбасары дәрежесінде жүрсе де Әбдікеров мырза қолды-қолда кетіп жатқан қызыл аяқ ақ күміске қолын жүгіртпеді. Күні бүгін сол таза қалпында келеді. Шет ауданын басқарған жылдарда «біздің жігітпен» тағы да істес болуыма тура келді.

Ақадырдың мәдениет үйі жүдеп тұр. Иесіз үйлер үңірейіп бос жатыр.

Қалпына келтіреміз.

    Іле мәдениет үйіне жан кірді. Аудан әкімінің қадағалауымен штат кестесі жаңартылды.

    Көркемөнерпаздарға арнап киім тіктіртті. Талантты өнерпаздарға қамқорлық көрсетілді. Үйсіз қалғандары баспаналы болды. Автоклуб мәшинесін бұйырып берді. Иесіз көп қабатты үйлер қалпына келді.

    Іскерлік деп осыны айтады. Бұл жігітіміздің бір қасиеті өнер мен мәдениетке оң иығын беріп тұрады. Ақын-жазушыларға іш тарады. «Өнер – халықтың ажары», өнерден қаржы аямауымыз керек» дейді ол әр кез. Аяғының желі бар қалам ұстайындарға да қамқоршы. Ауданда мәдени мұра бағдарламасы бойынша туған өлке тарихының көмескі беттерін айқындауды әкім Әбікеров назарда ұстады. Ауыл-ауыларға ат ізін салып, дала мұржайы саналатын көне қоныстарға саяхат жасадық. Өлке тарихын назарда ұстаған ол мәдени мұра бағдарламасының аясында жергілікті талапкер ақындардың кітабын шығартуға демесіндік көрсетті. Аудан әкімінің қолдауымен Ақсу-Аюлыда республикалық деңгейде « Бүркітшілер сайысы» (2013) дүркіреп өтті. Кәнігі саятшы Тілеуқабыл Есенбековтің мерейі бір көтеріліп қалды. Аймақтық күйшілер байқауы да Шетте дамыл-дамыл өткізіліп тұрады. Сондай мәдени шараларды қолдауда «біздің жігіттің» алды кеңіп сала береді. Өзінің бастамасымен құрылған «Ардагерлер ансамблі» облыс көлеміне де белгілі.

    Бір жолы аудан әкімінің кабинетіне бас сұғуыма тура келді. «Тұғыр» атты кітабымды сыйлаған едім. Сол кітап Әбдікеровтың алдында жатыр екен.

Жұмыстан шаршап кеткенімде осы кітапқа үңілсем тыңайып қаламын, – деді жұмсақ жымиып,-Алаң болмаңыз. Жетпіс бесіңізді дұрыстап өткізіп беремін, – деді нық сенімде. Уәдесінде тұрды. Мәселе менің мерейлі жасымда емес, үстел басында отырған басшының сесті де сергек болғаны ұлт рухына демесін. Халыққа танымал тұлғаларды назарда ұстауда Рысқали алдына жан салмайды. Оңаша әңгімеде өзінің ауылдық, аудандық жіктелуге қарсы екенін жасырмайды. «Сәкен жаңаарқалық» дейтіндер бар.

    Алаштың айтулы тұлғасы қазақ халқын Сейфуллинсіз тану мүмкін емес. Аудан орталығында Сәкенге арнап саябақ тұрғыздық. Әйгілі композитор Сыдық Мұхамеджановқа Ақадырда ескерткіш тұрғызу ойымызда бар. Айтулы сазгердің әндері мен симфониялық поэмалары ұрпаққа дем беретін өміршең туынылар» деп ағынан жарылған еді. Жалпы бұл жігітте ой басым. Әдебиеттің тасада қалып бара жатқанына алаңдайды. Ақын-жазушыларға басшылық тарапынан қамқорлық керек дегенді айта түседі.Қаламшы қауымның назардан тыс қалуы ана тіліміздің беделіне нұқсан келтіреді деп ашық айтады. Және өзі оқымпаз. Тарихқа бүйрегі бұрады. Басшылықта жүрмесе ғалым болар еді. Әдебиетке жанашырлығы – оқымпаздығының нәтижесі.

