Жаңалықтар

Бірегей болмыс иесі

Қарсы алдымда ел ағасы жасынан асып, жетпісіңізді алқымдап қалған, бірақ, қарттыққа шалдыра қоймаған, ойы – сергек, бойы – сұңғақ Темағам отыр. Ойлы жанарынан сонау алыста қалған жастықтың жалынын аңғаруға болады. Жетпіске келеді деп ел айтады. Құжаты да солай болса керек. Мен сенбеймін. Не десек те, қарсы алдымда еңсегей бойлы ел ағасы отыр. Сырын ақтарды. Бұрын сырттай білетінмін. Ел басқарғанын. Іскерлігін. Қарапайым халықтың ортасынан оқшауланбаған қарашылдығын. Қызметте қатқыл қабақты болғанын. Талапшылдығын. 25 жасында совхоз директоры болғанын. Жалпы, шаруашылықтың адамы шапшаң, тек қана істің қырын бағып, сырын аша қоймайды ғой. Ал, Темкең темірдей берік тегеуріні бола тұра, жүрегі нәзік секілді. Әйтпесе, мамандығы зоотехник, ғұмыр бойы ат үстінде ала-шапқын қызмет атқарған адамның көңіл көкжиегінен мынадай көркем ой төгіле ме? Зер салып көріңіз…

«Жазмыш… Бұл – жалғандағы жария жолдың нұсқасы. Құпиясы – о дүниеде. Яғни, тірлігіңде маңдайыңа жазылған жария соқпақпен жүріп өтесің де, барғандардың ешқайсысы қайтпаған құпия сүрлеудің азығын даярлайсың. Иә, бескүндік жалғандағы жақсылығың да, жамандығың да – о дүниенің азығы. Жас ұлғайып, қарттықтың қа[1]зығына ат шалдырғалы өткен өмір, шиырлаған тағдыр соқпағыма аңсар көңілмен шолу жасап, парасат патшалығынан ой қорытуды дағдыға айналдырып алдым. Бәлкім, беймаза күндердің бедерлі сәттерінің сәулесі санамда көмескі тартпасын деген пайым болар… Бәлкім, пенделік қанағаттың қазығындағы қанатты мақсаттың ұшқыны… Әйтеуір, ой – сергек, ұйқы – қашақ күндерімнің олжасы осы болса екен деген ой еңбегін қаузауды қолға алдым. Түпкі мақсатым да – айқын». Осы бір ордалы ойдың авторы – ауыл шаруашылығы саласының іскер ұйымдастырушысы, ардагер аға Темірболат Мәжитов.

– Мақалаға қажет болып қалар… Ара-тұра осындай ойларымды қағазға түсіруді дағдыға айналдырдым, – дейді.

«Мақалаға қажет болып қалар» емес, мына ойлар – мақаланың өзі. Шынымен-ақ, Темірболат ағаның бірегей болмысын ашу үшін «пәлен жыл директор болған, пәлен жыл хатшы болған, соңында із қалған, жұт жылы Темкең болмағанда тігерге тұяқ қалмас еді» деп көпірмей-ақ, осы ойларын тізбектеп бере салса да болар еді. Сонда Темірболат ағаның кім екенін жазбай таныр едіңіз… Бірақ, мерейжасқа толып, меманасы тасыған аға туралы екі ауыз жылы сөз арнамасақ, несіне бауырмыз?! …Иә, Темірболат Мәжитұлының екі туған күні бар. Бірі – 1951 жылдың 18 қазаны. Екіншісі – 1952 жылдың 18 наурызы. Алғашқысы – ақиқаты. Екіншісі – құжаттағы. 2002 жылы 50 жасқа толғаннан кейін полигон зардабын тартқан өңір тұрғыны ретінде зейнеткерлікке шықпақшы болып, құжат жинауға кіріседі. Семей қаласының архивінен тиісті құжаттарын алу үшін сапарлап бара жатып, жолдағы «Доғалаң» совхозында тұрып жатқан әкесіне сәлем береді. Әкелі-балалы екеуі әңгімелесіп отыр. Аз-кем ойға шомған әкей ұлының бұл жолғы сапарымның мақсатын білген соң:

– Темірболат балам, мен саған 5 айлық зейнетақы қарыздармын. Сен 1951 жылы 18 қазанда туғансың. Бекболат ағаң екеуіңнің араң 1 жыл 4 ай ғана болды да, «көз тимесін» деген ниетпен сенің туған күніңді 5 айға шегіндіріп, 1952 жылғы 18 наурыз деп жаздырып жіберген едім. Ол кезде заман солай болды. Майдан зардабын тартып, жастай жесір қалған келіншектер бір шикіөкпеге зар болып жүргенде, «Пәленшенің қатыны жылда бала табады» демесін деп, сұқ көзден сақтанған түріміз ғой, – деді. Содан кейін Темірболат аға барған сайын әкесіне:

