Жаңалықтар

Білекті емес, білікті жеңеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында Қарағандыда алғаш рет кең ауқымда Жастар форумы мен WorldSkills Karaganda 2025 өңірлік чемпионатының 10 жылдық мерейтойлық ашылу салтанаты өтті. С.Сәпиев атындағы бокс орталығында жастар үшін үлкен маңызы бар екі бірдей іс-шараның шымылдығы түріліп, «Жұмысшы мамандықтарының жылы: шеберлікке бастар жол» жастар форумы ұйымдастырылды. Жастар билік және бизнес, білім мен технологияның өкілдерінен құралған маңызды алаңға жиналды.
Облыста жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында 100-ден астам іс-шара жоспарланғанын ескерсек, бұл форум жастар үшін мүмкіндіктер алаңына айналды. Бүгінде аймақта 52 колледжде 126 мамандық бойынша 33 мыңнан астам студент оқиды. Дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, 300-ден астам кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатылған. Мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайып, жаңа мамандықтар да ашылуда.

Еліміздегі ірі өндіріс, құрылыс пен металлургия орталығына айналған Қарағандыдағы 800-ден астам кәсіпорын мыңдаған адамға жұмыс беріп отыр. Ал, техникалық және кәсіптік білім – осының тірегі. Осы орайда форум аясында қонақтарға арнайы белсенділік алаңдары ұйымдастырылып, есте қалатындай арнайы естелік монета жасалды. Форумды тамашалауға келген адам саны 700-ден асты. Оған қоса, 38 колледжден келген студенттер мен 10 әлеуметтік серіктес – өңірдің алдыңғы қатарлы компанияларының өкілдері де форумнан табылды.

Облыстың білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова атап өткендей, бүгінде аймақта техникалық және кәсіптік білім беру экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

– Қарағанды – ел экономикасының жүрегі, өндірістің қара шаңырағы десек, артық айтқандық емес. Мұнда негізгі күш – білім мен кәсіби шеберлікте. Қарағанды колледждері республикалық және халықаралық чемпионаттарда жоғары дайындық деңгейін көрсетіп отыр. Әрбір өңірдің табысты дамуы мамандарды даярлау деңгейімен айқындалады. Бізде, әсіресе, техникалық мамандықтар бойынша мамандар ұстаханасы қалыптасқан.
Қарағанды облысының колледждері өнеркәсіп үшін сапалы кадрлар даярлап, білім беру мен өндіріс орындары арасындағы өзара әріптестікті нығайта түсті. Өндірісті аймақ сегіз жетекші техникалық бағыт бойынша орта мамандандырылған мекемелерді кластерлеуде. Орта кәсіптік білім берудің қалыптасқан тәжірибесі бар. Бірнеше жылдық тарихы бар колледждер сақадай сай. Білім мен тәжірибені ұштастыратын өндірістік кәсіпорындар жеткілікті. Оқытушылар құрамы білікті. Жергілікті кәсіпорындарда жас мамандар жұмысшылар қатарын толықтырады. Өңірде өнеркәсіп, құрылыс және энергетика салаларында мыңнан астам өндіріс ошағы бар. Оларда әртүрлі мамандықтар бойынша 200 мыңға жуық жұмысшы еңбек етеді. Оған қоса, біздің студенттер чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болып, өздерінің жоғары деңгейін бірнеше рет дәлелдеді, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.

Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Татьяна Нартова WorldSkills қозғалысы мамандарды даярлаудың халықаралық стандарттарын қалыптастырып, олардың бәсекеге қабілеттілігін Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де арттыратынын атап өтті.