    Кәрі адамның ауыл-аймағына, ел-жұртына деген тілеуі дұрыс болғаны жөн. Белсенді ақсақалдар ауылда да, қалада да баршылық. Жалған көлгірлік солардан шығады. Әкімдердің есігін босатпайтын мазасыз қарттарға не жетпейді? Қартайғанда сүйкімінен айрылған қатарластарыма өкпем қара қазандай. Ел назарындағы азаматтар мені мақта деп ешкімге тапсырма бермейді. Оларды бұзатын өзіміз. Осы күні кім-кімге де жақсы атақ жоқ. Әсіресе әкім-қараларға күйе жағуға бейім тұрамыз. Бұл – түбірімен қате көзқарас. «Бітер істің қасына жақсы келер» дейді халық. Басшыны көтермелеп отырсақ, сонда оның ықыласы қарамағындағы жұртқа ауады. Қызметті бар ынтасымен адал атқаруға күш салады. Басшы бірінші кезекте мәмілегер болуға тиісті. Созылғанды дәнекерлеп, үзілгенді жалғап отыру олардың міндеті.

    Бедел басшыға халықтан ауысады. Өзінің іскер қабілетінен жинақталады. Жалған атақұмарлық кісіні жарға ұрындырады. Мен мақтауын асырған «біздің жігіттің» де қызмет бабындағы осал тұстары бар. Қабағы түйіле бермейді. Тым жұмсақ. Басшылықтағы азаматтарға уыт керек. Жақсы мағынасында мінез керек.

   Рысқали Әбдікеров сынды басшылықта жүрген орта буын өкілдердің де еңбегін бағалауымыз керек. Дербес ел болып қалыптасуда ұлтжанды жігіттер Елбасының айналасына топтасып, бар қажыр-қайратымен адал қызмет атқарып келеді.

    Жақында Абылай хан өмірінен алып «Қайран елім» атты қара сөзбен толғау жазып шықтым. Тарих беттеріне үңілгенде көп нәрсеге көзім жетті. Қазақ халқының көрмегені жоқ екен. Қан қасап қырғынның санын өткеріпті бастарынан. Сонда да рухтары жасымаған. Абылай заманынан кейінгі кезеңдерде қазақ елінде бірігу болмаған. Бөліп алып билеуге құныққан отаршылдардың сығымында болдық. Енді, міне, тәуелсіз, еркін де бейбіт мемлекетпіз. Тәуелсіздік – бізге ата-бабаларымыз армандап кеткен дербестікті сыйлады. Соның арқасында мемлекеттігіміз нығайып, экономикамыз қарыштап алға басты. Алысты болжайтын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігінің арқасында өтпелі кезеңнен аман-есен өтіп, дамыған отыз елдің қатарына жетіп қалдық. Ит май жемейтін заман осы. Жиырма бес жылда ауқымды істерге жол ашылды. Шекарамыз бекемделді. Астанамыз бой көтерді. Шетелдермен алық-берікке жол ашылды. Басшыға зәру ел едік. Ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз Қазақстанның көшін бастады. Патшасы ақылды ел бақытты делінеді ескілікті пайымдауда. Біз бақытты елміз. Нұрекеңмен мен құрдаспын. Бір жылғы туған төлміз. Елбасыны теледидардан анық екі күн көрмесем алаңдай бастаймын. Бұл менің жалғандықтан ада ақадал ниетім.

   Кім-кімнің де ел-жұртына деген жүрегінде тазалық болуға тисті. Жүрек тазалығы – ұлтымызға демесін. Мұндай қасиет бірінші кезекте, жұрт назарындағы азаматтарға қажет. Халыққа басие солар. Қара халық әділ басшыны жан тартады. Сүйеніш көреді. Елбасы – адам танығыш сыншыл. Ол кісі екінің бірін назарына іліктіре бермейді. Нұрекеңнің талғамына сай келген іскер азаматтар қызмет бабында шыңдалды. Қайраткерлік дәрежеге көтерілді. Көп ұлтты мемлекет болсақ та ел ішінде тыныштық бар. Бірлік-береке бар. Еркіндікке қол жеткізген жылдарда жүз жылға пара-пар шаруаны қоғамдап тастадық. Ел ертеңінің өркен жаюына қызмет жасап жүрген биліктің төменгі буын өкілі Рысқали Әбдікеров сынды «біздің жігіттер» де Тәуелсіз Қазақсанның жиырма бес жылдығына қосқан үлестері бар деп білеміз. Ол – қызмет бабындағы адалдық. Ұлтқа жанашырлық. Туған жерге деген махаббат. Елбасыға деген құрмет. «Мәңгілік ел» идеясына сенім.

Өмір КӘРІПҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Шет ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button