Білім беру – болашағы зор инвестиция
Кез келген қоғамда жастардың бет түзейтін идеалы болуы – заңды. Ол – мемлекетті, ұлтты құрайтын жеке адамдар. Ал, жеке адамдар – қазіргі жаңа технологияларды жетік меңгерген, соғұрлым салт-дәстүрінен, тарихынан ажырамаған азаматтар болуы тиіс. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында «адами капитал» дегеніміз – осы.
Адами капиталды дайындайтын – ұстаздар қауымы. Оқушы болса – ұстазға қарап бой түзейді. Осы орайда, Елбасы мемлекеттің құнды капиталы қандай адам бола алатынын Жолдауында нақты көрсетіп берген болатын.
Кеншілер мәдениет сарайында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде адами капитал кеңінен талқыланды. Білім беру жүйесіндегі нақты перспективалар айтылған жиынды облыстың 18 өңірінен – 20000-нан астам мұғалімдер және ата-аналар on-line форматта тамашалады. Аймақ басшысы биылғы кеңесте республика деңгейінде облыстың мерейін үстем етіп, білім саласында оң шешімін тапқан мәселелерге тоқталды. Атап айтсақ…
Қарағандыда – «Мықты ғылым» сабақтары
Тамыз кеңесінде облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев жаңа оқу жылынан бастап өңірде «Мықты ғылым» халықаралық білім беру жобасы іске қосылатынын айтты. Жоба бастауыш сынып оқушыларын физика, химия, биология және астрономия негіздеріне үйретеді. Сөйтіп, оқушылар әлем мен ғылымды гаджеттер арқылы емес, нақты эксперименттер жүргізу және бір-бірімен қарым-қатынас жасау арқылы білетін болады. Бұл бастама арқылы орта мектепте жаратылыстану ғылымдарын оқуға қызығатын балалардың саны көбейеді деп күтілуде. Сондай-ақ, мұғалімдерге арналған оқыту әдістемесі цифрлық форматтағы онлайн-платформаға енгізіледі. Бұл – төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында цифрлық технологияларды тиімді және мақсатты түрде пайдалануға мүмкіндік береді.
Дегенмен, жобаны ауылдық мектептерде іске асыру үшін интернет жылдамдығының төмендігі кедергі келтіреді. Осы мәселе төңірегінде облыс әкімі Ерлан Қошанов қалалар және аудандардың әкімдеріне аталған кедергіден өтуді тапсырды. Алдағы уақытта облысқа қарасты қала, аудандар бойынша кеңжолақты интернет желісіне қосылуға байланысты жағдайды облыстың білім басқармасының мамандары қадағалайтын болды.
Сондай-ақ, Есенғазы Иманғалиев МЖӘ шеңберінде инклюзивті білім беруді дамыту туралы заңға өзгерістер қажет екенін атады.
Бір балаға – 56 мың теңге
Жалпы, облыс 3-тен 6 жасқа дейінгі ерекше қажеттіліктері бар барлық балаларды мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамтуды 100%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Жекеменшік балабақшаларда инклюзивті топтар ашу үшін мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бір балаға айына 56 мың теңге бөлінген.
Облыс әкімі Ерлан Қошановтың айтуынша, жыл сайын білім беруді қаржыландыру артып келеді.
– Мемлекет басшысы білім беру барлық инвестициялық жобалар мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке секторы ретінде қарастырылуы керек екенін атап өткен болатын. Білімді адамдарсыз мемлекеттің ең құнды активі – адами капиталы болмайды. Демек, бүгінгі білім беру шығыны әлеуметтік шығындар ретінде емес, ең маңызды және болашағы зор инвестициялар ретінде қарастырылады. Биыл білім беру бюджеті 93,3-тен – 100 млрд. теңгеге дейін артты, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Басқарма басшысы Е.Иманғалиевтің айтуынша, бүгінгі күні бұл мәселе тек 30% орындалып отыр. Практикалық түрде церебральды паралич, аутизм, Даун синдромы, психофизикалық дамудың ауыр мүмкіндіктері бар балалар мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылмайды. Мұндай балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу шарттары Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Саран және Шахтинск қалаларында ғана құрылады. Өкінішке орай, басқа өңірлерде бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлінбейді.
– 30% – бұл өте төмен көрсеткіш. Ерекше қажеттіліктері бар балалар өзге балалар секілді барлық құқықтарға ие екеніне үйренулері керек. Сондайақ, бұл секторға экономикалық жағынан инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бүгінгі таңда мемлекет ерекше қажеттілігі бар бала үшін 56 мың теңге бөлуге дайын, бұл кәдімгі балаға қарағанда екі есе көп. Мысалға, өткен жылы МЖӘ арқылы 30 балабақша ашылды. Мемлекет үшін бұл үлкен жүктеме. Бірақ, қазір ерекше қажеттілігі бар балаларға рұқсат берудің нормативтік-құқықтық базасы дайын емес, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Осы орайда облыс әкімі ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асыловаға заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу туралы өтініш білдірді.
