Басты тақырып

БІЛІМ САЛАСЫ – КӨШБАСЫНДА

   Кеншілер мәдениет сарайында білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Жаңа оқу жылының қарсаңында өңірдің педагогтар қауымы өткен жылдың қорытындысын тыңдап, жаңа оқу жылында атқарылар іс-шараларды талқылады. 

   Қай салада болмасын, өзге өңірлермен салыстырғанда оқ бойы алда жүретін Қарағанды облысы 2016 жылы да білім беру ісінде көшбасшы топтардың қатарына кірген.

Кеңеске Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов, Қарағанды облыстық мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы Серғазы Әдекенов, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Татьяна Самойлюк қатысты.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ашқан іс-шараға бес мыңнан аса адам қатысты.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

– Құрметті ұстаздар, Елбасымыз айтқандай Қазақстанның болашағы қандай болатыны ұстаздар қауымына байланысты. Сондықтан, ұстаз рөлінің жауапты екенін көреміз. Адам қандай дәреге жетсе де,  қандай қызмет атқарса да ұстаздың адам өміріндегі рөлі ерекше. Сондықтан, Қазақстанның әрбір азаматы  Cіздердің алдарыңызда бас иеді. Ұстаз – қасиетті ұғым. Бүгінгі дәстүрлі тамыз кеңесінде біз есеп тыңдау үшін емес, алдағы оқу жылын талқылау үшін жиналып отырмыз. Кемшіліксіз дүние жоқ. Бүгін біз сол кемшіліктің орнын толтыру жолдарын бірлесе талқылайтын боламыз.

Жаңа оқу жылының басты ерекшелігі – іргелі өзгерістердің болмауында. Қарағанды облысындағы тамыз кеңесіне қатысқан Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсіловтің айтуынша министрліктің ұстанатын позициясы – білім саласында жасалған реформаларды педагогикалық тәжірибеге енгізіп, әрі қарай жұмыс атқару. Яғни, биылғы және келесі жылдың міндеті басталған істің логикалық тұрғыда аяқтап, сапалы жұмыс жасау болмақ.

Білім беру саласының табыстылығының іргетасы – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтылғандығы. Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Елбасының 2020 жылға дейін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 100 пайыз қамту тапсырмасын Қарағанды облысы 2019 жылы толықтай шешу мүмкіндігіне ие. Кейінгі кезде ерекше көңіл бөлініп отырған жекеменшік балабақшалар желісін дамыту да бұл салаға өз үлесін қосуда. Осы орайда, облыс басшысы аудан және қала әкімдеріне Қарағанды қаласының тәжірибесі бойынша жекеменшік балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс көлемін 17 мыңнан 26 мыңға дейін арттыруға тапсырма берді. Шахтинск тәжірибесі бойынша балабақшалармен қатар, бірінші сыныпқа да электронды кезек жүйесін енгізуді қарастыруды тапсырды. Бұл өз кезегінде ата-аналардың уақытын үнемдеп, кезекті қашықтықтан бақылауға мүмкіндік береді.

Білім беру саласын қаржыландыру да жыл сайын артып келеді. Облыстың білім беру саласының биылғы жылғы бюджеті 12%-ға артып, 96,5 миллиард теңгені құраған. Тұрақты қаржыландыру ауқымды білім беру жобаларын жүзеге асырып қана қоймай, күрделі жөндеу жұмыстарын да жүргізуге мүмкіндік берген. Алдағы жылдарда мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөліне бастайтынын да айтып өтті облыс басшысы.

Оқу жылының тағы бір айтулы жаңалығы – олимпиадалар мен республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерді көтермелеу. Білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, құр мақтау қағаздарымен ғана шектелетін мұғалімдер үшін бұл жақсы ынталандыру болары анық.

Сонымен бірге, мектеп мұражайларын құруға үлкен көңіл бөлінетін болады. Облыс бойынша барлығы 125 мектеп мұражай жұмыс жасаса, жаңа оқу жылында тағы да 100 мұражай ашу жоспарда, – дейді Асхат Аймағамбетов. Айта кетер бір жаңалық – жаңа оқу жылынан бастап тарих, география, әдебиет пәндері тарихи-мәдени нысандарда оқытылатын болады деп жоспарлануда.

«100 жаңа тұлға» жобасы аясында облыстың «100 талантты педагогы» мен «100 үздік оқушысы» жобалары өз жұмысын бастайды. Оған Қарағанды облысының білім беру саласын жетілдіруге үлес қосқан педагогтар мен оқуда, озуда спортта, шығармашылықта жетістікке жеткен оқушылар мен студенттер туралы ақпарат енгізілетін болады.

Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін инновациялық дамытуда да Қарағанды облысы республикада бірінші орында. Биылғы оқу жылында да бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Яғни, облыстың 5 колледжінде қолданбалы бакалавриат енгізіліп, олар жоғарғы колледждер қатарына енетін болады. 9 колледж 15 мамандық бойынша аккредитациядан өтіп, тағы 5 оқу орны акредиттеуден өтпек.

Білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі еңбегімен ерекшеленген мұғалімдерді марапаттаумен аяқталды. «Білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен құрметті демалысқа шыққан Саран қаласының білім беру бөлімінің басшысы Қайырбек Омаров марапатталса, «Ыбырай Алтынсарин» белгісі «Болашақ» маңызды білім беру колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Елена Легкоконецке бұйырды.

«Еңбек ардагері» белгісіне Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының оқытушысы Қазиза Смағұловаға лайық деп танылды.

Қарағанды облысының білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі медалін ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Литвин мектеп-интернатының лагерінің директоры Евгений Ермолаев және Шашубай кентінің мектеп-балабақша директоры Айман Түкбай алды. Ал жастық жалынымен, еңбектегі жетістігімен ерекше көзге түскен тоғыз жас маман облыс әкімінің қолынан сыйлыққа ноутбуктар алды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button