Биылғы жылыту маусымында Теміртауда мәселе туындауы мүмкін
Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов биылғы жылыту маусымында олқылық шығу тәуекелі жоғары қалаларды атады, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
– Мұндай тәуекел барлық қалада бар. Бірінші кезекте – былтырғы жылыту маусымында проблема шыққан шаһарлар. Биыл жылыту кезеңі штаттық режимде өтеді деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен ешқандай кепілдік бере алмаймыз. Қазіргі таңда бізді Ақтау қаласындағы жағдай алаңдатады, нақты айтқанда МАЭК бойынша мәселе әлі де бар. Теміртаудағы №2 жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары кешігіп жатыр. Екібастұзда жылыту маусымына дайындық аяқталып қалды. Онда биыл мәселе туындамайды деп ойлаймыз. Ал Риддер қаласына келсек, оған қаражат кеш бөлінді. Қазір жөндеу жүріп жатыр, қыркүйек айының соңына қарай екі қазандық дайын болады деген жоспар бар. Мен атап өткен қалалардағы жағдайды Энергетика министрлігі ерекше бақылауда ұстап отыр, – деді Жандос Нұрмағанбетов БАҚ өкілдерінің сауалына.