Бұл мәселені шешу арнайы білім беруге қажеттіліктері бар балалардың жартысынан астамына сапалы мектепке дейінгі педагогикалық көмек көрсетуге көп көмек, содан кейін, арнайы түзету мектептерінде емес, әдеттегідей оқушылармен бірге оқуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.
«Дипломы жоқ миллионер»
Жиында облыс мектептерінде биыл кәсіптік бағдар беру және оқытудың бірыңғай жүйесін енгізу бойынша жоба жүзеге асатыны белгілі болды. Жоба студенттерге, әсіресе, 9-сынып оқушыларына болашақ мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Мәселен, соңғы үш жыл көрсеткіші бойынша 11-сынып оқушыларының 25%-ы мектеп бітіргеннен кейін колледждерге барған екен. Осы ретте екі жылды босқа жібермей, 9-сынып негізінде кәсіптік бағдар беру негізделген. Жоба аясында оқушылар алдымен, мектептегі кәсіптік бағдарлаудан өтеді. Осыған байланысты кәсіптік бағдар беру мен оқытудың бірыңғай жүйесін құру жобасын әзірлеу басталды. Жоба нәтижесінде 2016 жылмен салыстырғанда колледж түлектерінің жұмыссыздық деңгейі 6-дан 4,8%-ға дейін төмендепті.
Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, колледжде жұмыс істегеннен кейін де жастардың тәжірибесі біршама артқаны дәлелденген. Мәселен, жоғары білімсіз бизнесте жетістікке жеткен, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген қарағандылық Арман Тосқанбаев. Өз тәжірибесіне сүйенген Арманның кәсібін жастайынан бастағаны көпшілікке белгілі.
Осыны ескерген облыс әкімі кеңесте жас кәсіпкерді бизнеске, соның ішінде стартаптарға арналған кеңесшісі болуға шақырды.
«Біз жастарға үлгі болар Сіздей адамдарға мұқтажбыз», – деді аймақ басшысы Ерлан Қошанов. Жас кәсіпкерге білімге құзыретті жастарға кәсіптік бағдарды үйретуді тапсырды. Жиында Арман секілді жас мамандарға тұрғын үй салу мәселесі де сөз болды.
Жастарға – баспана керек
Соңғы үш жылда облыстың мектептеріне 1814 жас маман келді. Оның 884-і ауылдық мектептерде қызмет атқарады. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға 203 жас маман несие алған екен.
Ал, жыл басында білім ошақтарына 568 мұғалімнің жетіспеушілігі байқалған. Қазірдің өзінде 90 адам жеткіліксіз көрінеді. Бүгінгі таңда мұғалімнің қызметі жоғары талаптарға ие болғанымен, оның тиімді жұмысы үшін де тиісті жағдай қажет екенін айтады білім басқармасының басшысы. Мәселен, тұрғын үймен қамтамасыз ету… Кеңесте облыс әкімі қалалар мен аудандардың әкімдеріне жас оқытушыларды тартуға және олардың жұмысын нығайтуға бағытталған жоспар әзірлеуді, оның ішінде қызметкерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешуді тапсырды. Осы мақсатта өңірде бос ғимараттарды қалпына келтіруге байланысты жас мамандарға тұрғын үй салу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін бос ғимараттарды мемлекеттік органдардың балансына ауыстыру, мұқтаж мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері шешімін табатын болды.
«Факелдіктер» – олжалы
Биылғы тамыз конференциясында аймақ басшысы тек білім саласының қызметкерлеріне ғана емес, зияткер оқушыларға да ерекше назар аударды. Жезқазғандық оқушыларға НЗМ тәжірибесін ұсыну арқылы «Ұлы дала мұрагерлері» форумын ерекше етіп ұйымдастырған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиноваға алғыс білдірді.
Сондай-ақ, Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентіндегі «Факел» лагерінде жыл сайын демалатын облыс оқушыларының тілегін орындады. «Факелдіктерге» өңірдің тарихи жерлерін кеңінен тамашалауға мүмкіндік беретін көліктер сыйлады.
Тамыз кеңесіне ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Қазақ Инфокоммуникация Академиясы, Халықаралық Байланыс Академиясы, «Согласие» Халықаралық медиация және құқық орталығының өкілдері қатысты. Көрмеде білім саласының қызметкерлері заманауи білімнің негізгі бағыттарын қамтитын STEАM әдіснамаларын ұсынды.
Кеңес көтеріңкі көңіл күйде, салтанатты рәсімде аяқталды. Облыстың үздік педагогтары «Қарағанды облысының білім беруіне ерекше үлес қосқаны үшін» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»