Біз кенші атымен сыйлымыз

Қара алтынмен елдің несібесін еселеген Қарағандының тең жартысы кенші десек, артық емес. «Кеншілер мекені» атануы да содан. Кенші атану – бір кезде құнды, абыройлы атақ еді. Алайда, кейінгі күндері кеншілер басына күн туып, кеніште зардап шеккендер көбейді. Аймақтағы абыройлы ардагер-кенші Алмаз Рысқұлов кенші болуға тек төзімділердің ғана батылы баратынын айтады. Бұрын адам қауіпсіздігі назарда болса, енді жер асты байлығына жету негізгі факторға айналғанына қапа. Кеншілер күні қарсаңында ардагер кеншімен сұхбат құрған едік.

Кеншілер мекені

– Аға, кенші жолы оңай емес­тігі мәлім. Кенші болу үшін қандай қасиет міндетті?

– Кез келген адам кен орнына жұмысқа тұра алады. Десек те, сол мамандықты шынайы сезініп, оның ыстық-суығына бірдей төтеп беретіндер аз. Ең басты қасиет ол – төзімділік. Әр істің шешімін табан асты тауып, ми мен қолдың селбесе жасаған әрекетіне жүгіну.

– Жер астына түсу қорқыныш тудырып, ондайда бойды үрей билейтіні жасырын емес. Сол секемдену-сескенуден қалай арыласыздар? Сондайда қор­­­қынышты қалай жеңуге болады?

– Жер астына ең алғаш түскенде, әрине, қорқу басым болды. Оның несін жасырайын. Анау жақ­пар-жақпар тастар мен ұзын сонар үңгір үрейлендірмей қайтсін?! Қараңғы, әрі ауасы тар. Ше­кеміз шылқып, шыққанша асығатын едік. Кіргеннен ылғи тар өт­келдер. Олар кейде биіктеп, кейде аласарып тұрады. Жүріп келе жатқан жолың бара-бара тарыла түскенде, жанды шүберекке түйіп, иман үйіре бастайтынбыз. Бірақ, не керек мұның бәрін жеңдік. Оның үстіне біздің уақытта кеншілердің айлығы едәуір еді. Сонымен қатар, үлкен аға буын өкілдерінің көп қолдауы да маған зор әсер етті. Олар талай сында жетекшілік етіп, білмеге­німді үйретіп бақты.

– Кеншілер өз еркімен осы мамандықты таңдай ма, жоқ, әлде жалақысы көптігінен келе ме?

– Өз еркімен таңдайды деп айта алмаймын. Бар шығар, бір­ді-екілі жан өзі қалап келген. Алайда, мен өз басым, жалақысы мардымды, атақ-даңқы бар абыройлы жұмыс деп таңдадым. Оны жасырмаймын. Әрине, жұмыс барысында әріптестер арасындағы сый-құрметті адал еңбегің арқылы аласың. Расы керек, біздің кезімізде де жер астында өлім-жітім көп еді. Соны ести-біле тұра, тайсалмай жер астына түсетін өжет жігіттер жетерлік еді. Соны ести-біле тұра, тайсалмай жер астына түсетін өжет жігіттер жетерлік еді. Бұл – батырлық, ме­ніңше.

– Кен орындағы апаттар кө­бінесе неден шығады?

– Апаттың көбін адам жасайды. Жердің де жаны бар. Ол сілкінеді, тітіркенеді. Кеншіліктің тағы бір мамандығы ол үңгушілер. Үлкен қара шойын бұрғымен аядай қапастың қабырғасын бұрғылағанда абайламаймыз. Кей жер сортаң, тез үгілгіш келеді. Сондай жерлер тез қопарылып, үсті астына түседі. Міне, апат осыдан шығады. Оның бәрін бұрғыламас бұрын арнайы мамандардың көмегі арқылы барлап алу қажет. Кенші үшін басты қағида – қауіпсіздік техникасы ережелерін барынша сақтау екендігі естен шыққаны ма?! Ал, қазіргі кеншілер техникаға сенеді де барлау, бақылаусыз тәуекелге көп барады. Бұрын адам қауіпсіздігі басты орында болса, қазір жер астындағы байлыққа жету басты фактор секілді.

– Кеншінің абырой асқары не дер едіңіз?

– Кенші мамандығы – елдің да­мып, гүлденуіне сүбелі үлесін қо­­­­са­тын, өңір экономикасына ерек­­­ше серпін беретін бірден-бір мамандық. Біз кенші атымен сыйлымыз. Әулетімізге де табыс тауып, асырап-баққан демеуші ретінде көрінгенбіз. Әке – әулет­тің діңгегі, табысшысы. Сондық­тан кеншінің абырой асқары – ел мен жерге әкелген толағай табыс, сол табыстың пайдасын, рақатын көру деп білемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Жан АМАНТАЙ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.