РесмиРуханият

Бірлікпен келген береке

Өнеркәсіп — қала экономикасының басты қозғаушы күші. Кеншілер шаһарында 40 шақты кәсіпорын бар. Көш басында «Қазақмысқа» қарайтын «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі тұр. Оның кеніштері шыңыраудан мысқа қажетті шикізат шығарады, демек кен өндіреді. Он айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кенді 7%-ға артық өндірген қуатты комбинат, жыл аяғына дейін оның көлемін 19,4 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Өз кезегінде өзге кәсіпорындар да қала экономикасының кемелденуіне елеулі үлес қосуда. Саланың шағын және орта бизнеспен айналысатын буындары кен-шахта жабдықтары үшін компрессор қондырғысын, шығыршықты тірек, бұрандалы анкер, суда ерімейтін сыр, аккумуляторға арналған тазартылған су, тұрғын үй мен өнеркәсіптік құрылысқа арналған алуан түрлі материал, жеңіл өнеркәсіп бұйымдары мен азық-түлік өндіреді. Серіктестік бағдарламасы аясында қаланың 10 кәсіпорны және «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігімен 33 келісімшарт жасалған. Соның нәтижесінде биыл 29,3 миллиард теңгенің тауары өндіріліп, жұмысы атқарылып, қызметі көрсетіледі деп күтілуде. Жыл басынан бері қала экономикасына 22,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, былтырғыдан 6,6% артты. Биыл 30 инвестициялық жоба жүзеге асты. Қала басшысы Асқар ЫДЫРЫСОВПЕН әңгіме барысында береке бастауы білікті басқару мен бекем бірлікте жатқанын байқадық.

БАСТЫ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ

– Асқар АБЫЛАЙҰЛЫ, биылғы ауыртпалық қоғамда қалыптасқан тыныс-тіршілікке күрт өзгеріс енгізді. Себеп-салдары баршаға белгілі. Індеттің салған осы ылаңы кеншілер қаласына қандай із қалдырды?

– Иә, әлемді әбігерге салған індет кеншілер қаласының «қабырғасына» да қатты батты. Алғашқыда абдырап қалғанымыз рас. Көктемгі карантинде облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың қаладағы бөлімшесінің базасында жасақталған 80 төсектік уақытша шаралар қолдану бөлімшесі болды. Қазір 300 төсектік 3 стационар бар, 21 төсегі жансақтау бөлімінде. Пандемия басталғалы COVID-19 сырқатына шалдыққан 843 адам тіркелді, 770-і сауығып кетті. Біз ақжелеңді абзал жандардың әрбір науқастың өмірі үшін уақытпен санаспай күрескен ерлікпен пара-пар есепсіз еңбегіне бас иеміз. Қазір қалада тұрақты жағдай қалыптасқан, бірақ қауіп-қатер қыр астында тұрғанын естен шығарған емеспіз.

Жалпы, адамзаттың басына төнген қатерге қарамастан жаңаша өмір сүруге, жұмыс істеуге, оқуға бейімделдік. Биыл мөлтек аудандарды абаттандыруға, қаланы көгалдандыруға, жолды асфальттауға, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жөндеуге қатысты көптеген жоба жүзеге асты. Абыз Абайдың мерейтойы құрметіне ақын атындағы көшенің бойынан саяжол ашылып, мүсіні қойылды, қаланың шығыс беткейінде Ұлытау көшесінің бойына бірнеше ойсылқара батысқа қарай бет бұрған «Керуен» мүсіндік композициясы ашылды. Әңгіме орайында, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 17 жоба жүзеге асырылғанын айта кеткен артық болмас. Соның нәтижесінде 800- дей жұмыс орны ашылып, оның жартысында жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жергілікті тұрғындар еңбек етті.

– Сөзді алғашқы сауалдың жалғасы іспетті денсаулық сақтау саласы бағытында сабақтасақ…

– Қалада 9 медициналық мекеме бар, оның үшеуі мемлекеттік: қалалық емхана, орталық аурухана және облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бөлімшесі. Қалалық денсаулық сақтау саласының жұмысы қазір медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға және індеттің ықтимал екінші толқынына байланысты белгіленген дайындық жоспарын жүзеге асыруға бағытталған. Дайындық барысында 3 стационарға жергілікті бюджеттің, «Қазақмыс» корпорациясы мен демеушілердің қаражаты есебінен 19 өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараты, 166 оттегі концентраторы, 152 пульсоксиметр, төсек тұсында тұратын 7 монитор, 20 көпбейінді және 95 медициналық төсек, әртүрлі құрал-жабдық, бактерияны сәулемен жоятын экранды 87 қондырғы және адамды дезинфекциялау жүйесі алынды.

Орталық ауруханада 21 жерге бір орталықтан оттегі беру құрылғысы қойылды. Таяуда қалада «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен тұңғыш компьютерлік томография кабинеті ашылды. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жәрдемімен аурухана цифрлы-рентген аппаратымен жабдықталды. Ауруды жедел анықтау мен емдеуде, асқынып кетуіне жол бермеуде бұл жабдықтың қаншалықты маңызды екені айтпасақ та түсінікті. Сонымен қатар, емхана 4 жедел жәрдем автокөлігін алды. Таяуда тағы төртеуі келді. Жедел жәрдем қызметінде тұрақты 6 бригада бар, үшеуі резервте тұр. Барлық стационарда жеке қорғаныш құралының үш айға жететін қоры жасалған, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген.

Қалада 129 білікті дәрігер, 483 медбике тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде. Салада маман жетіспеушілігін жою бағытында мақсатты жұмыс жүргізілуде. Соңғы бес жылда денсаулық сақшыларының қатары елуден астам жас маманмен толықты, биылдың өзінде 11 дәрігер келді. Барлығына көшу шығыны төленді, баспана берілді. «Қазақмыс» корпорациясы көпқабатты жаңа тұрғын үйден сатып әперген 12 екі бөлмелі пәтерді жас мамандар қызметтік баспана ретінде пайдаланады. Таяуда облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы моноқалалар тұрғындарын сауықтыру жөніндегі ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Кеншілер қаласы бірінші болып пилоттық жобаға енді. Бұл қалада денсаулық сақтау саласының серпінді дамуына оң ықпалын тигізетіні анық. Өйткені, алдағы жылы қаңтарда қолға алынатын, үш жылға есептелген бағдарламада көлемді шаруа қамтылған.

ӘЛЕУЕТ ПЕН ӘЛЕУМЕТ

– Әлеуметтік саладағы ахуал туралы не айтасыз?

– Қалада мүмкіндігі шектеулі 4 562 адам тұрады: І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедек – 4 283, тумысынан жарымжан жасы кәмелетке толмағаны – 279. Мүмкіндігі шектеулі адамды тұратын мекенжайынан жұмысқа, оқу орнына, жергілікті өкілетті және атқарушы органға, әлеуметтік сала нысанына, медицина мекемесіне апарып-әкелетін «инватакси» қызметі бар. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы жүріп-тұруы қиын адамға, сондай-ақ, мүгедекке қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында қалада 49 нысанды төлқұжаттандыру мен икемдеу жүргізілді. Нәтижесінде 35 нысаннан табылған кемшілік қазір толық қалпына келтірілді.

Қала әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі базасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шағын орталық ашылды. Онда бала уақыт өткізіп қана қоймай, медициналық, педагогикалық, психологиялық көмек алады және қоғаммен қоян-қолтық араласуды үйренеді. Шағын орталықтың қызметіне ата-аналар дән риза. Өйткені, мақсатты түрде жүйелі жүргізілген оңалту жұмысының арқасында көп бала тура осы жерде аяғынан тұрып, алғашқы қадамын жасады, дамуында оң өзгеріс байқалады, өзін барынша еркін сезіне бастады. Мұның сыртында көпбалалы отбасы ұдайы назарда. Биылдың өзінде қала әкімдігі, «Қазақмыс» корпорациясы және кәсіпкерлер сондай 45 отбасына үш-төрт бөлмелі пәтер кілтін тапсырды. Жалпы, соңғы екі жылда 96 отбасы қоныс тойын жасады. Сондай-ақ, белгілі бір жеңілдікті пайдаланатын 43 адам жаңа жалдамалы үйден пәтер алды.

Жұмыссыздықты жою бағытында ауқымды іс атқарылды. Биыл он айда 2 674 адам (117%) тұрақты жұмысқа орналастырылды. 36 адам (124%) арнайы курстан өтіп, өзінің кәсібін өзгертті. Әртүрлі қызмет пен көмек көрсетілді. Nur Otan партиясының «Birgemiz» қоры І, ІІ топтағы мүгедекке, мүгедек баласы бар, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасына, ұзын-ырғасы 2 427 адамға 50 мың теңгеден жәрдем жасады. Осы акция аясында қала кәсіпкерлері мен басқа да демеушілер мүмкіндігі шектеулі 180-нен астам адамды азықтүлікпен қамтамасыз етті. Қарттар мен мүгедек балаларға тоқсан сайын және мереке күндерібір мәрте төлемақы беру дағдыға айналған. Жыл басынан бері 232 отбасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 1-ден 6 жасқа дейінгі 289 балаға кепілді әлеуметтік дорба берілді. Ал, Тәуелсіздік күні көпбалалы 1 200 анаға 10 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді, Жаңа жылда 200 мүгедек балаға мерекелік сыйлық әзірлеу жоспарланып отыр.

– Білім беру үдерісі бүгінде қоғамның «бас ауруына» айналды. Бұл қиындық қалада қалай еңсерілуде?

