Бас тақырыпБілім

Білім саласындағы басымдық

Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген кеңес отырысында аймақтағы білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттары және алдағы оқу жылына арналған жоспар талқыланды. Онда балабақшаларда орын санын көбейту, орта білімнің жетістігі, инклюзивті білім беруді дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру, мұғалім тапшылығын жою және білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қамтылды.

 Балабақша тапшылығы жойылады

– Облыста білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз ету және жайлы жағдай жасау – аса маңызды шара. Осы салада инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс жасалуда. Биыл жаңадан 2 мектепке және 5 мектепке қосымша ғимарат, екі спортзал құрылысы аяқталуда. «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңадан 11 мектептің құрылысы басталды. Алдағы екі жылда 18 заманауи мектеп ашылады. Облыс орталығында Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Биыл 115 нысанға 5,5 млрд. теңге көлеміндегі қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. 17 іргелес қазандық қауіпсіз жерге шығарылды, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Кеңес отырысында өткен оқу жылының қорытындысы және жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттер туралы облыстың білім басқармасы басшысы Гүлсім Қожахметова баяндап берді.

Өңірде мектепке дейінгі білім беру саласында жыл соңына дейін 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтуды 79,5 пайыздан 82,6 пайызға де­йін ұлғайту көзделген. Аймақта балабақшаларда 38 мыңға жуық орын, 411 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Биыл 10 мектепке дейінгі ұйымда 2320 орын ашу жоспарланған. Қазірдің өзінде 1379 орын ашылыпты.

– Балабақшалар желісі көбінесе жеке инвестицияларды тарту есебінен дамып отыр. Соңғы 10 жылда ашылған жаңа орындардың 97,6 пайызы жекеменшік ұйым есебінде. Шет, Бұқар жырау аудандарының білім бөлімдері жеке инвестицияны тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Жыл сайын жаңа мектепке дейінгі ұйымдар ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтуда. Осы жылы 230 жаңа орын және 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Біз жеке инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жалғастырамыз, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, 2024 жылы жеке инвестордың есебінен 140 орындық балабақша, Қарағанды, Приозерск қалаларында мемлекеттік балабақшалар салу жұмысы басталғаны айтылды. Балқашта бұрынғы емхана ғимараты орны босап, 280 орындық балабақшаға айналған.

Облыста мектепке дейінгі ұйымдарға бара алмайтын балалардың ата-аналарына көмек беруге арналған 102 консультациялық пункт жұмыс істейді, оның 28-і биылғы оқу жылында ашылған. Басқарма басшысы Гүлсім Қожахметова келесі жылы тағы 22 консультациялық пункт ашылатынын айтты.

Педагогика және медицина – түлектер көп таңдаған сала

Сондай-ақ, оқушыларға ерте жастан кәсіптік бағдар беру мәселесі де қалыс қалмады. Бүгінде облыстың 30 инновация­лық мектебінде болашақ дәрігерлер мен мұғалімдер даярлайтын медициналық және педагогикалық сыныптар жұмыс істейді. Бұл оқушыларды ерте кәсіптік бағдарлау­ға бағытталған «Медицинаға қадам» және «Педагогикалық сынып» жобасы аясында мүмкін болып отыр. Оның қатысушылары бейінді колледждермен және жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс жасайды.

Нәтижесі де айтарлықтай. Гүлсім Қожахметованың айтуынша, биыл 9 және 11 сынып бітірген 178 түлек педагогикалық мамандықтарға оқуға түскен. Оның 130-ы білім грантына ие болды. Ал, 57 түлек медициналық мамандыққа түскен, оның 33-і білім грантымен оқиды.

– «Дарын» облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 21 түлегі педагогикалық мамандықты таңдап, білім грантына ие болған. Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі мен М.Жұмабаев гимназиясының 15 түлегі медициналық мамандықтарды таңдады, оның 11-і грантқа түсті, – деді білім басқармасының басшысы Гүлсім Шабданқызы.

Жиын барысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін білім беру қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар да айтылды. Бұл екі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олар – арнайы білім беруді дамыту және инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау.

Күні кеше Саран қаласында түзету кабинеті өз жұмысын бастады. Жаңа оқу жылында Теміртауда екі арнайы балабақшада қосымша топтар ашылды. Оқу жылының соңына дейін Қарағандыда тағы бір ПМПК ашылады. Бұл ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін арнайы түзету көмегін қамту және кезекті азайту мақсатында жасалып отыр.

– Мектептер базасында облыстық 1 ресурстық орталық, «Болашақ» корпоративті әдістемелік сүйемелдеуімен 6 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс жасауда. Бұл – жеткіліксіз. Инклюзияны қолдау кабинеттері барлық мектептерде жұмыс жасауы тиіс. Сондықтан, біз Оқу-ағарту министрлігімен және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесе жұмыс атқарудамыз. Жыл соңына дейін қордың арнайы білім беру ұйымдарын жарақтандыру жөніндегі бағдарламасы аясында «Қазақстан халқына» қоры 294 млн. теңге көлемінде қаражат бөліп, облыстың 9 арнайы мектеп кабинеттерін жабдықтайтын болады, – деді Гүлсім Қожахметова.

Колледждер сұранысқа ие мамандықтарға оқытады

Ал, колледждерде еңбек нары­ғында сұранысқа ие жаңа мамандар оқытылуда. Биыл қосымша 8 мамандық пен 9 біліктілік ашылды. Мысалы, Шахтинск технологиялық колледжінде өнеркәсіпшілердің тапсырысы бойынша жаңадан «Полимер бұйымдарын дайындау технологиясы» мамандығы ашылды.

