Жаңалықтар

Бір мезгілде еліміздің барлық мектеп, колледждерінде қазақ күйлері орындалады

17 наурыз күні барлық білім ұйымында елорда уақыты бойынша сағат 12:00-де «Наурыз мейрамы» ұлттық челленджі өтеді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Аман Сейтов айтты.

Департамент басшысының айтуынша, шара білім алушыларды ұлттық рух пен отан сүйгіштікке тәрбиелеуге, елдің мәдени мұрасын сақтап, балалар арасында ұлттық музыкалық аспапты насихаттауға бағытталған.

– Домбырашылар челленджі-балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкалық өнер саласындағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу. Оған барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Мұндай челлендж оқушылар арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Осы жұма күні еліміздің барлық білім беру ұйымдарында бір уақытта домбыраның қоңыр үні күмбірлейтін болады. Бұл республиканың мәдени өміріндегі ерекше оқиға,— дейді Аман Сейтов.

Айта кетейік, биыл еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде Наурыз мейрамы 10-17 наурыз аралығында өтеді.

Бұл күндері жалпы республикалық «Таза табиғат» акциясы, «Жасыл үй» челленджі, «Қайырымды ұлт», «Қолөнершілер жәрмеңкесі» қайырымдылық акциялары, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар фестивалі, «Наурыз – ұлыстың ұлы күні» атты сурет байқауы және «Отбасы – бақыт мекені» отбасылық жарыс басталады.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде #Наурызмейрамы #Наурызкүйі хэштегімен флешмобтар мен челлендждер өткізу жоспарланған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button