Жаңалықтар

Білім мен рухтың ордасы

Біздің ғасыр – білім мен технологияның ғасыры. Ұлттық рухтағы тәрбие осы екеуінің бастауы болуы тиіс. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының өзегі де осы, ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, озық та өркениетті ел болу. Ұлттық болмыспен біте қайнаған білім ғана еліміздің болашағы үшін пайдалы болмақ. Бұл орайда облыс орталығындағы Қарағанды гуманитарлық колледжі ойға орала береді. Аталмыш білім ордасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есжан ӘМІРОВПЕН осы тақырыпты қозғай аз-кем сұхбат құрған едік.

– Құрметті Есжан Сарманқұлұлы, әңгіменің басын өзіңіз басшылық жасап отырған білім ордасының өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ?

– 1976 жылы педагогикалық училище ретінде құрылып, 1997 жылы Қарағанды гуманитарлық колледжі болып өзгертілді. Алғашқы жылы «Музыкалық білім беру» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандықтары бойынша оқытты. 1977 жылы «Бейнелеу өнері және сызу», содан кейінгі жылдары «Бастауыш білім беру», «Технология», «Шетел тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Дизайн» мамандықтары ашылды. Биылғы оқу жылынан бастап талапкерлерді «Көркем еңбек» және «Дене тәрбиесі» мамандықтарына баулимыз.

Биылдан бастап «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат жүйесінде кәсіби педагог мамандарды даярлауды қолға алдық. Бұл Білім және ғылым министрлігінің техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қолданбалы бакалавриатты енгізу жөніндегі Жол картасы және облыстық білім басқармасының 2018 жылға арналған жұмыс жоспары негізінде мүмкін болып отыр.

Мұндай қадамға әзірлік жыл басынан басталған. 9 ақпанда Астана қаласындағы «Кәсіпқор» холдингі» және «Білім» бейіні бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктерінің ұйымдастыруымен «Педагогикалық кадрларды Қазақстан Республикасының колледждерінде даярлау: талаптар мен жаңа мүмкіндіктер» атты республикалық семинар өткен болатын. Шара білім беру мазмұнын жаңарту, қолданбалы бакалавриатты енгізу мәселелеріне бағытталды. Кейін облыстық білім басқармасы мен «Кәсіпқор» холдингінің» әдістемелік көмегімен қолданбалы бакалавриатты енгізуге байланысты нормативтік құжаттар әзірленді. Қарағанды мемлекеттік университетімен бірлесіп, «Модульдік-құзыреттілік тәсілдемеге негізделген үлгілік оқу жоспары мен білім беру бағдарламасын дайындадық. Ол республикалық оқу-әдістемелік кеңесінде қаралып, бекітілді. Амандық болса, биылғы оқу жылынан бастап эксперименттік негізде оқыту басталмақ.

Сонымен қатар, жыл бойы дуалды білім беру жүйесіне көшу мақсатында жұмыс берушілермен оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын үйлестіру жұмыстары жасалды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге мемлекеттік және жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдармен келісім шарттар жасалды. Бұл түлектеріміздің – болашақ мамандардың қажетті машықтарды игеріп, жұмыспен қамтамасыз етілуіне жағдай жасамақ.

– Адами капитал – жаңғыру негізі. Елбасы тапсырғандай елімізді өрге сүйрер сапалы адами капиталды қалыптастыруда басымдық – білім саласына берілетіні сөзсіз. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында Ұлт көшбасшысы мұғалімдердің кәсіби беделі мен біліктіліктерін арттыруға ерекше назар аударды. Президенттің бұл тапсырмасы сіздерде қалай орындалып жатыр?

– Колледжіміз педагогикалық оқу орны болғандықтан, мұғалімдердің мәртебесін арттыруға аса мүдделіміз. Халықаралық талаптарға сай білім беру сапасын арттыру мақсатында институционалдық және мамандандырылған аккредиттациядан толық өтті. Бәсекеге қабілетті маман даярлау үшін ұстаздарымыз өз-өздерін үздіксіз жетілдіріп, білім берудің жаңартылған мазмұнына көшуде. Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен семинар-тренингке бір оқытушымыз қатысып келсе, «SuperIntensive 2.0.» ағылшын тілінің интенсивті курсына 12 оқытушы барды. Өткен оқу жылында 15 оқытушымыз «Өрлеу «ҰБКО» АҚ Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін жоғарылату институтында «Бастауыш білім берудегі жаңартылған оқу мазмұны» бойынша біліктіліктерін арттырды. Үштілді білім беруді енгізу шеңберінде сегіз айлық курсқа биология, физика, химия, информатика пәндері мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға төрт оқытушы қатысты. ТжКБ ұйымдарының жетекшілері және инженерлік-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытында «Кәсіпқор» холдингі» даярлаған тренерлер «Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерде кредиттік-модульдік оқыту технологиясын енгізудің ерекшеліктері» атты біліктілігін арттыру курсына 16 оқытушымыз қатысты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен КАТЕV халықаралық қоғамдық қоры арасындағы ынтымақтастық аясында үштілді дамыту бағытындағы іс-тәжірибелерді тарату мақсатында «Заманауи педагог-жаңашыл тұлғаны қалыптастырушы сәулеткер» тақырыбында төрт оқытушы біліктіліктерін арттырды.

