Бас тақырыпОблыс әкімі

Билікті бұқараға бұрған құжат

Қарағанды аймағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін арнайы жоспар дайындайды. Бұл туралы кеше облыс активі жиынында Жолдауды талқылау барысында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ мәлімдеді. Жолдаудағы мәселелерден туындаған міндеттерді саралап, нақты қадамдарды айқындауға арналған тал­қыға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Расул Оразғұлов, Сенат депутаты Сергей ЕРШОВ қатысты. Сонымен қатар, облыстық басқармалар, өндірістік кәсіпорындар, оқу орындары басшылары, қоғам қайраткерлері, аудан және қала әкімдері, ардагерлер мен руханият жанашырлары да осы мә­жілістен табылды.

Жолдау – бағдарламалық құжат 

Аймақ басшысы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының Жолдауы бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін шешу жолдарын нақтылап бергенін атады. Сондай-ақ, азаматтық қоғамды жандандырып, әрбір қазақстандықтың ертеңіне деген сенімін нығайтып, әр отбасының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған құжаттың жаңа міндеттер жүктейтінін жеткізді. 

– Бұл Жолдауды бағдарламалық құжат деп атауға әбден болады. Өйткені, Жолдау одан әрі әлеуметтікэкономикалық дамудың жолдарын көрсетіп отыр. Біз бүгін Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталып, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін шаралар қабылдаймыз, – деді Ерлан Қошанов. 

Мемлекет басшысы жаңа формула ұсынды. Ол формула – «Күшті Президент. Ықпалды Парламент. Есеп беретін Үкімет». «Аталған қағидат бойынша жұмыс жүргізілсе, Президент қойған межелер орындалады» дейді облыс әкімі. 

«Жұмыс реформа үшін реформа, есеп үшін есеп стилінде болмауы тиіс»

 Ерлан Жақанұлы Президенттің қазіргі талабы осы мақсатты көздейтінін жеткізді. Асығыстыққа салынбай, әр өзгеріс пен жұмыс кезеңкезеңімен жүргізілуі керек. Олардың шешімін табуы экономиканың өсуі мен тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді. «Елбасының «5 институционалдық реформасына» сүйене отырып, осы міндеттерді жүзеге асыруға тиіспіз» деді облыс әкімі. 

«Халық аспандағы айды емес, мәселенің шешілуін сұрайды» 

Халықпен кері байланыс орнату үшін қайтпек керек? Президент халықпен тиімді етене жұмыс істеуді тапсырғаны мәлім. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бүгінде барлық қала, аудан әкімдері әлеуметтік желіде халықпен байланыс орнатты. Сол арқылы тұрғындар көкейіндегі сауалын, өзекті мәселелерін бірден әкімге жолдауда. 

Аймақ басшысы осы орайда биыл Қарағандыда бірыңғай үйлестіру орталығының іске қосылатынын атады. Бұл орталық қаланың барлық қызметін біріктіреді. Сөйтіп, тұрғындардың арыз-шағымдары назарда болып, оның орындалысы да бақыланады. Сонымен қатар, орталықтың бір модулі – «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін – openakimat болады деп күтілуде. Бұл тұрғындардың шағымына жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек. Жаңа технологиядан бөлек, әкімдіктердің жұмысындағы басымдық тұрғындармен тікелей кездесу, жүздесу екенін де еске салды әкім. 

– Қоғамды толғандырған негізгі мәселелер көшеде емес, мәслихат, фракция, қоғамдық кеңес отырыстарында талқылануы қажет. Жергілікті депутаттар өздеріне берілген заңды құқықты толық пайдаланып, өзекті сауалдарын жолдап, шаралар қабылдануын талап етуі тиіс. Ал, барлық деңгейдегі әкімдер, мемлекеттік орган басшылары мәселелерді азаматтардың өз ауыздарынан естуі керек. Жалпы, жергілікті халық бізге аспаннан айды әпер деп отырған жоқ. Қарапайым тұрмыстық мәселелердің шешілуін сұрайды, – деді облыс әкімі. Ал, елді мекендердегі көп мәселелердің жергілікті аудан, ауыл, қала деңгейінде шешімін табу мүмкіндігі барына сенімді аймақ басшысы. 

