Жаңалықтар

Бір адамға жұмсалатын шығын – 1,1 АҚШ доллары

Биылғы санақ 2009 жылғы санаққа қарағанда 2,6 есе арзан. Себебі, қазақстандықтар Ұлттық санақ сұрақтарына онлайн жауап бере алса, интервьюерлер заманауи техникаларды, яғни, планшеттерді қолданады.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, 2018 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде халық санағын жүргізуге бюджеттен 9,1 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде санақ қызметкерлерінің қызметіне ақы төлеуге бөленетін қаржы көлемі – 4,7 млрд. теңге. Осы кезеңде 32 313 адам жұмысқа орналастырылады.

Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2009 жылғы халық санағы кезінде бір адамға жұмсалатын шығын 2,9 АҚШ доллары болса, 2021 жылы – 1,1 АҚШ доллары. Шығындардың төмендеуі цифрлық технологияларды енгізумен және халық санағы бойынша деректерді жинау процесін автоматтандырумен байланысты. Ол үшін 1,1 млрд. теңгеге қуаттау құрылғылары мен тысқаптары бар 27 412 планшет сатып алынған. Санақ аяқталғаннан кейін бұл планшеттер мүдделі мемлекеттік органдарға беріледі.

Сондай-ақ, 19 млн. халықтың санағын жүргізуден үшін ешкім де, ешқандай елдімекен де шет қалмайды. Интервьюерлер үлкен қалалардан бастап, шалғай елдімекендерге дейін түгел аралайды. Ол үшін алдын ала жергілікті әкімдіктермен келіссөздер жүргізілген. Нұрболат Айдапкелов санақ жүргізетін қызметкерлердің қоғамдық көлікте де тегін қатынайтынын айтады.

Ауылдық жерлерде өз ауылында тұратын азаматтарды жұмысқа шақырамыз. Одан бөлек, әр ауданда статистика органдары бар. Солардың көмегіне жүгінеміз, керек болса, арнайы көліктерді жалға аламыз, – дейді бюро басшысы.

Жалпы, тұрғындар туралы нақты деректер алу үшін санақ барысында мемлекеттік органдардың базалары да пайдаланылады. Бірақ, бұл халықтың нақты санын ғана емес, сондай-ақ, әр адамның білім деңгейін, тілдерді білуін, неке жағдайын, отбасы құрамын, одан бөлек, еңбек мәселелеріне, табыс көздеріне қатысты аспектілер сапалы мәліметтер алуды көздейтін санақ нәтижесі үшін қажетті ақпарат алу үшін жеткіліксіз.

Қолдағы ақпарат толық емес. Бізде ғана емес, әлем бойынша санақ осы мақсатта жүргізіледі, яғни, санақ нәтижесінде халықтың нақты жай-күйі, демографиялық, экономикалық жағдайына талдау жасалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға әлеуметтік бағдарламаларды жасау және өңірді дамыту мәселелерінде көп көмек болады, – дейді Нұрболат Айдапкелов.

Сайып келгенде, Ұлттық халық санағын өткізудің негізгі мақсаты – санақ нәтижесінде еліміздің әр тұрғынының тыныстіршілігін жеңілдету.

Басқа материалдар

Back to top button