ЖаңалықтарТұлға

Білгір ұстаз, білімді басшы

«Ғалым да, кенші де бас иетін, ұстазым бар сенің қасиетің» деп басталатын осы бір әнді тыңдаған сайын мұғалім мамандығын таңдаған әрбір аяулы жанның қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмірі көз алдыңнан кинолента секілді өтіп жатқандай болады. Саналы ғұмырын сапалы қызмет етуге арнаған сансыз маманның ішіндегі барша әлем бас иетіндей құдіреттісі болса, ол – ұстаз екені сөзсіз. «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен Александр Македонский. Осы бір ұлағатты сөзден ұстазға деген махаббат пен құрметтің биіктігін аңғарамыз. Ұстаздың әрбір айтқан сөзі, іс-қимылы – өскелең ұрпақ қана емес, барша адам баласының айнасы секілді. Себебі, ұстазы арқылы шәкіртіне баға беріледі. Осындай өмірі өнегелі, еңбегі еленіп, қазіргі таңда ұстаздардың ұстазы атанған ұлағатты жанның бірі және бірегейі – Маулида Қырғызбайқызы ЖОШИНА.

Менің бұл кісімен таныстығым 1993 жылы қараша айында Қарағанды қалалық атқару комитетінің ғимаратында институт мәселесімен барған кезден басталған еді.

Ол кезде мен Облыстық педагогтардың біліктілігін арттыру институтының ректоры болып қызмет атқарып жүргенмін. Маулида Қырғызбайқызы 1997 жылы Қарағанды облысы білім департаменті директорының орынбасары қызметіне ауысып келді. Сол кездерден бастап біз тығыз қарым-қатынаста болып, қызмет бабымен көптеген істерді бірге атқардық.

Көрген сәтте сыртқы келбеті мен ішкі мәдениеті үйлесім тапқан керемет жанның сөйлеген сөзі, сыпайылығы, өз ісіне деген ерекше сүйіспеншілігі мені тәнті етті.

Маулида Қырғызбайқызы өз орнымен сөйлейтін, бірбеткейлігі де бар, қызмет барысында ең алдымен жауапкершілікті, әрбір істің өз уақытымен орындалуын қатаң талап ететін. Сонымен бірге, адами қасиеттерді, тазалық пен тиянақтылықты алдыңғы орынға қоятын тұлға.

 Тәуелсіздік алған жылдардың бастапқы кезеңдерінде білім беру жүйесі басшы қызметкерлерден теориялық білімдерінің тереңдігі мен жаңашыл көзқарасты талап етті. Маулида Қырғызбайқызы – ізденістің, еңбектің адамы болғандықтан, осы тұста өзін заманауи маман ретінде көрсете білді. Педагогика-психология ғылымдарына сүйене отырып оқытудың жаңа технологиясын меңгеріп, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін саралап жүйелей білетін зерттеуші ұстаз «тұлға» бейнесін дамыту жолдарының іске асуына үлкен мән беріп, әр кезде өзінің бақылауында ұстады. Институт зерттеулерінің нәтижелерін Қарағанды қаласында республикалық семинарлар мен конференцияларда талдаудан өткізіп педагогикалық практикаға енгізуге үлкен ықпалын тигізді.

Облыстағы білім жүйесінде болған өзгерістер мен жаңалықтардың өз деңгейінде өрбуіне де Маулида Қырғызбайқызының қосқан үлесі ерен. Республика бойынша алғашқы болып №97 инновациялық мектеп-гимназиясы Қарағандыда өз жұмысын бастап, лицейлер, өнер мектептері ашыла бастады.

Ата-анасынан айырылып, жетім қалған дарынды балалармен жұмыстарды жолға қойып, салауатты өмір салтын насихаттау, балалар құқығын қорғау жұмыстарын жандандыру бойынша көптеген іс-шаралар Маулида Қырғызбайқызының тікелей қатысуымен жүзеге асырылды. Балалар мен жасөспірімдер сарайы жанынан халық педагогикасын, ұлттық педагогиканы насихаттайтын «Атамекен» орталығының ашылуына да мұрындық болды.

Маулида Қырғызбайқызының педагогтік жолы бір бөлек болса, патриоттық ар-намысы да ерекше жандардың бірі. Олай дейтін себебім, мемлекеттік тілдің, яғни ана тіліміздің дамуына, қазақ тілінде білім беретін мектептердің ашылуына үлес қосып, «Өзін өзі тану», «Қазақстан балалары» бағдарламаларының дамуы, басқа да тәрбие мен білім саласындағы көптеген іс-шаралардың орындалуы үшін талмай еңбек етті.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ауыл мектептеріндегі білімнің кенде қалмай, жақсы педагогтарды жұмысқа тартып, оқушылардың тәлім-тәрбиені дұрыс алуына жағдай жасау үшін тер төкті. Талмай еткен еңбектің арқасында Маулида Қырғызбайқызы ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, білім саласындағы белсенді еңбегі үшін «ҚазКСР білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин», «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері», тағы басқа төсбелгілермен марапатталды.

Мұғалім мамандығын таңдап алған әрбір адамда болуы тиіс адамгершілік пен адалдық қасиетін мен сонда Маулиданың бойынан көрген болатынмын. Сондағы жанарындағы жалын, сабырлылық, қайсарлық пен арманшылдық әлі күнге дейін сөнбегенін аңғарамын.

Маулида Қырғызбайқызы, тек, ұлағатты ұстаз, білгір басшы емес, аяулы ана, асыл жар да бола білген қазақтың нағыз қайсар қызы. Көзінің қарашығындай қос перзентінен немере көріп отырған ақ жаулықты әже.

Ер азамат көтере алмас талай істің басы-қасында жүретін, нәзік жанды бола тұра қандай қиын істе болмасын өзін көрсете білген осындай адаммен замандас болғаным үшін мен өте бақыттымын. Ол үшін ең басты мақсат – өзі сүйген мамандықтың иесі болу. Сол арманына жетті және әлі де болса аянбай тер төгіп келеді.

Маулида Қырғызбайқызы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де, жастардың арасында болып, ақыл-кеңесін айтып, олардың бүгінгі туындап отырған проблемаларын шешу мақсатында облыстық білімді дамыту қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде еңбек етіп келеді. Білім әлеміне қанат қаққан әрбір жас ұстаздың еңбек жолына бағыт-бағдар беріп, өзінің тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып қызметін адал атқаруда.

Олай болса, төмендегі өлең жолдары арқылы ойымды түйіндегім келеді.

Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған,

Мен осындай адамдарға таң қалам.

Аспанында білім атты әлемнің,

Қанаттарын кеңге жайып самғаған.

Еңбек етіп әрқашан да ел үшін,

Жұмысының көрген талай жемісін.

Мақсаты оның тәлім менен тәрбие,

Арманы оның ынтымақ пен келісім.

Бола білген досың әрі ақылшың,

Шығарам деп тырыспаған атын шын.

Өлең жазам десе егер ақындар,

Шабыттарын ұстаз үшін шақырсын.

Күлімдеген әрқашан да жанары,

 Оның айтқан әрбір сөзі бағалы,

Маулиданың еткен ерен еңбегі,

 Жас ұрпаққа мәңгі үлгі болады.

Сәбит ҚОНТАЕВ, профессор,

техника ғылымдарының кандидаты,

«Құрмет» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Back to top button