– Әңгімені мектепке дейінгі мекемеденбастасақ, 14 мемлекеттік және бір жекеменшік балабақша мен 8 шағын-орталыққа 3 мыңнан астам бөбек барады. Жасы 3-тен 6-ға дейінгі барлық бала мектепке дейінгі білім берумен толық қамтылған. Былтырғы оқу жылында мектептердегі білім сапасы 61,5% деп бағаланды. 346 түлектің 271-і ҰБТ-ға қатысты. Мектепті 28 бала «Алтын белгімен», 24 бала үздік аттестатпен аяқтады. Биылғы жаңа оқу жылында қала мектептері 11 648 балаға есігін айқара ашты. Барлық мектеп заманауи үлгідегі пән кабинетімен, кең жолақты интернетпен қамтылған. Әр 3,5 оқушыға бір компьютерден келеді, бұл — облыстық көрсеткіштен 1,4 есе артық. Үш тілде білім беруге ұмтылыс бар, 13 мектепте физика, химия, биология, информатика пәні ағылшын тілінде де оқытылады.

Білім беру саласында бүгінде 904 педагог еңбек етеді. Оның 158-і жоғары және бірінші санаттағы мұғалім. Жаңа форматта аттестацияланған мұғалім-зерттеуші – 143 (15,8%), педагог-сарапшы – 171 (18,9%). Жаңа оқу жылында ұстаздар қатарына 34 жас маман қосылды, оның жетеуі үздік дипломмен бітірген. Мұғалімдерді ынталандыру мақсатында жылда қала әкімінің сыйлығы үшін байқау өткізіледі. Биыл ұстаздар күні 6 аталым бойынша үздіктер анықталып, әрқайсына 200 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. «Жыл мұғалімі» атағын алған педагогке 500 мың теңге берілді.

Балаларға кәсіби бағыт-бағдар беруді жандандыру мақсатында «Менің таңдауым» қалалық жобасы жүзеге асырылуда. Бұдан тура бір жыл бұрын, Тәуелсіздік күні қарсаңында «KASIP» кәсіби бағдар беру орталығы ашылды. №23 «Айналайын» бөбекжай мен жалпы білім беретін №25 мектепте «Инклюзивті балабақша – инклюзивті мектеп – инклюзивті колледж» республикалық пилоттық жобасы енгізілген. 6 логобекет бар, соңғысы таяуда №22 «Құлыншақ» балабақшасында ашылды. Биыл 175 моноблок пен 2 интерактивті тақта алынса, келесі жылы мектептердің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту үшін 207 компьютер, бір мультимедиялық-лингафондық кабинет, 2 роботехникалық кабинет, 8 IT-сынып алу жоспарланып отыр.

БИЗНЕС ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА

– Жасыратын несі бар, әлемді әлекке салған індет бизнестің «қабырғасына» қатты батты. Осындай күрделі кезеңде кәсіпкерліктің «қазаны» ортаймау үшін қандай қам-қарекет жасалды?

– Наурыз бен мамыр аралығындағы шектеу кезінде шағын және орта бизнес саласындағы 1 135 кәсіпкер қызметін еріксіз қаңтарып, олар жұмыспен қамтып отырған екі мыңнан астам адамның 1 800-і 42 500 теңгеден өтемақы алды. Көптеген нысан жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған осы кезеңде сауда ойын-сауық орталығы, 25 сауда үйі мен 4 базар басшысымен төтенше жағдай мен карантин кезінде 350 кәсіпкерден алынатын жалдау ақысы мөлшерін азайту мүмкіндігі жөнінде мәмілеге қол жеткіздік. Нәтижесінде 7 нысанда жалдау ақысын төлеу уақытша тоқтатылды, 23 нысан 70-80% азайтты. Қазір қалада 71 адам жұмыс істейтін, бұқаралық іс-шара өтетін 15 қоғамдық тамақтандыру нысаны тәуекел аймағында қалып отыр. Оның жетеуі ғимаратын жалға берсе, басқасы бизнесін басқа бағытқа бұрған. Адамдары бизнестің жаңғыртылып жаңадан ашылған нысандарына жұмысқа орналастырылды. Несиесі бар қырықтан астам кәсіпкердің негізгі қарызы мен үстеме ақысын уақытша тоқтату жөніндегі өтінішін банктер қанағаттандырды.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында да бизнеске қолдау көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 9 жоба жеңілдікке ие болды: кепілдік беруден – 7, субсидиялаудан – 2. Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту жөніндегі «Еңбек» бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыру аясында 7 жоба шағын несиемен қамтылды, сондай-ақ, жеке бизнесін ашуға белсенділік байқатқан бірнеше жұмыссызға, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасына, оралманға жалпы сомасы 50 миллион теңгелік 90 грант (әрқайсы 200 ТЕК) берілді. Жалпы қарашаға дейінгі көрсеткішке қарасақ, шағын және орта бизнес саласында оң өзгеріс байқалады: тіркелген субъект – 2 952, бұл – былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,6% артық, ал, жұмыс істеп тұрғаны – 2 703, бұл – былтырғыдан 3,6% көп.

