Бірегей білім ордасындағы бір күн
Биыл еліміздегі «Білім-инновация» лицейлері құрылтайшыларының бірі – «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының құрылғанына – 30 жыл. Осыған орай, қордың білім басқармасы Қазақстан Республикасының «Білім-инновация» лицейлерінде білім мен тәрбие беру саласында жинақталған тәжірибемен бөлісу, жеке тұлғаны дамыту әдістерін жетілдіру және кәсіби байланыстарды кеңейту мақсатында оқу-әдістемелік семинар ұйымдастырды.
Семинар №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының базасында өтті. Оған облыстың барлық мектептерінен ұстаздар келіп қатысты. Атап айтар болсақ, семинарға Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Балқаш қалаларынан және Абай, Шет аудандарынан 130-ға жуық педагог пен директордың орынбасарлары бас қосты. Онда заманауи технология көмегімен оқыту әдістері, баланы үй тапсырмасын өз еркімен еш қадағалаусыз орындауға қалай үйрету керектігі көрсетілді. Бұл туралы Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының кеңесшісі, профессор, Қазақстан Республикасы ұлттық білім академиясының корреспондент-мүшесі Сәбит Қонтаев айтты.
– Біздің шәкірттер, яғни, ұлдар мен қыздар бөлек мектептерде тәлім алады. Өйткені, бұл баланы сабақтан басқаға ден қоюынан сақтайды. 7 сыныптан бастап, біздер балалардың бағыттарын анықтап, оған қай пәннің жақын екенін анықтаймыз. Осы арқылы оның болашақ мамандығын тауып береміз. Қазіргі таңда 100-ден астам лицей түлектері әлі бізбен тығыз байланыста. Жыл сайынғы өтетін оқушылар сайысына немесе басқа қалада өтетін олимпиадаларға балалар апара қалсақ, қаражат жағын сол түлектер демеуші болып, тауып береді. Бұл да – біздің оқу орнымыздың бір ерекшелігі. Түлектер лицейлердің ішкі саясатына, білім беру бағыттарына араласып, өз пікірлерін білдіруге толық құқылы, – деп атап өтті ол.
Ерекшеленген білім беру ордасының жаңаша қырлары расында адамды бейжай қалдырмайды. Мұнда үй тапсырмасын орындау балаға қиындық тудырмайды. Ең басты жетістік те осы дейді ұстаздар. Әр тапсырма заманауи технологиямен тікелей байланысты. Лицей балалары, тіпті, кітаптағы мәтін мазмұнын рөлге бөліп, сомдап та бере алатын көрінеді. «Бастысы – баламен оның деңгейінде тіл табысу» дейді олар.
– 1993 жылы Ақтөбеде алғаш ашылған бұл оқу орнының қазақ баласы үшін маңызы өте зор еді. Бүгінгі таңда 30 жылдық тарихы бар лицейлердің қандай жетістікке жеткені, оның ішкі және сыртқы білім беру жүйелері, ұстаз бен бала арасындағы қарым-қатынастың сипаттары осы шара барысында қамтылмақ. Аталған іс-шара тек қана Қарағанды қаласында емес, еліміз бойынша өтуде. Себебі, еліміздің барлық қаласында 30-дан астам «Білім-инновация» лицейі бар. Олардың оқу-әдістемелік бағдарламалары да бір жүйеде. Алдағы 17 қараша күні қазақстандық «Білім-инновация» лицейлерінің 30 жылдық мерейтойы өтеді. Бұл осы 30 жылғы тәжірибемізбен бөлісу болып табылады, – дейді №2 «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Қанат Игембердиев.
Семинар аясында №1, №2 «Білім-инновация» лицей-интернаттарының мұғалімдері шеберлік сыныптарын, воркшоптар мен сыныптан тыс шаралар өткізіп, педагогикалық тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, шараға қатысқан қала, аудан, ауыл мұғалімдеріне заманауи технология арқылы білім беру дәрістерін көрсетті.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz