Бас тақырып

Білім сапасы: ауыл мен қалада алшақтық бар ма?

Осы күні елдегі білім мен ғылым саласын алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – ауылдық елді мекендердегі білім сапасы. Жасыратыны жоқ, бүгінгі ауыл мұғалімдеріне таудай талап қоя алмаймыз. Себебі, маман тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспей, бір ұстаз бірнеше пәннен сабақ беріп жүргенде білім сапасындағы салғырттық туралы айтып жатудың өзі артық. Қашанғы осылай бола бермек? Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ республикалық Тамыз кеңесінде көтерген болатын. Сонымен…

Алтын бесік деп ардақтағанымызбен, қаланың қызыл-жасылына көз қанықтырып, бой үйреткен жастар осы күні туған топырағына оралуға асығар емес. Табан етін тоздырып, маңдай терін төгіп жиған білімін өскен өңірдің игілігіне жұмсауға құлықсыз. Неге? Қала жұртының қаңсығы ауыл жастарына таңсық па? Бек мүмкін. Осы сауалға бір емес, бірнеше фактор өзек болып отырғаны аян. Бұл ең алдымен, әлгі алтын бесіктегі игілігі жетіп болмаған инфрақұрылым мәселесі. Шаһарлардағы орталықтандырылған бір ғана газ, жылу, ауызсу, кәріз жүйелерінің өзі адам тұрмысын жеңілдетіп жіберген жоқ па? Ал, жаңа ғасырдың осы жақсылығы барлық ауылға жете бермегені айтпаса да белгілі жайт.

Осы олқылықтың орнын толтырмақ мақсатта республика көлемінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынғаны белгілі. Оның түпкі мақсаты да осы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға негізделген. Алайда, бұл бағдарлама ауылдардағы білім сапасын жақсарту мәселесін айналып өтетіні өкінішті. Себебі, Президент саясатының ұстанымы – ауыл мен қаладағы білім сапасының алшақтығын жою емес пе?

  • Білім сапасындағы теңсіздікті жоюымыз қажет. Бұл мәселе көптеген дамыған елдер үшін өзекті және тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тығыз байланысты. Елімізде қаладағы һәм ауылдағы балалардың білім деңгейі арасында айырмашылық болмауы тиіс. Білім стандарты біртұтас болуы шарт. Осы мәселе білім бағдарламасына да тікелей қатысты. Барлық балалар тұрғылықты жеріне және ата-аналарының әлеуметтік мәртебесіне қарамай, сапалы білімге қол жеткізулері тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз кеңесінде.

Өз кезегінде, Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке арнайы әлеуметтік бағдарламаны қолданысқа енгізуді тапсырған болатын. Аталған бағдарлама табысы төмен отбасы балаларының немесе қиын әлеуметтік жағдайда төмен көрсеткіш танытып жатқан мектеп оқушыларын анықтайтын болады.

Президент бұл мәселеге жергілікті атқарушы билік өкілдері де баса назар аударуы қажеттігін алға тартты. Балаларға қолайлы жағдай жасау – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екенін жеткізді.

  • Ауылдық елді мекендердегі шағын жинақты мектептерде бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беріп жүрген кезде білім сапасы турасында айтып жатудың не керегі бар? Аймақ әкімдеріне облыс аумағында орналасқан мектептерге ең үздік менеджерлер мен педагогтерді тарту үшін грант бөлуді тапсырамын. Білім – стратегиялық сала. Тіпті, экономика саласы деуге болады. Сондықтан, бұл сала жіті назар аудару мен ауқымды қаржы бөлуді қажет етеді. Мемлекет пен аймақтардың тұрақты дамуын осылай ғана қамтуға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Яғни, Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, әкімдер жоғары оқу орындарына жеке грант бөліп, кейін түлектерді жер-жерде жұмысқа орналастырудың тиімді жүйесін құрулары қажет. Себебі, қазіргі заманда білім мен адамның дамуына тартылған инвестиция ұзақмерзімді және тұрақты экономикалық өсімнің кілті саналады. Адам капиталына негізделген бұл инвестицияның болашағы мен берері де зор.

Қай отандасымыз болсын, отбасы қаражатын сарқып, балаларына сапалы білім беруге тырысады. Көштен қалмасын дейді. Ол да жасырын жағдай емес. Бұл ретте, мемлекет тарапынан да қолдау болса, келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болатынына шәк келтірмейміз.

  • Ауыл мұғалімдеріне, оқушылары мен түлектеріне көңіл бөлінуі – елдегі жалпы білім сапасының артуына жасалған қадам деп білемін. Қаладағы мұғалімдермен қатар, ауылдағы мұғалімдер де еңбек етеді. Оларды ізденбей, талпынбай жатыр деуге болмайды. Біліктілікті арттыру курстарына қатысып, шеберлігін шыңдайды. Десек те, білім деңгейі сапалы болуы үшін мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі қажеттігі – айтпаса да белгілі жайт. Сондықтан, Мемлекет басшысының бұл бастамасын мен де құптаймын, – дейді ауыл мектебінде еңбек ететін Мархабат есімді мұғалім.

Рауан ҚАБИДОЛДА

Басқа материалдар

Back to top button