– Бес айлық зейнетақымды қашан төлейсің? – деп қалжыңдайды екен. Сонымен, менің кейіпкерім Темірболат Мәжитұлы 18 қазан күні 70 жасқа толады. Иә, Темкең дәл осы күні Абыралы ауданы, Сарыапан селолық советі («Ұшқын» колхозы) «Көккөз» деген жерде дүниеге келді. Бұл мекен қазіргі уақытта (Абыралы ауданы тарағаннан кейін) Қарқаралы ауданы, Еңбек ауылына қарасты №3 «Көкшетау» бөлімшесі болып табылады. Бұл – әйгілі Құнанбайдың әкесі Өскенбайға ас берген Көкшетауы. Оны мынадай деректермен дәлелдеп өтуге болады. Белгілі ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбай өзінің «Құнанбай» (Жәбір сұлтаны) атты еңбегінде: «…Тобықтының өз ішінде өтіп жатқан ырғасуларға байланысты әкесінің асын сырт жұртта беруі заңды. Мұндайда ең қолайлы ағайын – нағашы мен қайын жұрт. Құнанбай соңғысын таңдаған. Оның өзінде де кірбіңсіз өтпеген. Бұл жөнінде Б.Сапаралин: «Семей облысы, Абыралы ауданының тұрғыны С.Тәбәріковтің айтып-жеткізуіне сүйенсек, Құнанбай мырза әкесі Өскенбайға ас беретін жерді іргелес ел – Қамбардың Көкшетауын жайдан-жай таңдап алмаған. Ac өткізілерден біршама уақыт бұрын аға сұлтан Құнанбай Қамбар еліне әдейілеп бұйымтайымен бара жатқанда, қарсы алдынан Алшынбай би, Тілеген би, Жапалақ батыр бастаған топ күтіп алуға шығыпты. Кездескен сәттегі есен-саулық барысында қабағы түксиіңкі, оқшаулау тұрған Жапалақ батырды жібітпек оймен Құнанбай мырза оған арнайы сәлем бере бұрылып:

– Е, Жапеке, ағаңның асы қабыл болсын! – депті.

Осы бір ауыз сөзбен ой-мақсатын жеткізіп, әрі көңілдегі бар түйткілді сейілтпек болған Құнанбай мырза есебінен жаңылмапты. Түсі суық Жапекең аталы сөзге дереу тоқталып, райынан қайтып, жөнге көшеді. Және өзіне үлес арта сөйлеген аға сұлтан сөзі қатты әсер еткен бе, асқа 30 жылқыны кешеуілдетпей айдатып жіберіпті», – деп жазады.

Міне, Темірболат ағаның кіндік қаны тамған жері – осындай тарихи сәттердің куәсі болған киелі топырақ. Ұлы Құнанбайдың таңдауы түскен киелі топырақта кіндігі кесілген ұл қалай жаман болсын?! Оқуға зерек, еңбекке алғыр болып ер жетті. Талабы таудай баланың мақсатқа жетуіне әкесі Мәжекең де, Ұлбике анамыз да қарсы болмады. Ресейдің Саратов қаласындағы зооветеринарлық институтты үздік бітіріп, жолдамамен Қарағанды облысына келді. Ол кезде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А.Ермоленко, кадр бөлімінің басшысы А.Сұлтабаев деген кісілер еді. Екеуі бірге қабылдады. Жылы шырай, ыстық ықыласпен қабылдағандарына көңілі көтеріліп қалды. Бірден:

– Қай ауданға барғың келеді? – деп, ерік тізгінін өзіне ұстата салды. Жалындаған жас маман мүмкіндікті мүлт жібермей:

– Өзімнің мектеп бітірген Егіндібұлақ ауданына барсам, – деп қалауын білдірді.

Меселін қайтарай, басшылар келісім берді. Егіндібұлаққа келіп, мамандығы бойынша жұмысқа кірісіп кетті. Бір қызығы, араға 24 жыл салып өзіне өмірлік жолдама берген сол ауыл шаруашылық басқармасына келіп, басшылық жасаймын деп сол кезде ойлады ма?! Жоқ, әрине. Яғни, ешкім өз тағдырын болжай алмайды және ешкім өз тағдырына үстемдік ете алмайды. Қазақы қалпына бала күннен сіңген бабалар қағидасы жанына азық, жолына бағыт болып, бұл да ұлы көшке ілесті. Оқу орнын Ресейден бітіріп және үздік тәмамдап келген маман жерде қалсын ба?! Бір іргелі шаруашылыққа бас маман болып баруға дайын еді. Алайда, Егіндібұлақ ауданы ауыл шаурашылығы басқармасының жолдамасы олай болмады. Бөлімшеге жіберсін. Өзі олқысынып тұрса да, қарсы болмады. Өйткені, өндірістің қыр-сырын меңгеру үшін төменнен бастағаны – өзіне пайдалы. Сөйтіп, шалғайдағы «Қоянды» совхозының №3 «Шоқай» бөлімшесінен бір-ақ шықты. Үйренді. Талпынды. Талаптанды. Ізденіс жеміс беріп, аудан басшылығына назарына іліккен. Көп ұзамай, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына аға зоотехник болып жоғарылады. Тіреп тұрған көкесі болмаса да, тілеуін тілеп тұрған елі бар. Өйткені, кішіпейілдігімен, алғырлығымен елге жағып, басшылық алдында сүйкімі арта бастаған. Осы орайда, Темкеңнің күліп отырып еске алған бір оқиғасын тілге тиек ете кетейік. Темкең небары 25 жасында Егіндібұлақ ауданы, «Арқалық» совхозына директор болып тағайындалады. Басында қарсы болған. «Жаспын» деген. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нарманбет Садықов қарсылығына қарамады. «Барасың. Қолыңнан келеді» деп, кандидатурасын ұсынды да жіберді. Обкомда – екінші хатшының қабылдауында болып, одан әрі Орталық Комитетке барды. Ол кезде совхоз директорларын Орталық Комитет бекітетін-ді…

