Жаңалықтар

Бірлік пен достықтың жарасымы

Абай ауданының халқы Наурыз мерекесін ерекше тойлады. Бұлай айтуымыздың себебі, былтырғы жылы күрделі жөндеуден өткен орталық саябақта киіз үй тігіліп, аудан тұрғындары мен қала қонақтары саябақ алаңына көптеп жиналды. Олар күмбірлеген күй мен әуезді ән тыңдап, киіз үйге бас сұғып, «Наурыз-көжеден» дәм татты. Жиналған көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі болды.

Наурыз көже, бауырсақ, палау тегін таратылып, алаңда жүрген адам­дардың бәріне тағам ұсынылды. «Шебер ауылы» алаңындағы киіз үйлерде ұлттық нақышта қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды. Биыл бас қаламыз Астанаға 20 жыл толуына байланысты 20 киіз үй тігілді. Жалпы, аудан бойынша 40-тан астам киіз үй тігілді. Ақшаңқан үйлердің атаулары биылғы жылы мерейтойларын тойланатын еліміздің атақты және біртуар қайраткерлерінің есімдерімен аталды.

Думанда «Құт-береке мейрамы – Наурыз!» атты театрландырылған қойылым ұсынылды. Өнерпаздар ән шырқап, би биледі. Ал, үлкендер төс қағыстырып, жастар алтыбақан тебісті. Ортаға Қыдыр ата келіп, ақ батасын берді. Шараға аудан әкімі Бауыржан Асанов қатысып, барша жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтады.

Бұдан кейін аудан басшылығы ақсақалдармен, этномәдени орталықтар өкілдерімен және жастармен бірлесе отырып шырша отырғызды.

Биылғы жылғы салтанатты шараға қонақ ретінде «Ақнай» тобы шақырылып, аудан халқымен бірге әндерін шырқады. Сол сияқты тұлпарлар мен құмай тазылардың жарысы өткізіліп, киіз үйлердің фестивальдері ұйымдастырылды.

Әр жерде ұлттық ойындар өткізілді. Мереке соңында жеңімпаздар марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button