Бесіктен неге безіндік?
Сен талбесік болып ұлан-ғайыр жерді, көшпелі елді тербедің. Тербедің де, заман ағымына қарай көнердің. Бесіктің киесін, құндақтың құндылығын ұмытқан ұрпақ сенен безінді. Себебі сол, қасиетіңді қайсыбірі сезінді?.. Сезінсе, дәл бұлай қоқыста жатуыңа еш себеп жоқ еді…
“Бесігі жоқ елден қорқамын”. Баукеңнің (Момышұлы) бағалы сөзі еске түседі екен осындайда. Қоқыста жатқан көк бесікті көріп жаның түршігеді. Ұлт үшін бағалы саналған бесік қолданыстан шығып барады. Бұған себеп қазіргі медицина мамандарының кеңесі дейді. Әуелі сол кісілерді сөйлетуді жөн көрдік.
Бұған дейін қазақстандық педиатрдәрігерлер бесіктің денсаулыққа қауіп төндіретінін тұжырымдап, баланы бесікке бөлемеуге кеңес берген. Бір кездері бұқаралық ақпарат құралдары осы мәселені өткір көтеріп, кейін саябырсыды. Одан келді де үн-түнсіз бесіктен ажырай бастадық. Бәрі дерлік емес, әрине. Қазақылықтың қаймағы сақталған ауылдардың өзінде бесік жәдігерге айналып барады. «Бесіктойда» жиналып, ырымын жасап, кейін киелі бесікті ығыстырып қойған жеңгелерді де көз көріп жүр. Сәбиінің саулығын ойлап, кейін әбігерге салмас үшін, бүгінгінің дәрігерін тыңдайды. Бұл да дұрыс шығар, бәлкім. Сонымен, дәрігер не дейді?
– Бесікте қысылып жатқан баланың ішкі органдары зақымданып, қан айналымы дұрыс жүрмей, бұлшық еттің өсуіне кері әсерін тигізеді. Онда баланың демалуы қиындайды. Әрі басы үлкейіп, аяқ буындарына зақым келуі ықтимал. Бастысы, баланы таңып тастаудан жамбас сүйегінде дисплазиялық ақаулар пайда болады, – дейді №5 қалалық емхана директорының орынбасары Айнагүл Балмағамбетова.
Маман әңгімесін тереңдете түсті. Айтуынша, кейінгі 7-8 жылда жүкті әйелдердің денсаулығы көңіл көншітпейді-мыс. Өзі 20 жылдай қызмет еткен емханаға жылына 600-ге жуық әйел жүгінсе, соның 80-90- ының ғана дені сау. Қалғандары түрлі сырқатқа шалдыққан. Бала денсаулығы әлсіздігінің сыры – осында. Бұл әңгімені әзірге осы жерден үзіп, негізгі тақырыпқа ойыссақ.
Алғашқы профилактикалық тексерістен өткен кезде бала денсаулығынан ақаулар байқалса ғана бесікке бөлеуге шектеу қоямыз дейді маман. Демек, мүлдем болмайды деген сөз емес…
Ал, құрсағына құт дарыған үлкен аналарымыз бұл пікірді аса құп көрмейді. Небір батыр да, ақын да, алып та бесікте тербеліп, ана әлдиіне ұйыған дейді олар. Бесікті тұрмыстық бұйым ғана емес, дені сау, саналы ұрпақ өсірудің маңызды мұрасы санап, күні бүгінге дейін қадіріне жетіп отырған – сол әжелер.
– Бос бесікті ешуақытта жабусыз қалдырмаған. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қойған. Бала өскен соң, бесікті міндетті түрде төрге, маңдайшаға іліп қойған. Бесіктің теріс жағына отырмаған. Оны саудаламаған. Айтқан бағасына сатып алған. Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын көтермеген, саудаласпаған. Сондайақ, халқымыз баласының бесігін біреу сұраса, арнайы ырым-жоралғы жасап, жақсылыққа балап, тек содан кейін ғана жақын туыстарына ғана беретін болған, – дейді жаңаарқалық Рәбиға Нұрланова әжей.
