Биліктің төресі – бітімгершілік
Жуырда Ұлытау аудандық мәслихатының мәжіліс залында ҚР «Медиация туралы» Заңының жүйелі қолданысқа енгізілуіне қатысты семинар өткізілді. Байыпты мәселені қаузаған жиын тізгінін аудандық соттың төрағасы Сәрсен САҒАТОВ ұстады.
Жиындағы өзінің кіріспе сөзінде сот төрағасы жалпы медиация ұғымына қысқаша түсініктеме берді. «Медиацияның мақсаты – дауды шешудің екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу. Қысқасы, биліктің төресі – бітімгершілікке табан тіреу. Соған бағыт ұстанып, оңтайлы шешім қабылдау – түпкі меже» деген ол Заң талаптарын ілкімді іске асыру бойынша аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға да шолу жасады.
Бүгінгі күні әр ауылдық округ аумағында жеке медиаторлар қызмет атқаруда. Олар алғашқы кезекте тұрғындарға медиация жөніндегі заңнаманы жан-жақты талдамалық тұрғыда түсіндіру ісімен шұғылдану үстінде.
Семинар барысында еңбек даулары мен отбасында жиі кездесетін түйткілді жайттарды ортақ мәміле жасау, екі жаққа да тиімді бір бітімге келу тәсілімен шешу жолдары терең талқыланды.
Маңызы зор басқосуға аудандық мәслихаттың хатшысы Талғат Сейтжанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жағыпар Бабатаев, жергілікті полиция бөлімінің бастығы Алмат Дүйсенбаев, Ұлытау селосының әкімі Төлеген Садықов және мекеме-кәсіпорындардың басшылары мен мамандары қатысты.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ҰЛЫТАУ ауданы.