Билер билігі: Ата Заңның арқауы
Абай мұрасын зерттеген жұрт: «ақынның қолымен жазылған шығармасы жоққа тән, оның мұрасы бізге өзге адамдардың қолымен жазылған күйінде жеткен» деседі. Осы орайда, біз Абайдың «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» атты өлеңіндегі мына бір: «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау, Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса, Кемшілігі әр жерде- ақ көрінеу тұр-ау!» деген төрт жол ақынның өз қолынан шыққанына зор күмәніміз бар.
Сын көзбен қарасаңыз Абайдың бұл дүниесі өлең- поэзияның өмірдегі бағасын, алар орнын көрсетумен бірге, таза теориялық, әдістемелік оқу құралы, ғылыми ойға бастар құнды туынды. Турасын айтқанда жаңағы төрт жол өлең болмысынан бүтіндей бөлек. Және де өлеңінің басындағы: «Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған, Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара» деген Абайдың алғы ақындарды әділ бағалауымен мүлдем үйлеспейді-ақ.
Абай замана тарлығына күйіне «Бөтен елде бар болса» өлеңінде ақылды билер болған кезеңді жоқтайды: «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды. Ел ішінде бітімші, Түгел алып қайтпайды. Сұрай келген бір малды. Ел жамаған билер жоқ, Ел қыдырып сандалды». Абай Ескі сөздің жоқтаушысы. Ел бірлігін көксеуші. Ынтымаққа шақырған билердің жақтаушысы.
Келелі кеңестің жоғалуының басты себебі: «Ел жамаған билер жоқ, Ел қыдырып сандалды». Жаңа ұрпақ Ескі сөз ұмытты, жетесіздер билікке жетті, білім-ғылымнан жұрдай, тоқ тіленші, пысық деген ант шықты.
Ел билерлік кісі жоқ кезеңге жеткен тұста туған Абай ойшыл өмір шындығын растайды. Қай елде, қай кезде болмасын татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісіге өз заманын, болар болашақты, өткен дәуірді терең түсінер білім, білік қажет. Тірлік қажет еткен заттың құтысы, коды- сөзге, әдеби тілге де сұраныс тумағы заңды.
Сұраныс ұсыныс тудырмақ. Аумалы-төкпелі тұста толымды билік айтуға білімі бар Бұқар би ел іргесін бекітуші, тұрмыс-салтты реттеуші болып табылатын заң тілімен сөйледі. Білімді, білікті Би түпкі мақсат-мұратқа, қазақтың ішкі-сыртқы саясатына сай сөйледі,көркем сөзден көсемдігі, шеберлігі айқын басым түсуді заңды. Би ойы нақты заң нормасын өлеңмен жеткізу. Тарих сахнасында тіршілік үшін тайталасқан тайпалардың талас-тартыс майданында бір-ақ тіл үстемдік етпек. Өмір сүру, тірі қалу заңы. Билер айтысы- өмір мен өлім қан майданы-тын. Қайырымсыз қарапайым қара сөз. Поэзия кейін – көңіл алаңы басылғанда жаңғырады. Әзірше Бұқар би сөзі-аласапыран, алмас қылыш. Мақсат-мүддесі – асау алауыздықты ауыздықтау. Дер кезінде. Заң күшімен.
Ғалым М.Әуезовтің «Билер айтысы туралы» еңбегінде қазақ билерінің заң талабын тақпақтап, өлеңге салып жеткізуін дұрыс атап өткен.
Заң ғылымында құқықтық нормаларды өлеңмен баяндау дәстүрі есте жоқ ескіден бар, ол үрдіс Италия елінің XI ғасырда Болонь ғалымдарының ежелгі Рим заңдарының мәтіндерін пайдалана отырып «ғалымдар құқығын» көркем бейне, құқықтық құбылыстарға жан бітіре жасақтаған глоссаларынан табамыз.
Енді, Бұқар бидің билік өлеңіндегі сол кездегі ғылыми тіл – өлеңмен айтылған деректі заң нормасын сөз берелік.
Қазақ Елінің бір тайпасы Керей әлдебір себеппен ата жұрттан ауа көшпек болғанда Бұқар би «Абылай алдында бітіссең, Құдандалы таныспын. Абылай алдында бітпесең, Атасын білмес алыспын»,– деп тоқтау айтып, нақты заң нормасына бағынуды ұсынған.
Бұқар би алғы қазақ қауымының негізі, нәрі, сүйегі, мәйегі болған құқықтық екі заң нормасына сілтеме жасауда: «құданда» және «ата».
Ғалами ғылымның заңына сай адам баласы өсу, өну үшін жаратылып, кемел келісіммен тіршілік етуді жазған.