– Қарағанды тек зауыт-фабрикамен шектелмейді. Бұл – адам капиталына, білім мен білікке басымдық беретін аймақ. Соның бір айқын дәлелі – WorldSkills қозғалысындағы жетістіктер. Бүгінде 37 кәсіпорынмен бірлескен 152 жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. 38 колледж дуальды оқытуға көшті. 8 мыңнан астам кәсіпорынмен әріптестік орнаған.
2024 жылы Қарағанды облысының командасы республика бойынша үздік үштікке енді. Биылғы WorldSkills Karaganda чемпионатына 38 колледжден 286 үміткер қатысып, 46 құзырет бойынша сайысқа түсуде. Сайыс алаңдары алты колледж бен тағы 13 оқу орнын қамтиды. Атап айт­сақ IT, робототехника, дизайн, кондитерлік өнер, мейрамхана ісі және басқа да 40-тан астам құзыреттілік бойынша жарыстар өтуде. Жеңімпаздар Астанада өтетін республикалық WorldSkills Kazakhstan чемпионатында облыс намысын қорғайды, – деді Татьяна Нартова.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, 2024 жылы қарағандылық студент ұлттық чемпионатта прототип жасау бойынша бірінші орын алып, халықаралық додаларда Қазақстан атынан өнер көрсетті. Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен байқауда Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің студенті «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреті бойынша топ жарды.

– Бұл – жай ғана бір баланың жеңісі емес. Бұл – облыстың жүйелі еңбегінің жемісі. Қарағанды колледждері Қытай, Германия, Жапония, Беларусь, Өзбекстан мен Түркия елдерінің оқу орындарымен тығыз байланыста. Мұндай ынтымақтастық білім сапасын көтеріп, жұмысшы мамандықтарды әлемдік деңгейге шығаруға жол ашады. Сондай-ақ облыс бойынша «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» әзірленді. Мұнда ертеңгі күнде қажет болатын, бүгін пайда болып жатқан және жойылып бара жатқан кәсіптер қамтылған. Аддитивті технологиялар, мультимедиалық дизайн, киберқауіпсіздік сияқты бағыттар бойынша нақты құзыреттер енген. Айта кетсек, 2024 жылы өңір түлектерінің 90,8% жұмысқа орналасқан. Бұл – облыстағы білім беру жүйесінің еңбек нарығымен үйлескенінің көрінісі. Атлас болашақ мамандарды сапалы даярлауға жол ашады, – деп атап өтті Татьяна Нартова.

Форумда аймақтық колледждерден келген оқытушылар мен жастар сөз алып, пікірлерін білдірді. Халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды оқытып, жұмысшы орындарына сапалы маман даярлап отырған Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасындағы Инновациялық технологиялар колледжінің директоры Нұрбибі Смағұлова жастар чемпионатқа белсенді дайындалғанын айтты.

– Жалпы 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады, ал, студенттердің стипендиясы екі есеге өсті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау – «Жұмысшы мамандықтары жылының» басты қағидасы. Бұл орайда білім беру мекемелеріне қойылатын негізгі талап – болашақ еңбек адамының имиджін ілгерілету, маман даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту.
Техникалық және кәсіптік білім негізінде қабылданған білім алушылардың контингенті жыл сайын артып келеді. Елімізде жастар мен ересектердің еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті және кәсіби тұрғыда мобильді маман болуына жағдай жасалған. Оны біздің колледж студенттері жақсы біледі. Колледждің стратегиялық мақсаттарының бірі де сол – колледж түлектерінің халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету. Инженерлік-педагогикалық қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға жағдай жасаймыз, – дейді Нұрбибі Смағұлова.

Чемпионатта еңбек нарығындағы сенімді әлеуметтік серіктестерден кәсіби тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасқысы келетін студенттер де ойын айтты.

– Чемпионатқа машығымыз бен тәжірибеміздің бар екенін көрсету үшін келдік. Біз командамызбен бәсекелесуге дайынбыз. Командада 24 студент бар және біз үздік болғымыз келеді.
Жалпы, «Жұмысшы мамандықтарының жылы» бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жұмысшы маманның жалақысы тұрақты әрі жоғары. Қаржылық тұрақтылық бар жерде шығармашылық және кәсіпкерлік мүмкіндіктерге де жол ашылады. Еңбек адамы ретінде өз кәсібіңді дөңгелетіп, табысты болуға талпынуға бірнеше жол ашық, – дейді Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Руслан Әбішев.