Бүгінде облыстың 54 коллед­жінің 42-сінде дуальды оқыту енгізілген. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жүйені одан әрі дамытуды тапсырды. Дуальды оқытумен бүгінде 6425 колледж студенті қамтылған. Кәсіпорындардың сұранысы аясында мақсатты оқыту бағдарламасымен қазіргі таңда 207 студент оқып жатыр. Биыл 250 студент қамтылады.

Қарағанды тамақтану және сервис колледжінде шағын нау­байхана ашылады. Студенттер арасында кәсіпкерлік дағдыларды дамыту және колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жасалған.

Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Бауыржан Хусаинов қатысып, облыстың білім басқармасымен аталмыш салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілгенін, талдау нәтижесі бойынша жалақы қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемалары анықталғанын баяндады.

– Сыбайлас жемқорлық педагогтерді әлеуметтік қолдау барысындағы барлық мемлекеттік шараларға тосқауыл болып отыр. Жалпы алғанда, 102 млн. теңге соманы құрайтын 12 жымқыру фактісі орын алды, қазіргі таңда 77 млн. теңге қайтарылды. Бұл фактілер мектептегі бухгалтерлік есеп жүйелерімен Оқу-ағарту министрлігі және Қазынашылық комитетінің арасындағы байланыстың болмауынан туындаған. Білім саласына қатысты көрсетілген мәселелерді түбегейлі өзгерту үшін, жергілікті деңгейден бастап, барлық бюджеттік процестерді ав­томаттандыруды толық қамтамасыз ету қажет. Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында, құқықтық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін жүзеге асыру үшін жол картасы қабылданды. Аталмыш шараларды бірлесе орындау білім жүйесіндегі жемқорлық көрініс­терін жоюға және бюджет қаражатын жымқыруға жол бермеуге септігін тигізеді, – деді Бауыржан Хусаинов.

39 маман педагогикалық қайта даярлаудан өткен

Ауыл мектептерінде мұғалім тапшылығын жою – өте өзекті мәселе.

«Мамандыққа бүйірлік кіру» («Боковой вход в профессию») жобасы туралы айтылды. Жоба жоғары білімі бар, бірақ педагогикалық білімі жоқ адамдарды мектептерге жұмыс істеуге және сабақ беру үшін қайта даярлауға арналған. Биылғы түлектер арасында Қарағанды өңірінен үш адам бар.

«Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының директоры Гүлнара Сәлменова «Мамандыққа бүйірлік кіру» жобасы әлеуметтік жоба екенін, ол бизнес саласынан демеушілік ақшаға іске асырылып жатқанын айтты.

– Жоба ауыл мен қала мектептері арасындағы теңсіздікті жоюға бағытталған. Яғни, өңірлердің, елдің және шетел жоғары оқу орындарының түлектерін білім беру жүйесіне әкелуді көздейді. Жоба өткен жылы басталып, білім беру жүйесіне 40-қа жуық қатысушыны әкелді, – деді Гүлнара Исламбекқызы.

Жобаға іріктеу жүйесі көп са­тылы. Оның өз сайты бар, сол арқылы қатысуға өтініш беруге болады. Гүлнара Сәлменованың айтуынша, іріктеудің барлық кезеңдерінен кейін 39 адам ғана педагогикалық қайта даярлаудан өткені туралы сертификат алған.

– Қайта даярлау аяқталғаннан кейін біз қатысушылардың ауылдық жерлерге көшуін және жұмыс орнын алдын ала дайындаймыз, ал білім беру бағдарламалары Ғылым және жоғары білім министрлігінің талаптарына сәйкес құрастырылады. Осы жазда Алматыдағы Сүлейман Демирель университетінің базасында жазғы институт өтті. Біз сабақ жоспарлау, сыныпты басқару, оқушылардың жұмысын бағалауды үйреттік. Жазғы балалар лагері де болды. Жобаға қатысушылар Алматы облысының ауыл балаларымен жұмыс істеді, – деді Гүлнара Исламбекқызы.

Қазір жобаның 33 қатысушысы ауыл және моноқалалардың мектептеріне жұмысқа орналасты­рылды. Олар 1 қыркүйектен бастап жұмыс істеуге дайын, ал кейбіреулері ауылдарға көшіп кеткен. Биылғы бағдарлама мамыр айынан бастап Сүлейман Демирель университетімен бірге. Қайта даярлау туралы сертификатты аталған университет береді. Сондай-ақ, «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының директоры Гүлнара Сәлменова Қарағанды облысымен осы бағытта ынтымақтас­тық жалғасатынын атап өтті.

Кеңес отырысында Ермағанбет Бөлекпаев білім саласының барлық деңгейіндегі шешілуі тиіс маңызды мәселелерді атап, бірқатар тапсырмалар берді. Мәселен, балабақшаларда орын санын көбейту, әсіресе, жаңадан салынған тұрғын үйлердің бірінші қабатында мектепке дейінгі ұйымдар ашу жоспарын жүзеге асыру жөнінде айтты. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында студенттерді жастар кәсіпкерлігіне көбірек жұмылдыру қажеттігін алға тартты.

– Колледж базасында көбірек бизнес-инкубаторлар ашу қажет. «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында кадрлармен қамтамасыз ету бойынша өңірлік стандартты әзірлеуді аяқтаңыздар, – деп атап өтті өңір басшысы.

Жиын соңында Ермағанбет Бө­лекпаев ауылдық мектептерде еңбек жолын енді бастайтын жас педагогтерге сәттілік тілеп, сыйлық табыс етті. Сондай-ақ, 40 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздарды «Еңбек ардагері» медалімен марапаттап, үздік педагогтерге Құрмет грамотасын табыстады.

Гүлнұр Серікжанқызы,

«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button