Басты тақырыпЖаңалықтар

«Біз отбасымызбен көрмеге барамыз»

         Бастауышта оқитын бір бала осылай десін. Кекілді ұлдың көрме туралы айтқанына елең ете қалайық.

Қандай көрме? – деп әлгі құлыншаққа басымды изедім.

«ЭКСПО», – дейді сабазым. – Сабақ бітсін. Каникулға шығамыз. Сосын біз отбасымызбен көрмеге барамыз.

Ілкімде-ақ ішім жыли берді. Бірінші сыныпты енді тәмамдайтын баланың мұнысын естіп. Марқайдым. Тәуелсіздік таңында туған ұл-қыздарымыз осылай сөз саптаса игі.

Елдің ортасында жүргесін түрлі әңгімені құлағымыз шалатыны бар. Бір жамбас мү­жіліп біткенше біраз әңгіменің басы қайырылады. Ауладағы кептелістен басталып, Астанадан бірақ шығады. «ЭКСПО» да қамтылып, әрісі әлемді аралап кетеді. Сонда кейбір «қасқалар» Елордада өтетін Көрме­нің басы-қасында жүргендей тербейді. Жассың, іштей тынасың. Ағаның сөзін қайтіп бөлесің? Мейлі…

Ал, әлгі баланың Көрмеден хабардар болуының өзі нешік?! Баяғыда, қателеспесем 8 сыныпта оқимыз. Мектептің сол кездегі директоры, марқұм Тілеуберген қажы Нұрашев химиядан сабақ берді. Ұстаз ғой. Әр баланы жан-тәнімен сүйетіні көрініп-ақ тұратын! Сонда қолымызды көтеріп, сабақ айтуға ниеттенсек, «Айналайын, талпынысыңнан, жүрегіңнен айналайын» деуші еді. Сол сәт көз алдыма келді…

Не керек, «конструкторын» құрап отыр­ған құлыншақты тағы да әңгімеге тарттым.

Биік-биік ғимараттар құрап отырмын. Қараңызшы, қандай әдемі! Біздің Астанамыз сияқты. Көрмеде де осындай ғимараттардың талайын көреміз, – деді балақай.

Иә. Өткен жылдың соңында «ЭКСПО – 2017» көрмесінің аумағына табан тірегенбіз. Жаңа нысандарды көзбен көріп, ұйымдастырушылармен тілдесіп қайттық. Бір ғана мысал келтірейін. Көрменің аумағында жаңадан 42 көпқабатты тұрғын үй салыныпты. Түрлі павильондарды қоспағанда. Сол үйлер Көрменің уақытында қонақүйлер ретінде пайдалануға беріледі. Кейін елдің саудаға шығарылады. Яғни, біраздың баспаналы болуына мүмкіндік бар.

Айтпақшы, әлгі «заң соққыштардың» арасында «ЭКСПО – 2017» көрмесінің неше күнге созылатынын білмейтініндері де бар. Үш айға жуық уақыттан соң басталатын Көрме үш ай бойы өтеді.

Билеттерді https://tickets.expo2017­astana.com/ сайтынан және «Меломан» дүкендер желісі мен «Қазпошта» бөлімше­лерінен сатып алуға болады. Сондай-ақ, Қарағандыдағы Орталық әмбебап дүкенде «ЭКСПО – 2017» ресми билет кассасы өз жұмысын бастады.

Жолың болсын, Астанаға асыққан құлыншақ!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Суретте: Астанаға асыққан

Айбек Әбдіман.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button