Әжейдің айтуынша, наным-сенімдер бойынша бос бесікке Ібіліс баласын жатқызады не жылан салып қояды. Сол-себеп, тербетуге тыйым салынады. Сондай-ақ, сәбиге жын-жыбыр, көрінбейтін қара күштер жоламасын деген ниетпен бесіктің басына қайшы, пышақ, қамшы жастап та қойған.
Басқа ұлт өкілдерінің озық ойлыларының бесіктің және бесік жырының ұрпақ денсаулығындағы орны туралы пікірлері аз емес. Мысалы, 1916 жылы Мәскеу қаласында 1-ші болып психоневрология институтын құрған академик Владимир Бехтерев «Балалардағы невроз ауруының алдын-алу үшін бесік жырын тындату керек» депті. Демек, қазақтың көші түзелуі үшін, ұлттың ұлағаты сақталуы үшін, ұрпақтың тәрбиелі болуы үшін әр келін, әр ана, әр әже осы құндылықтарды қатаң сақтауы тиіс деп ойлаймын.
Сонымен қатар, қазақ халқы бесік жасату ісіне де үлкен мән берген. Бесікті ғұмыры ұзақ болсын деп, жеті кәрі адамның таяғынан, бай болады деп жеті ауқатты үйдің ат қазығынан, ақылды, шешен болады деп жеті үйдің шаңырақ көтеретін бақанынан, қайратты, батыл болады деп, жеті батырдың сойылынан жасатқан екен.
Осы ретте өнегенің тұтас бір өлшемі саналған қасиетті мүлкімізге ақсақалдың көзқарасын білдік.
«Көнекөз қариялардың «бесігіңді Қызыр тербесін» деп жас келінге берген батасының өзінде де өнеге жатыр. Тіпті, қазақ ардан аттағанды «бесік көрмеген» деп кінәлап жатамыз. Апам елдегі көзінің сұғы бар дейтін біреулер келе жатса, бесікті көрпемен жаба салатын. Демек, бесіктің көлденең көздің сұғынан, бейтарап тілден қорғайтын қасиеті бар. Осыдан-ақ, бесіктің қазақ үшін бағалы екенін білуге болады. Расымен де, баласы бар үйдің өзінде де бесікті сирек кездестіреміз», дейді шеттік ақсақал Амангелді Рахымжанұлы.
Иә, шаңырақ, табалдырық, бесікті қадір тұтқан қазақтың бүгінгі сыйқы – осы. Қасиетін ұғынғандардың саны – санаулы ғана. Осы үшеуі мейлінше тозып, пайдалануға жарамсыз күйге жеткенде аяқ асты етпей, өртеп жіберген. Тіпті, күлін де көміп тастайды екен. Ал, біз ше?..
Ертеде жайлауға көшкенде, бесік көлікке сыймай қалатындай жағдай болса, биікке не босағаға іліп кеткен. Сонда жол-жөнекей өтіп бара жатып, қыстаққа бас сұққандардың бірде бірі бесікке тиіспеген. Бұл – киені қастер тұтып, қасиетті мойындау.
Бесік – ұлттық болмыстың бастауы. Елімізде Домбыра күні аталып өтіледі. Біздің ойымызша, енді БЕСІК КҮНІ белгіленуі тиіс. Ұлттық кодтың бесіктен бастау алатынын жоғарыда жеткізген секілдіміз. Мұны жаңару мен жаңғырудың бастауы әз-Наурыз мейрамынан бөлек мереке ретінде атап өтуіміз керек. Бесіктің құндылығы жөнінде мектеп оқулығына арнаулы тарау ретінде енгізілсе артық етпейді.
Ал, қоқыс алаңында жатқан бесікті көріп (суретте), тұтас бір дәуірдің ұрпағы үйіндіде қалғандай әсерде болдым.
…Бесік тұрмақ, шарананы да қоқысқа лақтырып жүрміз ғой, бірақ.
Қасымхан ҒАЛЫМ