Біздің жүлде – үшінші орын

     «Сарыарқа» хоккей клубы ЖХЛ-дың ағымдағы чемпионатын үшінші сатыда тәмамдады. Чемпионаттың жексенбідегі соңғы матчында Санкт-Петербургтің «СКА-Невасымен» кездескен жерлестеріміз 2:3 есебімен ұтылып қалды.

Ойын Қарағандыда өтті. Алғашқы кезеңде петерборлықтар – Антон Жихарев пен Архип Неколенко бір-бір шайбадан салды. 0:2.

Қос шайбаға «сарыарқалық» Михаил Анисин дөп соққымен жауап берді. 1:2.

Екінші кезеңде «СКА-Нева» сапындағы Михаил Мальцев есепті 1:3-ке жеткізді. Ал, 48-ші минутта «сарыарқалық» Михаил Анисин тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсіп, дубльдің авторы атанды. 2:3. Таблодағы осы көрсеткіш ойын соңына дейін сақталды.

Осылайша, ағымдағы чемпионатты «Сарыарқа» 102 ұпаймен аяқтады. Яғни, қанжығада – үшінші орын. Көш тізгіні – 109 ұпайы бар өскемендік «Торпедода». Екінші орында – жоғарыда аталған «СКА-Нева» (107 ұпай).

Енді, «Сарыарқа» ЖХЛ-дың плей-офф кезеңіндегі бәсекесін жалғастырады. Алғашқы қарсылас белгілі. 24 ақпан күні Ресейдің Чехов қаласының командасы «Звезда» Қарағандыға қонаққа келеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.