Бес ғасыр бебеу қаққан ән кеші
Ғасырларға сапар шеккен, аты аңызға айналған «Роксонаки» этно-рок тобының солисі, І халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің І орын иегері Серік Көшкінбаевтың көптен күткен шығармашылық кеші Арқа төсін дүбірге бөледі. Ине шаншар орын қалмаған «Шалқыма» концерт залына көрермен қауыммен қатар облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Әсет Аманжолов қатысып, ақжарма лебіздерін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, дирижер Ерлан Бақтыкерейдің жетекшілігімен Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестрі сахна шымылдығын Түркештің «Көңілашар» күйімен ашып, ә деген бетте көзайым жұртшылықты ерек әсерге бөлеп сала берді.
– Қазақ музыкасының феномені болған топ, халқымыздың бай мұрасын әлемге танытты. Тоқсаныншы жылдарда жанқиярлықпен еңбек етіп, дүниежүзілік мәдени қабатқа қара нардай қақ жарып, жол бастаған өзіңіздей дарабоз өнер иелері. Ықылым заманнан біздерге жеткен жыраулар жырын тірілткен, фәниқұстай түлеткен сара жолыңыз ел жадында қалды. Осынау киелі сахнадан азырақ қол үзгеніңізбен, еліңізді сағындырып, үздіктіріп қайта оралдыңыз. Тағы да топ жардыңыз! Сол сахнаны аңсатқан сартап сағынышыңыздың орны бүгін толды деп мерейленеміз. Алаштың ән аманатына қиянат жасамай, ұлыңыз Нұрботаға ұстатқандай әдемі әсердеміз,– дей келе Ерлан Бейсембайұлы облыс әкімінің жүрекжарды лебізі мен кәдесыйын табыстады.
Кезінде Канада, Жапония, Германия сынды мемлекеттерде өнер көрсетіп, ақзер әлемнің көрерменін қайран қалдырған, Асан Қайғы, Жиембет, Үмбетей, Бұқар сынды һас жыраулар шығармашылығын заманауи нақышқа салып орындап, қаракөздеріміздің де жүрегін тербеген этно-рок тобының әншісі араға аздаған жылдар салып, өнерсүйер қауыммен қайта қауышты.
– Бүгін жүрек сағынып, көңіл іздеген әлемді әлдилеген әуезді әуен жансарайымыздың төріне жайғасты. Жасаған ғұмыр берсін, сахнасын сағынған саңлағым! Ән керуеніңіз көрікті болсын! Арқадан ән үзілмесін! – деп шамырқана тілек қосты Алаштың алтын жүрек атымтайы Бекзат Қомарұлы.
Сахна төріне отбасымен қадам аттаған Серік Төлеуханұлын жиылған жұртшылық тік тұрып қарсы алды. Елге айтулы әншілер ұлы Нұрбота Көшкінбаев және жан жары Гүлнәр Жұмаева үшеуі Қ.Байекеновтің сазына жазылған «Ұлар құс», Ж.Беймағамбетовтың «Ақ бөпем», халық әні «Әлди бөпем» атты музыкалық шығармаларын тамылжыта орындады.
– Өнер десе, ішкен асын жерге қояр ардақты ағайын. Бүгін сахнаға қайта оралып, Сіздердің кеу-кеулеген үндеріңізді естіп, шынымды айтсам, «Азия дауысына» қатысқандай күй кешіп тұрмын. Көңілім теңіздей толқып кетті. Ендігі кезде әнімді шырқап, өнер жолын әрмен қарай жалғай түссем деген ойым бар. Шыңыраудан шыңға шыққан шығармашылығымды шыңдай түссем екен деймін. Соңымыздан ерген бірталай жас әнші шәкірттерім де бар. Олар репертуарымдағы әндерді шырқап көріп, алған әсерін айтып жатады. Өнер өлмесін десек, оны өрістете түскен абзал. Ниет – мұраға айналған дүниелерді халық ықыласының талғам-таразысына қайта тарту. Осы орайда, өздеріңізбен қайта қауышуға кең мүмкіндік жасаған облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасы басшыларына шынайы алғысымды жеткіземін! – деп тұжырды ойын һас әншінің өзі.
Кеш барысында республикалық конкурстар лауреаты Нұрболат Еренғайыпов Ж.Сейіловтің «Абзал жан» әнін тамылжытып, «Мерей» триосы «Роксонаки» тобының жетекшісі Руслан Қараның сазына жазылған Бұқар жыраудың «Өлмегенде не өлмейді» атты шығармасын сәтті орындады.
Кешке ат басын арнайы бұрған белгілі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай мен халықаралық ән байқауларының лауреаты, Бауыржан Исаев ән мен әуезден гүл шоғын сыйлап, көңіл тебірентер естеліктерімен бөлісіп, кеш иесіне шалқар шабыт тіледі.
– «Азия дауысы» байқауын ол кезде білмеген жан кем де кем болса, бүгінде ұмытқан адам кем де кем болар, шіркін, – деп әңгімесінің әлқиссасын бастаған Бауыржан Исаев сөзін сол дәуірге апарғандай риясыз кейіпте көрерменге бір қайырылды. – Біздің бозбала кезімізде Серік ағалар өнер көрсеткен әйгілі этно-рок тобы талайды сол жылдардан бермен қарай тәнті етіп келді. Біз де осы тұлғалардай ән өнерінің бір биігін еңсерсек деген алып арманымыз жоқ емес еді. Тілегеніміз орындалды. Іздегеніміз табылды. 1996 жылы өзім де сол фестивалде бақ сынап, бас жүлдесін еншіледім. Сол сәт – дәп кешегідей көз алдымда. Жеңісіме алғашқылардың бірі болып шынайы қуанған да, риясыз мені қолдаған, бауырына басқан осы сан қырлы Серік Сері ағам болатын. Мұндай таңғажайып шақтар саналы адамның есінен өшпейді… Бұл кісімен бір сахнада тұру – біз үшін абырой биігі!
Онан соң дирижерлік мінберге Қазақстан Композиторлары одағының мүшесі, республикалық дирижерлер конкурсының бас жүлде иегері Әбілқайыр Сағымбаевтың жетекшілігімен Тәттімбеттің «Саржайлау» күйін әуелетті оркестр.
Әншінің ұлы Нұрбота Көшкінбаев та – ән әлемінде өзіндік сырлы жолы қалыптасқан ерек орындаушы, сырбаз сазгер. Кеш барысында әкесімен қосыла шырқаған әуендер былайғы тыңдарманын бейжай қалдырмай, құдды бір әке мен ұлының саз аясындағы сұхбатындай әредік әдемі өрбіп тұрды. Бұл шығысында Нұрбота өзінің авторлық туындысы «Мой Казахстан» әнін тарту етті.
Кеш соңын Серік Көшкінбаев халықаралық «Азия дауысы» фестивалінде жүлде бөктерген әйгілі ән «Қырқыншы жылғы бесік жырымен» тәмамдады. «Бөпем, бөпем, бөпем-ай-оу, қай жақта жатыр көкең-ай-оу…» деп алыстан талықсып естілер мұңлы әуен әсерлі кештен тарқаған қаймана жұрттың жүрегін бір шым еткізіп, әуеге көтерілді де, концерт залының аспалы шамшырағының жалқын сәулесімен астасып кетті…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz