Жаңалықтар

Биыл ҰБТ төрт рет өтеді

 Биыл ҰБТ форматы бойынша өзгерістер болмайды. Тек, тестілеу жылына 4 рет: қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізілетін болады. Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов «Facebook» парақшасында бөлісіп, «2019 жылғы ҰБТ -ға қатысты бес маңызды пунктті» атады.

Айта кеткен жөн, пәндердің саны бұрынғыдай 5-еу және тест тапсырмалары – 120, ал, максималды баллдар саны –140. Талапкер әдеттегідей 3 міндетті (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) пәнді тапсырады. Мамандық бойынша 2 салалық пәнді өзі таңдайды.

Вице-министрдің айтуынша, қаңтар, наурыз және тамыздағы ҰБТ-ға қатысқан талапкерге сертификатпен ЖОО-ның тек ақылы бөлімдеріне ғана түсуге құқық беріледі, ал, тестілеуге қатысу ақылы болады. Осы үш тестілеудің нәтижесі бойынша басқа үлгідегі сертификаттар беріледі. Бірақ, олар грант алуға жарамайды.

Егер талапкер мемлекеттік грант алғысы келсе, міндетті түрде маусымда ҰБТ тапсырып, тек соның қорытындысы бойынша ғана грант байқауына қатыса алады. Жоғары балл жинаған кезде ғана бюджет есебінен білім ала алады.

Ақылы бөлімге түсу үшін талапкерлерге төрт ҰБТ-ның біріне қатысып, шекті балл жинаса жеткілікті. Мәселен, талапкер қаңтардағы тестілеуге қатысып, 120 балл жинайды. 1-ші ақпанда ЖОО қабылдау комиссиясына барып, бірден шартты түрде ақылы бөлімге тіркеле алады.

Ал, егер грант алғысы келіп, маусымдағы ҰБТ-ға қатысып 50 балл жинаса, онда ол қаңтардағы 120 балл жинаған сертификатын көрсеткенмен, грантқа үміткер бола алмайды. Грант үшін ҰБТ-ның маусымдағы нәтижесі ғана жарамды болғандықтан, тек ақылы түрде оқуға түсе алады.

Аяулым СОВЕТ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button