Бұл бағыттағы жұмыстарымыз мұнымен бітпек емес. «Оқытушылардың тәжірибелерін Lesson Study арқылы дамыту мен жетілдіру» бойынша проблемалық оқыту курсын өткіздік. Оның мақсаты – оқытушылардың тәжірибесін дамытудағы өзара ынтымақтастық.

Оқытушылардың жаңа заманға сай кәсіби білімдерін көтеруге және біліктілік курстарынан өтуге толық жағдай бар. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында, облыстың білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығында, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы базасында ұйымдастырылған біліктілік курстарына үзбей қатысып келеміз.

Халықаралық ынтымақтастық арқасында үйренеріміз, үйретеріміз бар. Өткен жылы Ресейдегі И.Куратов атындағы Сыктывкар гуманитарлық-педагогикалық колледжімен және Самара әлеуметтік-педагогикалық колледжімен шығармашылық әрі кәсіби-әлеуметтік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Алдағы уақытта ынтымақтастық аясында жұмыстар жүргізу жоспарда бар. Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы А.Пушкин атындағы Ленинград мемлекеттік университетімен әріптестік негізінде жыл сайын оқытушыларымызды жіберіп, білімдерін жетілдіріп, тәжірибе алмасып отырмыз.

– Қазірде аймақтағы мектептер жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жұмыс жасауда. Сіздер даярлайтын бейнелеу өнері мен технология пәндері кіріктіріліп «Көркем еңбек» болып өзгертілді. Ал, Сіз басқарып отырған колледждің «Бейнелеу өнері және сызу», «Технология» мамандықтары бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестік болып табылатындығы белгілі. Осы орайда атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

– Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде біздің колледж аталған пәндер бойынша стандарттар, үлгілік оқу жоспарларын және бағдарламаларын әзірлейді. Соңғы өзгерістерге байланысты жыл бойы ғылыми-әдістемелік жұмыстар атқардық. Өткен жылдың сәуір айында «Білім беру мазмұнының жаңаруы аясында педагогикалық мамандарды даярлау мәселелері» тақырыбында семинар-практикум өткіздік. Оған «Кәсіпқор» холдингінен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясынан, сондай-ақ, республикамыздың педагогикалық колледждерінен мамандар қатысты. Семинарда аталған мәселе жан-жақты қарастырылды. Сол жылдың маусымында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен «Көркем еңбек» мамандығы бойынша ынтымақтастық орнату жөнінде келісім шарт әзірледік.

Биылғы оқу жылының басында колледж базасында қала мектептері мұғалімдерінің қатысуымен «Көркем еңбек» мамандығын даярлауға қажетті нормативтік құжаттарды әзірлеу бойынша семинар өтті. Семнар барысында колледж ұжымы мен жұмыс берушілермен бірлескен жұмыс тобы құрылды. Нәтижесінде үлгілік оқу жоспары мен бағдарламасы әзірленді. Ол Білім және ғылым министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаментінің республикалық оқу-әдістемелік кеңесінде қаралып, бекітілді. Біздің білім алушылар да, аймақ мектептерінің оқытушылары осы бағдарлама негізінде білім алып, жұмыс жасайтын болады.

– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ұлттық рухты, сана-сезімді қайта қалпына келтіруді көздейтін келелі бағдарлама. Колледж қабырғасында осы бағдарлама аясында ұйымдастырылып жатқан шаралар туралы не айтар едіңіз?

– Шынында да «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – болашаққа бағдар беруші құжат. Колледждің жылдық жоспары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізінде дайындалған және әр оқытушының жұмыс жоспары да осы бағдарламаны негізге ала отырып әзірленді. Ұлттық рухқа сусындап өскен ұрпақ осы бағдарламаның нақты іске асуына сүбелі үлес қосады деп ойлаймын. Өткен оқу жылы осы мазмұндағы іс-шараларға толы болды.

«Алаш қозғалысына 100 жыл: Алаш идеясы – мәңгілік елдің берік тұғыры» атты қалалық ғылыми-танымдық конференцияның бірінші бағыты мектеп мұғалімдері мен оқушылары арасында өтсе, 8-9 сынып оқушыларына арналған «Рухани жаңғыру – өскелең ұрпақтың дара жолы» тақырыбында эссе байқауы ұйымдастырылды. Біздің студенттер «Мəңгілік ел» жəне «Рухани жаңғыру» бағдарламалары шеңберінде өткізілген «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты облыстық сайыстың «Өлең – сөздің патшасы» номинациясы бойынша І дəрежелі диплом иеленді.

