Приозерск

Бірлік – біздің байрағымыз

Тәуелсіздіктің таңы атқалы бері татулық, бірлік, келісім сынды құндылықтардың маңызы артты. Мемлекетіміздің бағындырған белесі тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында жүзеге асты. Этносаралық келісім бірліктен бастау алады. Қазіргі таңда еліміз татулық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Тағдырдың жазуымен жер аударылған түрлі ұлт өкілдерін шеттетпей, бауырына басқан қазақ халқын «Исток» славян халықтарының этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана ПОПЧЕНКО ерекше құрметтейтіндігін айтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұдырықтай жұмылсақ, алынбайтын қамал болмайтынын, қиындық та артта қалатынын және бір-бірімізге жанашыр болуға, бауырластықты нығайтуға әрдайым үндеп келеді. Сондай-ақ, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болу керектігін айтып, жарқын жолға бастады. Қазақ жеріне жер аударылып келген туыстарымызбен бір үзім нанын бөлісіп, төрінен орын берген қазақтай бауырмал, дарқан, жомарт ел жоқ. Тар заманда тағдыры талқыға түсіп, Қазақстанға қоныс тепкен көп ұлыстың кешегі және бүгінгі буыны қазақ еліне шексіз риза. Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс мекен ететіні мәлім. Солардың барлығына қазақ елі бірдей қарап, мәдениетін дамытып, салт-дәстүрін сақтауға лайықты жағдай жасап отыр. Әр этностың этномәдени орталықтары өңірлерде тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Біздің «Исток» славян халықтарының этно-мәдени қоғамдық бірлестігі де, елдегі салиқалы саясаттың жемісін көріп келеді, – дейді Светлана Попченко.

Бүгінде «Исток» этно-мәдени славян орталығының алға қойған мақсат-міндеттері көп. Соның бірі – ел ішіндегі ынтымақтастықты, Қазақстан халқының береке-бірлігін, этносаралық татулығы мен достығын нығайтуға барынша үлес қосу. Олар этносаралық қатынасқа сызат түсірмей мәдениетін, салтдәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтауға белсене атсалысуда. Орталық құрамында жастар тобы да жұмыс істейді. Сонымен бірге, бірлестік жыл сайынғы дәстүрлі мерекелерді өткізуді де күн тәртібінен қалдырған емес. Қайырымдылық көрсетуде де біршама істерге ұйытқы болуда.

– Біз жыл сайын халық тарихымен таныстыруға бағытталған жұмыстар атқарып келеміз. Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуге, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мақсатында үйірмелер аштық. Сондай-ақ, «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты сыныптан тыс іс-шара өткізіп тұрамыз. Нақты айтқанда, орталық тіл мен мәдениетті дамытуды, этносаралық келісімді сақтау мен жастарды толеранттылық рухында тәрбиелеуді негізгі міндеті санайды, – дейді Светлана Попченко.

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button