Бас тақырыпРуханият

Бірегей бастама, беймәлім хат

Бұған дейін болмаған жоралғы еді. Халық арасында жаппай өріс алған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жарқын көрінісі шығар. Газетіміздің өткен сандарында әлеуметтік желілерде Абай өлеңдерін оқу эстафетасы Алаш даласынан асып, әлемді шарлап жүргенін жазғанбыз. Ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңындағы бұл бастама сәулелі қазақ жастарының арасында жаңаша сипат алып кетті. Яғни, Абай жырын тақылдатып жатқа оқу бар да, оның тереңіне үңіліп, түсініп, түйсіну – өз алдына бөлек әңгіме. Хакімді түсіне алған кім бар?.. Десек те, Абайдың «Болмасаң да, ұқсап бақ» ілімін негізге алған жазушы жерлесіміз Арман Әлменбет бастаған бір топ қазақ жастары әлеуметтік желіде ақынның бір өлеңінің мағынасына үңіліп, мәнін түсіндіріп, талдап жазуды бастап жіберді. Идея авторы Арман жерлесіміз Абайдың бір өлеңін талдап, эстафетаны ақын-жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы мен әдебиетші, сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы һәм бізге жолдаған екен. Біздікі бұрын осы газетте ақпараттық тұрғыда жарияланған болса да, өлеңін талдамай өте шығыппыз. Осы жолы данышпанның беймәлім хатындағы екі шумақ жырды талдап көрдік, төмендегідей шықты. Талдау жазып, біздің редакцияға жолдаймыз десеңіз, мархабат, оқырман!

Хакімнің бұл хаты ешбір еңбегіне енбеген. Былайғы жұртта біле бермейді-ау. Біз абайтанушы ғалым Асан Омаровтың «Абай: ашылмай кеткен қырлары» атты монографиясынан ұшыраттық. Хакім араб қарпінде өзі таңбалаған хатты семейлік ғалым Амантай Исин 1997 жылы Абай мұражайының сирек қорынан тауып алып, «Абай» журналының 1997 жылғы 4-санына жариялағанын айтыпты автор. Жарықтық жазба содан бері Абайдың бірде-бір кітабына енбепті-ау. Ғылыми айналысқа түсіруші Асан Омаровтың аталған еңбегінің өзі 99 данамен ғана шығыпты… Хаттың мән-мағынасын арттырып тұрған – ішіндегі екі шумақ өлең. Баласы Мағашқа арналғанмен, адамзат өмірінің шындығын арқалап тұр қос шумақ. Бұған дейін біз оқулықтардан Балғожа бидің немересіне жазған хатын білуші едік.

«Үміт еткен көзімнің нұры балам,

Жаныңа жәрдем берсін һақ Тағалам.

Атаң мұнда анаңмен есен-аман,

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Сабаққа көңіл берсең, басыларсың.

Ата-анаң, өнер білсең, асырарсың,

Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең, нетер едің?

Қолыңа құрық алып кетер едің

Тентіреп екі ауылдың арасында

Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!» – деп басталатын. Мұны жазып қалдырушы Ыбырай Алтынсарин – сол Балғожа бидің немересі. Қазақ әдебиетінің қоржынын байытып жатқан бұл да бір керемет дүние.

Ал, Абай баласына жазған мына хатының мағынасы бұдан тереңірек. Мазмұны мынау: «Дұғай сәлем ғизатлу уә һәм һүрматлу Мағашқа жетіп мағлұм болсын-ки. Үй ішіне менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бәкеңнен айдатып жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп жатыр. Шаһкәрімге сатарлық (бұл сөз түгел сызып тасталған – А.О.) һәм сәлем айтыңдар, ол да келсін.

Ой жүгіртіп қарашы, Мағаш бала,

Сан дегенің тоғыз-ақ, бірден сана.

Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды,

Единица сыфат деп біл тек қана.

Көп білгенге көп надан болады қас,

Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас.

Бәйтерек те күндейді көлеңкесін

Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.

Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым. Амандықта ағаңыз Абай. Семей. 1896 жылдың…»

Өлеңнің бірінші жолы қаратпа сөз делік. Екінші жолдың мәні төртінші жолда бір-ақ ашылады. Яғни, бірден бастап есептегенде тоғыз сан бар. Тоғыз бірлік. Олардың кез келгенінің соңына қанша нөлді тіркесеңіз – соғұрлым көбейіп, шексіз өсіп-өніп кете береді. Ал, нөлдерді алдына тізбелесеңіз, әлгі сан сол күйі қалады. Алдында бір немесе әлгі тоғыз санның басқа біреуі тұрмаса, «құм жиылып тас болмайды» деген сөз. Оны хакім «Единица кеткенде, не болады өңкей нөл?!» деп «Сәулең болса кеудеңде» атты өлеңінде де айтады. Яғни, әлгі тоғыз бірліктің әрқайсы бір-бір тұлға. Көсем, көшбасшы, кемеңгер деген сөз. Математика амалындағыдай, ойдағы бірін артқа қалдырып, өзі екінші жақта ойлай да, ойнай да білетін, алды-артын шамалап, «жүрек, қайрат, ақылды бірдей ұстай алатын» – Абайдың өзі айтқан «Толық адамы». Бірақ, соңынан көп (халық) ермесе, бұлардың да ісі өнбейді екен. «Жалғыздың үні шықпас» демей ме қазақ?! Халық болмаса көсемнің, көсем болмаса, халықтың күні қараң, демек. Бір-біріне септесіп тіршілік етпесе, тобыр – тобыр күйі, көсем – көсем күйі қала бермек.

«Единица – жақсысы,

Ерген елі бейне нөл.

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болар сол.

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл?» – дейді 1888 жылы жазған «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде.

Халық өз бетімен күн көре береді, алайда, дамып, жетілуі үшін «единица» керек. Ал, алқалаған әлеумет болмаса, көсем кімге көшбасшылық қылғандай?! Сондықтан, «единица» (тұлға) – халықтың көшін түзейтін бет-бейнесі (единица сыпат деп біл тек қана).

Көп білгенге көп надан болады қас,

Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас.

Бәйтерек те күндейді көлеңкесін

Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.

Екінші шумақтың бірінші, екінші жолы тура мағынасында сөйлеп тұр. «Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас» деген жол – надан адам бар мен жоқты (жақсы мен жаманды десе де болады) айыра алмайды дегенді білдіреді» депті Асан Омаров. Ғылымы артық, дүние сырын көп біліп, анығырақ сезінетін сәулелі жанға жақсылық пен жамандықты ажырата білмес көкірегі соқырдың қас келетіні белгілі. Бұл надан да көптің ішінде болғандықтан, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Өлеңнің сиқыры, сөздің қапысы осы екінші шумақтың үшінші, төртінші жолына жасырылған. Бәйтерек бетімен өзінің көлеңкесін күндегені қалай? Алдыңғы шумақта тоғызға дейінгі сандар мен нөлді – тұлға мен халық жайын сөйлеген ақын екінші шумақта басқа ойға ойысып кетті ме? Жоқ! Керісінше, әлгі саялы бәйтерек тұлға болғанда, соңындағы ел соның көлең- кесі екен ғой. Көлеңкесі өзінен үлкен. Күндемей қайтсін? Бәйтеректен ұзарып кеткеніне көлеңке де кінәлі емес. Табиғи құбылыс. Айналып келгенде, жалған, өтпелі дүниедегі адамзат баласының пендеуи күйкілігінен туған бәрібір бір баянсыздықты меңзеп тұр соңында. «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек…» демей ме хакімнің өзі?!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button