Баған

«Біріңді қазақ, бірің дос…»

Алаштың абадан ұлы, әдебиеттің айбынды өкілі Міржақып Дулатұлы «Жігіттерге» деген өлеңін «Көрген мен көрмегенде көп парық бар, Болмайды жігіт жақсы сыннан өтпей» деп бастайды. Иә, көрмей тұрып әр нәрсенің байыбына барып, бағасын беру мүмкін емес. Басынан талай қанды қырғынды өткеріп, зобалаң жылдардың зор күйігінің ащы дәмін татқан қазақ халқының көргені көп еді. Егде адамдардың айтқан әңгімесінен бөлек тарих беттерінде тарау-тарау болып жазылған деректер қаншама?! Орта ғасырлардан бері көз жүгіртсек, Түркі жұрты ішінде соғыс пен ашаршылықты, қуғын-сүргінді Қазақ секілді көп көрген ел жоқ-ау, сірә. Бүгінде санымыз 20 миллионға жетпей тұрғаны, жеріміз байтақ болса да халқымыздың саны кейбір көршілерге қарағанда аз екендігі сол қырғын жылдар мен зарлы замандардың құрбаны болғанының айғағы.

Әлемнің алты құрлығын да айналып өтпеген аса қатерлі індет, жер жүзін жалмаған жаман ауру қазақтың да қабырғасын қайыстырды. Ел-жұрттың ардақтыларын, жақсы мен жайсаңын, жігіттің жампозын жер жастандырды. Техника қарыштап дамып, тетікпен тұтас ғаламды басқаратын уақытта көзге көрінбейтін, қолға ұстамайтын ауадағы вирустан халықтың қырылғаны ата-бабамыздың соғыста жау қолынан қаза тапқандағы найзаның соққысынан да бетер қатты болды. Есеңгіреген елдің амал-айласы таусылды. Бір Алладан басқа арқа сүйері қалмады. Әуелде дәрігерлік ғылымның падишасы болған ғалымдардың, шипагерлердің ойлап тапқан дәрі-дәрмегі де, озық технологиямен жасалған құралдар да шырқыраған шыбын жанға араша бола алмады. Жасы ұлғайып, ағзасы әлсіреген жандардың дені бұл дерттен көз жұмды. Ілгеріде көрмеген сұмдыққа тап болғанын дүниежүзілік қауымдастық пен денсаулық сақтау ұйымдары қаза болғандардың қарасы көбейгенде түсінді.

Жоғарыда Міржақып ақынның айтқанына тоқталып едік. «Болмайды жігіт жақсы сыннан өтпей» деген екен «қазақты оятқан» оғлан. Әңгіме жігіт сынында еразаматтардың ары сыналғаны жайлы емес. Қазақтың елдігі, бірлігі сыналған сәт турасында. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді ғой. Қара ормандай қазақтың басына қасіретті күн туғанда қолындағы барын бөліп берген елді көрдік. Еншісін елден бөлмей, құзғынға ұқсап ауыздағысын астына басып емес, ақсұңқар құстай айналасына шашып жеген ерлердің бар екеніне куә болдық. Аты-жөніңді, ұлтыңды, руыңды сұрамай, ауруханаға сабаға сары қымыз құйып, дорбаға сары майы мен қаймағын қоса салып, етін асып әкелген ауылдағы ағайынның ерлік ісін көрдік. Көзге жас алдық. Жұдырықтай жұмылған жұрттың жақсылығынан жүрек жарылуға шақ қалған еді. Бұл үрдіс кешегі қуғын-сүргін заманында айдауда жүрген «АЛЖИР» әйелдеріне қолында бүтін құртты бөлісіп, жарты құртты жарып берген кеңпейіл, жомарт қазақтың ғасырдан соң қайталаған ерен ерлігі іспетті. Ауылдағы ағайынның қалалардағы, аудан орталықтарындағы ауруханаларға тегін тамақ таратып, қазақтың төрт түлік малдан айырып ішетін асын ауруға шипа болсын деген ақ ниетімен ағыла жеткізгеніне көңіл марқайды, жан семірді. Елдің татулығы сынға түскен шақта қазақ өзін бір адамдай сезінді. Ауадай қажет бірлікті іспен көрсетті. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік» дейтін бабалар өсиеті бар еді ғой. Бірлікті көрсетер шақта бір кісідей бірігуді үлгі еткен қазақ баласының бар екенін бүтін дүние көрді. Алып атырапты мекендеген Алты Алаштың баласының басына бұл күндер енді оралмасын. Ата-баба дәстүріне берік, салтына адал, текті елдің терезесі тең, керегесі кең болғай. Қазақ бірбірін дос көрмесе, істің бәрі бос.

Нұртілеу СИЯЗБАЕВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультеті деканының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button