Алаш қайраткерi Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Мағжан және поэзия» тақырыбында әдеби-танымдық кеш өткізілді. М.Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын таныту арқылы оның ақындық тұлғасы мен философиялық ойларынан нәр алуды көздеген кешке аймақтың ақын-жазушылары, белді жастары қатысты.

«Біз қазақ әліпбиінің реформасын қолдаймыз» тақырыбындағы дөңгелек үстел қазіргі өзекті мәселеге арналды. Шараға «Болашақ» академиясының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қ.Сембиев, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Р.Нұрбай қатысып, латын әліпбиіне көшу туралы ойларын ортаға салды. Колледж студенттері «Қазақ әліпбиінің өткен тарихы», «Латын қарпіне көшу – бүгінгі заман талабы», «Қазақ әліпбиінің келешегі», «Жаңғыру жазудан басталады» тақырыптарында өздерінің шағын зерттеу жұмыстарын ұсынды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханамен бірлесіп жазушы, ғалым-зерттеуші, күйші-сазгер, этнограф Ақселеу Сейдімбектің туғанына 75 жыл толуына орай «Алаштың Ақселеуі» атты еске алу кешін өткіздік. Танымдық кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Тағы бір атап өтетен маңызды жайт, біздің колледж «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша республикалық пилоттық жоба қатарында. Жастарға патриоттық, мәдени әрі танымдық тәрбие беруді мақсат тұтқан бағдарлама аясында «Мен сені сүйемін, Өмір!» тақырыбында ақын Жадыра Байбұлановамен «Сыр-сұхбат» әдеби-танымдық кездесу кеші өтті. Кеште колледж студенттері мен жыр сүйер қауым ақынның шығармашылығынан өлеңдер оқи отырып, автормен емен-жарқын сұхбат құруға мүмкіндік алды.

«Сарыарқа дарыны» орталығымен бірлесіп өткізген Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында «Жас музыкант» конкурсын атауға болады. Байқауға облыстың 14 білім беру мекемесінен 60 оқушы қатысып, бақ сынасты. Фортепиано, баян, аккордеон, домбыра, қобыз номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесіп жалпы білім беретін мектептердің 9 сынып оқушылары арасында облыстық шығармашылық жұмыстар байқауын өткіздік. Байқау Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналды. Оған қатысуға аймақтағы 28 мектептен 44 оқушы ниет білдірді. Сөз орайын пайдаланып, осы музеймен ынтымақтастық негізінде мәдениет ошағының экспонаттарын пайдаланып, студенттерімізді өлке тарихымен таныстыру мақсатында тарихи танымдық сабақтар жиі ұйымдастырылатынын айта кеткен ләзім.

«Жігер» Жастар алқалық кеңесі мүшелерінің ұйымдастыруымен колледж студенттері арасында «Аймақтар аламаны» сайысы өтті. Бұл сайыстың негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бойынша «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысу. Студенттердің бойында туған жерге махаббат, оның тарихына, мәдениетіне деген құрмет сезімдерін қалыптасыру, ұлттық құндылықтарды қастерлеуді үйрету мақсаты осы сайыста көрініс тапты. Сонымен қатар, С.Ақсұңқарұлы оқулары, «Колледждің үздік педагогі» педагогикалық шеберлік байқауы, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бөлімінде «WorldSkills Қазақстан – 2017» чемпионаты аясында «Болашақ тәрбиеші» сайысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күніне орай «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты іс-шара жыл сайын өткізіліп, игі дәстүрімізге айналған.

– Қазіргі қоғамда «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби бабамыздың қанатты сөзінің құндылығы еселене түскен сияқты. Сіздің ойыңызша, бала тәрбиесіндегі отбасының ролі қандай болуы керек?

– Тәрбие мәселесінің ауқымы кең, жүгі зор. Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды. Бір айтарым, күбең тіршілік қаншалықты қажытса да ата-ана бала тәрбиесін ұмытпауы керек. Себебі, баланың алғашқы қадамы да, тілі де сол өзі өскен отбасынан басталады. Отбасы – Оттаның бастауы. Бала жақсы да, жаманды да отбасынан алады. Бала бойындағы теріс қылықтарды үлкендер өздерінен іздеуі керек. Кісілікті, әдептілікті, қайырымдылықты сонымен қатар, бұзақылықты да алғаш рет өзінің отбасында меңгереді. Бала тәрбиесі үшін әрбір ата-ана Отан алдында, мемлекет, қоғам алдында жауапты екенін ұмытпаса екен деймін. Болашақ ұрпақтың білімі мен тәрбиесін білім мекемелеріне артып қойып отыра беруге болмайды, қоғам болып ат салысуымыз керек.

Ал, енді, білім беру мекемелерінің міндеті – сын тұрғысынан және жаңашыл ойлай білетін, рухы мықты, өз білімін қоғамның алға басуына жұмсай алатын адамды тәрбиелеу, ол үшін қолайлы білім беру кеңістігін жасау.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕКОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button