Туыстық пен сыбайластық мәселесін зерттеген белгілі ғалым Морган «Ру» – экзогамды; «Тайпа» – эндогамды деп таныпты. Екі терминді де шотландық заңгер Мак Леннан биология терминологиясынан алып, адамзаттың алғашқы қауымдық құрылысын түсіндіру үшін шартты түрде енгізген.
Бұл терминдердің толық мән-мағынасын Бұқар бидің өлеңіндегі қазақтарда құқықтық қолданыста болған екі заң нормасы ашпақ.
Экзогамияға сай адам баласы бір рудың ішінде қыз алысып, қыз беріспеуді жөн дескен. Және де оған қоса бір руға жататын еркек пен әйел затына некеден тыс жыныстық қатынаста болуына тыйым салынды. Заң жүзіндегі тыйым биологиялық басым, үстем, ырықсыз сезім – тамақ пен құмарлық құрықталды. Нәпсіні адам заңмен билеуге көшкен. Құқықтық норма арқылы адам әлеуметтік жанға айналып, қоғам тағылыққа тән нәпсі түйсігін жеңуде. Құқықтық қанағат күнделікті қажеттілікке айналмақ.
Эндогам – тайпалық, яғни әр түрлі рулар өз ара құд-анда болып, ұл-қыздарын үй қылуға баулу. «Үй» – бірнеше ұрпақтың бірлігі. Барлық жерде бір құқықтық тәртіпке, есті ережеге, қатал қағидаға бағыну ұлт, ұлыс, халық қалыптасып шығуына жол болмақ.
Жалғыз найзаның ұшы, білектің күші емес сонымен бірге адамдардың қарым-қатынасын реттейтін заң да жер мен жесірді қорғауда.
Билердің маңызды ісі ретінде айқын құқықтық нормалармен реттелген қоғамдық қарым-қатынас жүйесін қалыптастырып, құқықтық тәлім-тәрбие беру мектебін, заң тезін құрып кеткенін атау заңды болар.
Өмір – адам санасынан тыс және оған тәуелсіз өмір сүретін объективтік шындық, ғалами заң. Өсіп-өну, өркендеу, өрбу, өрістеу жолында «құд анда» заңын бұлжытпай орындау баршаға міндет саналған.
Ұлы Заңға бағынған Қазақ әлі ана бойына бітпеген жан иесіне құда түскен, оны «қызыл құда» деп атаса керек. Құда түсіп қалыңмал төлеудің ар жағында халық, тайпа, ұлт, ұлыс болып қалу ниетімен өз ұрпағын дүниеге келтіру келісімі тұр.
Келісім негізінде жасалатын «Міндетті неке» болғаны жайлы сөзінде ғалым H.Ph. Jund адамзаттың әуелгі Отаны Оңтүстік Африкадағы банту халқының тарихынан «лоболо» дәстүрін талдаудан туған ғажап бір ойымен бөліскен. Оны ғалым Д.А.Ольдерогге өз еңбегінде Бұқар бидің «құданда» заң нормасына сәйкес қарастырады.
Бантуда «лоболо» (қалыңмал) төлеу әдеті әйел затын сатып алу емес, тек әйел затына тән жаңа үмірді дүниеге келтіру қабілет, қасиетін бір рудан екінші руға сату деп танылған. Қалыңмалға адам басы сатылмаған, қыздың рулық атауы(shivongo) сақталып қалған, тек оның құрсағына (mbeleko) біткен «жаңа өмір келтіру» қабілет-қасиеті сатып алу объектісіне айналып, басқа рудың жеке меншігіне ауысқан». Бұл «міндетті некенің» ерекшелігі, егерде қалыңдық бала таппаса, күйеу балаға балдызын тоқалдыққа қалыңмалсыз берген. Өйткені, келісім дүниеге ұрпақ келтіру ниетімен жасалды.
Бантудың бұл салты қазақтың «Тең адам анда, текті ауыл құда» мақалына сәйкес. Теңдік, тектілік. Көн етікті кедей-кепшікке қызын кім берсін. Көк етіктіні қалаған. «Етік»- әлеуметтік мәртебенің бір белгісі. «Көк етік» – мықты адам. Киев кінәзі Святослав 1185 жылы қиын-қыстау кезеңде көк түркілерді іздеген: «Қайда ерлер жалаң төс, құр қол, қонышта тек пышағы. Аламандап жау жеңген, Атайман-сойлы ұрпағы, Атағы шыққан арғыдан». «Көк» – қорғаушы, қамқор, қормал, қорқұт.