Тұрғындар қауіпсіздігі – қатаң назарда 

Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Президент баса ден қойды. Бұған қазіргі таңда әйел мен балаға қатысты зорлық-зомбылықтың, қылмыстың етек алғаны түрткі. Осыдан біраз бұрын облыста орын алған қайғылы оқиға браконьерлік қылмыстың бет пердесін ашып берді. Сол себепті Президент тапсырма берді. Екі ай көлемінде заңнамалық өзгерістер орын алуы тиіс. 

Құқық сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыста жергілікті полиция қызметін жетілдірілуде. Облыс бұл бағытта сервистік қызмет көрсету моделіне бет бұрды. Биылғы жылы ішкі істер департаментінің 5 фронт-кеңсесі ашылды. Ал, қолданыстағы тәжірибе бейнебақылау камерасы қойылған мекенде қылмыстың орын алмайтынын, орын алған жағдайда жедел ашу мүмкіндігінің мол екендігін көрсетті. Сондықтан, облыста 5 мыңнан астам бейнекамера, жол-көлік тәртіп бұзушылығын анықтайтын 27 құрылғы орнатылған. Жыл соңына дейін бұл камералардың саны 12 мыңға жетпек. Облыстағы тұрғын үйлердің кіреберісіне бейнебақылау камераларын қою жөніндегі қанатқақты жобада аймақта іске асуда. Мұндай жұмыстар жыл басынан бері қылмыстың 26,7 пайызға азаюына ықпал еткен. Бұл орайда жұмыстың әлі де жалғасты болатынын атады әкім.

Экономиканың өсімі – жеке инвестицияда 

«Облыстың алдағы уақытта экономикалық өсімінің көзі – жекелеген инвестиция екенін білеміз. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыс – біздің маңызды басымдығымыздың бірі. Өткен жылы жекелеген инвестициялар арқылы экономика 25 пайызға өскенін көрдік» – деді облыс әкімі. Биыл да қарқынды. Мәселен, 7 айда өсім 8,2 пайызды көрсетті. Оның 93 пайызы жеке инвестиция есебінен екенін деректер дәлелдеуде. 

Әйткенмен, Қарағанды бұл жетістіктермен тоқтап қалмақ емес. Аймақтың инвестициялық климатын тартымды ету үшін шаралар жүргізілуде. Тың идеялар қолдау тауып, жұмыс тәсілі өзгертілуде. Инвестициялық таныстырылымнан гөрі нақты жұмысқа ден қойылуда. Яғни, инвестицияның құйылып, жаңа жобаның жүзеге асуы – назарда. Мысалы, ауыл шаруашылығына қажетті жекелеген инвестициялар аймақ экономикасын көтеруде зор әлеует ретінде бағалануда. Субсидиялауға қарамастан, оның экономикадағы үлесі 4 пайыздан аса алмай отыр. Алдағы үш жылға 1,5 трлн. теңге пұлы бар жобалар жоспарланған. 

Шағын және орта бизнес – Қарағандының екінші тынысы 

Президент шағын және орта бизнестің ел экономикасында ғана емес, саяси өмірінде де маңызға ие екеніне тоқталды. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікте облыс тұрғындарының 34 пайызы еңбек етеді. Шағын және орта кәсіпкерлікте өсім үшінші жыл қатарынан 20 пайыздан артық көлемді көрсетті. 

– Бүгінде Қарағанды өнеркәсіптік қала емес. Оның табысының 50 пайызы шағын және орта бизнестің үлесінде. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізу көзделуде. Қарағандының бұл тәсілін өзге моноқалалар мен аудандар да үйренуі тиіс, – деді Ерлан Жақанұлы. 

Экотуризм мен этнотуризм – өңір өркендеуінің көзі 

Мемлекет басшысы қадап айтқан экотуризм мен этнотуризм үшін Қарағанды аймағының әлеуеті зор. Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойының Ұлытаудан бастау алуының өзі – өңірдің өркендеуінің бір көзі болмақ. 

Мәселен, былтырғы жылы ұйымдастырылған форумға Ұлытауға 10 мың турист келсе, биыл ол 20 мың шамасында. Егер 40 мың турист Ұлытаудан өтсе, олар сол аудан бюджетіне 3 млрд. теңге қаржы құюға қауқарлы. Ал, 2030 жылға турист санын 1 млн.ға жеткізу – жоспарда. Аймақта осы бағыттағы жұмыстар жандана түседі.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button