Бас тақырыпҚазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

“Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы…”

Білте шамның жарығы әйнектен болар-болмас сығырайып көрінеді. Үй іші күңгірт. Жер үстелде жас жеткіншек сабақ оқып отыр. Самай шашы жаулығының астынан дудыраған әйел адам қызу жұмыс үстінде. Бір қарағанда ермексазбен ойнап отырған баланың ісі секілді. Бірақ, олай емес. Іргелес Қарағайлы кен байыту фабрикасынан әкелген парафиннен майшам жасап отыр екен. Сол бір электр жарығы жоқ тұста парафиннің де дәуірі жүріп еді…

Ықылым заманнан қазақтың қарашаңырағы саналған ауыл талай «тар жолда тайғақ кешті». Нарық кезеңіндегі өтпелі уақыт біраз ауылдың шаңырағын шайқалтты. Сол кездерде қалаға үдере көшу белең алды. Тіпті жылдап жарық болмай, электр бағандары отын мен құрылысқа, сымдары металға кетіп жатты. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттар қат болып, бағасы шарықтап кетті. Анамның 20 дана кір сабынды 1 қойға алғаны есімде. Еңбекақының орнына мал таратылды. Ел үкіметтен үлесін техника, малмен алды. Құнсыздану үрдісі үздіксіз жүріп жатты. Әрине, бұл алыпсатарлар үшін тиімді де болды. Бұл жайттар қазіргі өскелең ұрпақ үшін аңыз іспеттес. Бірақ дәл осындай уақыттардың болғаны шындық. Сол кездері барынан айырылған ауылдың жағдайы аянышты еді. Тіпті ірі ауылдар сатылып, бірнеше басқарушыларға берілді. Қаншама техника, мал-мүлік ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. «Мың өліп, мың тірілген қазақ» үшін бұл да бір сынақ болды. Алайда, алдағы жарқын күндерден үмітін үзбеген ел адамдары ауылда тұрақтап, қолда бар азын-аулақ малын күйттеді. «Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, бір жақсылықтың боларын іші сезген халықтың басым көпшілігі ауылда тұрақтап қалды. Сол бір қиын кезеңдерден ауылдарды алып шығу мақсатында, ауылды көтеруге арналған түрлі бағдарламалар қабылданып, қомақты қаражат қарастырыла бастады. «Ауыл жылымен» басталған жақсы леп «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына ұласты. Электр бағандары тартылып, жарық берілді. «Ақ бұлақ» ауыз су бағдарламасы аясында тұрғындар таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Осы орайда, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да ауылдың әлеуметтік әлеуетінің жақсаруына едәуір ықпал еткенін айта кету керек. Ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалар сай-саланы малға толтырып қана қоймай, ауыл халқының санын да арттырды. Баяғы базары оралмаса да, ауылдың тамырына қан жүргірді.

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен туған жерге ат басын бұрдым. Қазір мәдениет үйінде ұйымдастырушы болып жұмыс жасаймын. Бағдарламаның барлық игілігін көрдім десем де болады. Оның үстіне қаладан ауылға еңбек етемін деп жауапкершілікпен келгеннен кейін ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араласып кеттім. Әрі былтырғы жылы жұбайыммен ақылдаса отырып, балалар үйінен 6 баланы бауырымызға бастық. Ауылдың өркендеуіне атсалысып, сауапты істен құр қалмай, ауыл тұрғындарының санын арттыруды көздедік, – дейді, Қарқаралы ауданы, Қоянды ауылының тұрғыны Ботахан Мәтелов.

– Ол кездегі жағдай шынымен қиын болды. Кеңшардың әкімі деген атымыз ғана бар. Қолда түк жоқ. Қалған техника мен малға ие болып қана отырдық қой. Жұмыссыз шулаған ел. Әкімге келгенімен, ол несін береді. Алашағы болса, қағаз жазып, ферма меңгерушісіне жібереді. Сол жерден келгенше малын алады. Қазіргі әкімдерге рахат қой. Өздерінің жеке қаражаты бар. Ауыл өркендеп келеді. Жалпы, кез келген шаруаның ыңғайы басшысының пейіліне байланысты. Егер халықпен тіл табысып жұмыс жасаса, қолдайды. Әр ауылда ең аз дегенде 10 фермер бар. Солар-ақ, ауылдың кем-кетігін түгендеп отыр. Сұратқан қаражатты беріп отыр үкімет. Қазір халық өзін-өзі еңбекпен қамтуға бейіл. Бірі вахтамен жұмыс жасаса, екіншілері сауда-саттығын жүргізеді. Мектептің қазандығын жағуға кісі табылмайды қазір, – дейді, кезінде лауазымды қызметтерде болған Жеңіс Әпсаттаров.

Жаны бар сөз. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Бүгінде ауыл халқының тұрмысы қаламен теңесіп келеді. Бұрынғыдай парафин илеген адам жоқ. Тіпті қыстақтардың өзінде күннен қуат алатын қондырғылар қойылған. Интернет желісі де ұстап тұр. Ауыл ішін жарықтандыру, абаттандыру, жолдарын жөндеуге арналған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы осындай түйткілді мәселелердің шешілуіне сүбелі үлес қосуда. Халық санына қарай білім беру және денсаулық сақтау мекемелері де жұмыс жасап жатыр. Материалдық-техникалық базасы жетілдірілген. Бұрынғыдай әлеуметтік жәрдемақы алушылардың да қатары сиреген. «Ауылда жұмыс жоқ», «Ауыл қалып барады» деп байбалам салудың қажеті жоқ. Ауылға жергілікті жердің халқы мен басшылары жауапты. Берілген қаражатты мақсатты игерумен қатар бақылауда ұстау секілді екі жақты жұмыс қашанда жемісті. Тек елге жаны ашитын адал басшы болса болғаны. Егер жұмыс дұрыс жүрсе, ауыл халқы қашанда жақсы істің жаршысы бола біледі. Ауыл халқының көңілі даласындай дархан, пейілі ақ дастарханындай кең. Қаланың күйбең тірлігінен ада, ауылдың мамыражай тірлігі ғажап қой, шіркін…

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button