Форумға Қарағанды технология және сервис колледжі атынан қатысқан Гүлпахат Құттыбаева өткен жылы сән технологиясы бойынша WorldSkills республикалық чемпионатында үшінші орын иеленген. Қазақтың қол­өнерін, кәсіпкерлікті ұштастырып жүрген шебер қыз жүн өңдеу кәсібін дөңгелетіп, облыс әкімінің грантын жеңіп алған. Chanel мен Louis Vuitton дизайнерлеріне өз бұйымдарын тарту еткені тағы бар. Қазіргі таңда жүнді қайта өңдеу және киізден бұйымдар жасау бойынша өндірісін облыс әкімінің грантына ашуға мүмкіндік алды.

– Өз армандарымызды жүзеге асырып, қалаған ісімізді таңдап, үнемі дами беру керек. Кез келген істегі табыс – еңбек, білім және табандылық. Қарапайым жұмысшыларға арналған бағдарламалар көбірек болса, кәсіби біліктілігін барынша арттыруға мүмкіндік молаяр еді. Техникалық білімді тереңдететін курстар ұйымдастырылса, заманауи құралдармен жұмыс істеуді меңгеру де жеңіл. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» – еліміздегі еңбек адамдарына деген құрметтің көрсеткіші. Бұл жыл жаңа мүмкіндіктер мен перс­пективаларға жол ашады, – деп санайды Гүлпахат Құттыбаева.

Форум соңында чемпионат қатысушылары адал жарыс өткізуге ант беріп, әділ бағалау болатынын уәде етті. Жастар сұранысына сай отандық әнші Qanay өнер көрсетті.

Түстен кейін оқушылар мен студенттер форсайт-сессияға қатысты. Мұнда түрлі саладағы мамандар сөз сөйледі. Қытай, Нанкин орман-техникалық университетінің жаратылыстану факультетінің деканы Пэн Хунцзюнь жасанды интеллект тақырыбын қозғады. Ал, «Natige» сүт фабрикасының директоры Ерлан Әшім бизнестегі үздік болудың сырларын ақтарды. «QARMET» АҚ-ның әлеуметтік-еңбек қатынастары бөлімінің басшысы Әлібек Алпыспаев жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Шетел тәжірибесінде, Швеция мен Германия сияқты елдерде жұмысшы мамандықтары жоғары бағаланады. Елімізде де осындай жүйе қалыптасу үстінде. Еңбек етемін деген жандар көбейіп келеді. Жоғары жалақы, әлеуметтік жеңілдік, еңбек жағдайының жақсаруы – әр жұмысшы үшін маңызды. Материалдық жағдаймен шектелмей, қоғамда жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру да өзекті. Біз туралы жылы сөздер айтылып, еңбегіміз бағаланған сайын жастардың осы салаға деген қызығушылығы артады, – деді Әлібек Алпыспаев.

Сессия барысында цифрлық замандағы жұмысшы мамандықтарының болашағы мен білім беруді еңбек нарығына сәйкес­тендіру жолдары талқыланды. Спикерлер түлектердің жетістік тарихтары мен жұмысшы әулеттерінің дәстүрін сақтау, ұстаздардың тәрбиелік және кәсіби рөліне қатысты ұсыныстарын айтты. Жұмысшы мамандықтарының ерекшелігі мен артықшылығы, жастар арасында кәсіптік білімнің беделін көтеру мәселелері қозғалды.

Форумның екінші күні WorldSkills Karaganda 2025 аймақтық чемпионатының бірінші күні қорытындыланды. «Слесарьлық іс» және «Жүк техникасына қызмет көрсету» бағыттары бойынша металды белгілеу, шабу, жөну, бұрғылау тәжірибесі көрсетілді. «Жүк техникасына қызмет көрсету» бағытында студенттер қозғалтқыштан форсунканы шешіп алып, оны реттеп орнатты. Цилиндр гильзалары мен иінді біліктің өлшемдерін де жүргізді.

Аймақтағы «WorldSkills Karaganda» чемпионаты 20-23 мамыр аралығында өтеді. Жарыс қорытындысынан кейін WorldSkills Karaganda 2025 жеңімпаздары облысты республикалық кезеңде таныстыруға мүмкіндік алады.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button