Қаражал

Биік белес бағынды

Қаражал қаласындағы №1 қазақ орта мектебі жанынан құрылған оқушылардың «Көркем» бишілер тобы Елордада өткен ХІ Халықаралық «Ақ көгершін» фестиваль-байқауында лауреат атанып, биік белесті бағындырды.

Би өнеріне бейім оқушылардан жасақталып, дайындық жұмыстарына кіріскеніне әлі жыл толмаған балғын өнерпаздардың жетістігі – тілегі түзу жерлестері үшін, әрине, зор қуаныш. Мектеп өнерпаздарының көркемдік жетекшісі Гүлдана Меңдібаеваның айтуынша, Халықаралық сындағы бәсеке жеңілге соға қоймаған секілді. Алайда, балауса бишілердің шеберлік машығы мен жеңіске деген ынта-жігері топжарғандар қатарынан көрінуге негіз қалаған.

«Көркем» би тобы жергілікті тұрғындарға тартымды өнерімен жақсы танымал. Олар қалалық деңгейде ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралардың үнемі бел ортасында жүреді. Сахнаға алуан түрлі тартымды композицияларды сәтті шығаруға әдеттенген. Балғын бишілердің орындауында көптеген ұлттар мен ұлыстардың көрермен көңіліне қонымды билері бар.

Өрімдей өнерпаздардың толайым табысы бәрімізді ерекше шаттыққа бөледі, – дейді оқушылардың мәдениет мәйегін бойларына сіңіруіне ынтызар ұстаз, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Мамина. – Жас бишілердің жанарындағы жалын ұшқыны – олардың әлі де сан биікті бағындыра аларының айғағы. Ал, біздің міндет – өрендердің өнері ұшталуына қолайлы жағдай тудыру, қайраты мен жігерін жану.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button