– Аймақтың аграрлық секторында серпіліс бар деп естідік, оң өзгерістің қыр-сырына қанықтыра кетсеңіз…

– Иә, қала маңайындағы аграрлық секторда 41 шаруа қожалығы, 3 бау-бақша қоғамы, 295 жеке қосалқы шаруашылық бар. Ауыл шаруашылығынан он айда 1 371,5 миллион теңгенің жалпы өнімі алынды, бұл – былтырғы сәйкес мерзімдегіден 10,5% артық. 417,3 тонна ет (110,3%), 1 523,2 тонна сүт (102,0%), 5 045,0 мың дана жұмыртқа (103,9%) өндірілді. Ал, ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 38,4 миллион теңгеге жетіп, өткен жылғымен салыстырғанда 257,9 % болды. Елде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес мал тұқымын асылдандыруға бет бұрғандар да бар. Бірнеше фермер 20 асыл тұқымды бұқа сатып алып, ірі қараны асылдандырумен айналысуда. 8 ауыл шаруашылығы өнімін өндірушіге жалпы сомасы 5 миллион теңгелік қаржылық көмек көрсетілді.

Шаруа қожалықтары былтырдан бастап күн сәулесінен электр қуатын өндіретін қондырғы орнатуға кірісті. Құба-жонда жарыққа қол жеткізудің мұндай таза экологиялық көзі дизель мен насос орнату арқылы сумен жабдықтау мәселесін шешуге елеулі ықпалын тигізуде. Жайылымды суландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның арқасында электр қуатын өндіретін қондырғы орнатуға фермер жұмсаған қаражаттың 80% шығынын үкімет субсидиялайды. Мұндай заманауи технологияны 13 шаруа қожалығы орнатып, фермерлер қазірдің өзінде 32,2 миллион теңге өтемақы алып отыр. «Қарапайым бұйым экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкер Р.Ахтямов таяуда тәулігіне қуаты 5 мың тонна құс етін өңдеуге жететін цех ашпақшы. Сонда жаңадан 50 жұмыс орнын ашумен қатар, Жезқазған аймағы мен қалаға жақын аудандардың жұртшылығын құс етімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Жуырда «Омаров Т.» жеке кәсіпкерлігі қалада тұңғыш рет термо-жылыжайды қатарға қосты. Жоба аясында 7 жұмыс орны ашылды, БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен онда экотехнология (биошірінді алу үшін Калифорния құрты пайдаланылады) қолданылады. Жобаны жүзеге асырудың біздің аймақты дамытуда алатын әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жұртшылықты ауыл шаруашылық өнімінің негізгі түрімен тұрақты қамтамасыз етуге, көкөніс бағасының маусымдық қымбатшылығына жол бермеуге оң ықпал етеді. Кәсіпкер келесі жылы сыйымдылығы 660 тонналық көкөніс қоймасын салып, шаруашылығын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

– Қаныштың қаласы қазір ауқымды құрылыс алаңына айналған. Әңгімені осы тақырыппен түйіндесек…

– Қаланы өркендетудің өзегі — қарқынды қанат жайған құрылыс. Біз соңғы бірнеше жылдан бері тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдық нысандар салуды бәсеңдеткен емеспіз. Кейінгі төрт жылда ғана қала картасында жаңадан екі ауқымды тұрғын аймақ пайда болды: №6 «Нұрлымекен» мөлтек ауданы мен №8 коттедж қалашығы. «Нұрлымекенде» 45 көпқабатты тұрғын үй, жаңадан салынған №9 мектеп, дүкендер мен сауда павильондары орналасқан. 45 үйдің бесеуін кені алынған қауіпті аймақтан тұрғындарды көшіру бағдарламасына сәйкес биыл салдық. Жалпы ауданы 15 мың шаршы метрден асатын бұл бесеуінде 240 пәтер бар.

Биыл №7 мөлтек ауданда жеке инвесторлардың қаржысы есебінен – 60, жергілікті бюджет қаражатына 56 пәтерлік тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Мұнда қазір 320 орындық балабақша мен 4 410 шаршы метр аумақты алып жатқан жаңа Оқушылар сарайының құрылысы жүруде. Жалпы, үстіміздегі жылдың он айында күрделі құрылыста 17 072,9 миллион теңге игерілді. 22 362 шаршы метр баспанада қоныс тойы жасалды, бұл – өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 51,6% артық.

– Барлық сауалға берген байыпты жауабыңыз үшін көп рахмет!

Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button