Банту тілінде «nda» – құрсақ. Ол халықта бір ана тектен тараған жұрт – «enda» аталған. «Құрсақтан егіз». «Егіз» сөзі «Оғыз» ұғымынан тарайды. «Oq»- ру; «О»- ана. Батыста кузендік некені «mubyara» дейді, яғни – «баланы бірге жарататын адам», «byara»- жарату. Арин тілінде туыстық атауларының алдында сөз алды қосымшасы «bi» пайдаланады, мысалы «bikjal»- ұл. Олай болса, «Би» сөзі реттеуші, үйлестіруші, қатарластырушы, анықтаушы қызметін атқаруда. Түркіде «Биріз» – бірге, жиын. Ғалым Э.Дж. Пуллиблэнк қытайдың «Шо-Вэнь» сөздігінде «ана сүті» және «қозғалыс» ұғымдарын беретін – «дүн» сөзін баян қылған. «Түн» және «дүн» сөздерінің «қымыз» деген мағынасы да бар. Қазақтың «түнемел қымызы. «Хуайнань цзы» сөздігінде «дин-дүн» – мағынасы «жоғары- төмен» деген ұғымда. Бұл дегеніңіз сабада бие сүтін пісу. Ой, Дүн-Дүние-ай. Түркінің ана – «О» сөзі неміс тілінде бар, онда «Oma»- әже. Жоңғар тілінде «Омақ» – ру. Бантуда «Omuntu» – адам. Карель тілінде «kondu» үй. Көне гректе «omjaloV» – кіндік; ауыпалы мағынада- жиын, түйін. Қазақтың «төркін» сөзінде «кіндік» ұғымы тұр. «Төр»-жиын, бірлік. Көне ағылшын «cyn» – отбасы.
Бұқар би қолданған «құданда» терминінің бірінші бөлігі «құд» – негіз, тамыр. Конго тілінде «nGudi» – ана ұғымын білдіреді. Мұндағы «n» – таңба-дыбыс бағзы заманнан «мен» ұғымы. Сонда «nGudi»- менің анам. Түркіде «Құдыз» тегіндердің әйелі. Орыс ғалымы Н.И.Зиберде түркілердің шығыс қанаты отбасын, руды «кот, кут» деп, ағайындарды «құдаман» деп атағаны туралы ғылыми дерек жүр. Алғы орыста орманда ағаштан тазаланған жер «Құт» – киелі жер, құдайға құлшылық қылар мекен. Норвег тілінде: «qodde» ру, туыс.
Бұқар бидің билік сөзіндегі екінші норма «Ата» тікелей жаратылыс заңымен тығыз байланыста. Ғалым Мақсат Жабағиннің айтуынша адам геномындағы Y- хромосома тұқым қуалауда әкеден тек ұл балаға берілмек. Бұл хромоса басқалармен араласпай, бойында жиналған ақпаратты жоғалтпай, келесі ұрпаққа толығымен біртұтас жиынтық ақпарат ретінде жеткізбек. Алла тағала адам баласын солай жаратқан. Қазақ бекер айтпаған: «Жеті атасын танымаған жетесіз» деп. Жетік білу – таным заңы. Алла заңы ата-ана тілінде. Адам болмысының Ата- ана тілінде тұрғандығы һақында Қазыбек би біліп айтқан: «Сөздің атасы- бірлік, анасы- шындық».
Жаңағы бантулық «nda» мен жоңғарлық «омақ» ұғымы қазақ тілінде: «ынтымақ» сөзінде. Қазақ «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Қазақтың Би институтын арнайы зерттеген Шоқан Уәлиханов қазақ дау-дамайдың шешуін аралас-құралас жүрген көрші рудың биінен гөрі басқа бір тайпаның биіне, не болмаса бейтарап жолаушыға беруді жаратқан, қазақ жұрты бұл дәстүрді татулықты сақтауға сабақ алар бір тәлім- тәрбие мектебі, мәдениеті ретінде қабыл алып, қатал ұстанған.
Тарихи деректерге сай жаңағы «құданда» заңы бір жағы «құда» «анда», «аталық», «абанқұлат» арқылы Батыс Европаға тартып, ар жағы «Хуанди», «Янди», «Жун Ди» терминдері желісімен біздің дәуірімізге дейінгі Қытай мен Ғұн қарым-қатынасына апарады екен. «Қарым-қатынас» тіркесінің өзі екі ұғымнан тұрады: «қары» – туыстық және «қат» – одақ.
Бұқар би айтқан «Құд анда» ұғымы билер айтысымен бірге жасап келе жатқан заң нормасын еске алып, біраз әңгіме қылдық.
Қазақ «Ескіні еске алмай, жаңа жадыға түспейді» демей ме. Абай қазақтың бұрынғы бүкіл заңын «Ескі сөз» деп рәсімдеген. Яғни есті заң, ес, жад, код.
Марат Азбанбаев,
Қарағанды облыстық сотының судьясы.