Орталық Комитеттің ауыл шаруашылығы бойынша хатшысы Ықсан Қоспанов деген азамат екен. Бірден іш тартып:

– Жас екенсің. Дегенмен, жұмысты жігермен атқарсаң, нәтиже болады. Жолың болсын! – деп, жылы қабылдады. Қойын дәптеріне мұның аты-жөнін, басқаруға бара жатқан шаруашылықтың атын, бәрін жазып алды. Не үшін екенін үлкен кабинеттің табалдырығын имене аттаған жас Темірболат қайдан білсін…

Директор болып тағайындалды. Алты айдай уақыт өткенде, бірінші хатшы шақырады. Нарманбет Қожамұратұлы бірден:

– Темірболат, ЦК-дағы Қоспановқа қандай жақындығың бар? Жақындығың болса, неге ертерек айтпадың? – деп, сұрақтың астына алды. Абыржып әрі ыңғайсызданып қалған Темкең: – Аға, ол кісімен ешқандай жақындығым жоқ. Білуімше, ол кісі – Орал жақтың қазағы, а – деп ақталуда.

– Темірболат, мен 20 жылдай бірінші хатшы болып қызмет істеп келе жатырмын. Осы уақытта Орталық Комитеттің лауазымды тұлғасы шалғайдағы ауданға хабарласып, совхоз директорын тапсырғанын бірінші рет көрдім. Қайдан білейін, кеше телефон шалып: «Ана «Арқалық» совхозының директорын байқаңдар. Жас қой, жанып кетпесін. Барынша қамқор болыңдар! – деп қатты тапсырды.

Мүмкін, құдалықтарың бар шығар, – деп, жас директордың уәжіне сеніңкіремей отыр бірінші хатшы.

Мен ойлаймын, бұл оқиға ешқандай құдалық та, ешқандай туысқандық та емес, сол кездегі басшылардың жас маманға деген қамқорлығы деп. Сондай-ақ, жас маманның бойындағы ерекше қабілет пен жалынға айналғалы тұрған ұшқынды үлкен кісілердің жазбай танығаны болса керек. Сол сенім ақталды. Темкең кейін аудан басқарды, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болды. Қарқаралы ауданының әкімдігінен кетерде (1997 ж) аудан халқы митинг ұйымдастырып, облыс әкімінің бұл шешіміне қарсылық білдіріп, «Темірболат Мәжитовті ауданнан ешқайда жібермейміз» деп наразылық танытқанын ел ұмытқан жоқ. .

..Сұхбаттасып ұзақ отырмадық. Мен де таныдым Темірболат ағаны.

– Шырағым, жұмысың көп қой. Уақытыңды құр мақтан әңгімемен өлтірмейін. Өзің бірдеңе қыларсың, а – деген жайсаң аға қолымды қысып, есікке беттеді. Абзал ниетті, бірегей болмысты ағаны шығарып салып, өзі алып келген жазбаларына үңілдім. «Кемелденген шағымның кең өрісті ойлары пенде-ғұмырдың тылсым құпияларын ашуға ұмтылыс танытады. Алайда, әркімнің өз соқпағы болатыны сияқты өз үні, өз пікірі, өз ойы болатыны тағы бар. Өзіме ғана тән тағдыр жолында көңілге түйген көрікті ойларым бәзбіреулерге ділмәрсығандай болып көрінуі де мүмкін. Дегенмен, мансапшыл емес, мақсатшыл болған болмысымда діттегенге жетпей ат суытпайтын әдетіме басып, көптен бері ойда жүрген іс еді деп, артыма із тастаудың қамына құлшына кірісіп кеттім. Қарапайым болмыста кешкен қоңыр тірлігімнің қоржынына байлық емес, ұрпаққа ұлағат болар өнеге жинауымның түпкі мақсатын өзім де енді түсінгендеймін», – деп ой толғайды Темірболат аға.

Бұл ойдың астарында зор мақсат жатқан секілді. Олай болса, жетпістің желкенін керген сергек ағаның жұп-жұмыр жинаққа айналған ой-маржандарымен де қауышып қалармыз… Аман болыңыз, Аға!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button