Жаңалықтар

Берік ДҮЙСЕТАЕВ: «Бар игілік Сіз үшін, ардақты көрермен!»

Қарағанды облыстық «SARYARQA» телеарнасына биыл 65 жыл толып отыр. 1958 жылдың 8 наурызында алғаш рет эфирге шығып көрді. Одан кейін 31 тамызында кеншілер күніне арналған алғашқы тікелей эфирге шыққан еді. Ал, тұрақты хабар тарату қазан айында басталды. Осыдан тура 65 жыл бұрын әр қарағандылықтың пәтерінде теледидар экраны шырадай жанды. Шағын қара жәшікте «Эфирде Қарағанды арнасы» деген диктордың сиқырлы дауысы көпшіліктің әлі есінде. Ал, сол экранның ар жағында сандаған журналистердің, режиссерлердің, техниктердің, таспагерлердің көзге көрінбес ерен еңбегі қатталды. Өңірдің өрнекті тарихын түзген ғаламат есімдерді бір ескеріп, телеарнаның бүгіні мен ертеңіне көз жүгірту үшін арна басшысы Берік Дүйсетаевпен сұхбаттасқанды құп көрдік, қадірлі оқырман.

– Құрметті Берік Смағамбетұлы, есік қаққалы тұрған өңірдің бас телеарнасының мерейтойы құтты болсын! Алдымен арнаның кешегісі мен бүгініне шолу жасап өтсек…

– XX ғасырдың кереметі атанған телеарна өз жұмысын бастаған соң тұрақты түрде хабар тарату 11 қазан күні Қарағандыда өткен Азия және Африка елдері жазушыларының съезі туралы бағдарламадан басталды. Алғашқы жарты жылда бағдарламалар аптасына үш күн бойы көрсетіліп тұрды. Телевидениенің төл туындыларын негізінен қоғамдық-саяси, әдеби-драмалық және балалар мен жасөспірімдерге арналған хабар тарату редакциясы дайындады. Кейінірек бұлардың қатарын музыкалық бағдарламалар бөлімі толықтырды.

Телестудия әр жылдары өндірісті өлкенің еңбек адамдары жайлы хабарлар топтамасын дайындай жүріп, 60-тан астам жеке телевизиялық фильм түсіріпті. Бұл фильмдер республикалық және одақтық телеарналардан көрсетіліп, конкурс жеңімпаздары атанды.

50-ші жылдары телевизиялық қондырғылармен жабдықталған радиотелеорталық тек 1970 жылдары ғана жаңа, заманауи техникамен толықтай қайта жаңартылды. Жылжымалы телевизиялық станция жарақталып, монтаждалды. Бейнемагнитофондар, бірнеше телекамералар және т.б. құрал-жабдықтармен қамтылды. Осының арқасында Теміртау, Шахтинск, Абай, Саран қалаларынан және басқа да шалғай елді мекендерден тікелей репортаждар жасау мүмкіндігіне ие болды.

Байырғы телестудияның қазір қомақты мұрағат қоры бар. Аймағымыздағы айтулы оқиғалар мен өндіріс орындарының жылнамалары, металлургияның толағай табыстары мен қол жеткен жетістіктері, жаңадан ашылған білім және мәдениет ошақтары, спорт пен денсаулық, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы және ғарыш саласына қатысты хабарлар алтын қорымызда сақтаулы.

60 жылдан астам тарихы бар телеарнада «алғашқы» деп басталатын сөз тіркесі жиі қолданылып келеді. Әсіресе, ол ең қиын, әрі ең қызықты алғашқы он жылдық кезеңде жиірек айтылды. Біз Алматы және Өскемен қалаларымен қатар Қазақстандағы алғашқы телестудиялардың бірі екендігімізді мақтан тұтамыз. Облыстық радиохабарларын тарату және телевидение комитетінің ең алғашқы төрағасы Құрманжан Қасымжанов, ал оның орынбасары, студияның ең алғашқы директоры Қали Аманбаев болды. 1962 жылы Қали Аманбаев Қарағанды облыстық телерадиокомитетінің тізгінін ұстап, арасында үзіліспен 9 жыл басқарды. Осы дара тұлға – Қали Аманбаевтың арқасында Қарағанды телевидениесі Кеңес үкіметі тұсында одақ көлемінде алғы шептерде болып, болашағына берік негіз қаланды. Қали ағамыз шешімі күрмеулі түйткілді проблемалардың дер кезінде оң шешім табуына бар күш-жігерін жұмсаған жан. Ол кісіні бүгінгі ардагерлер жиі мақтанышпен еске алады.

Бүгінге келсек, жоғарыда атап өткенімдей, биіктен көрінген телеарнамыздың атақ-даңқын төмендетпеуге, одан әрі биіктетуге ұжым болып ұйысып, ынтымақтаса еңбек етіп келеміз.

Біздің басты мақсатымыз – көрерменнің көңілінен шығу, халық пен билік арасында әділ түрдегі өткел болу, мәселенің әділетті шешілуі. Халық сайлаған Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа Қазақстанды» орнату бағдарламаларына барынша қолдау көрсету. Дәл осы мақсатта телеарна ұжымы үнемі тұрақты ізденісте жүріп, облыс өмірінің бар қырын ашатын бағдарламаларды әзірлеп, эфирге дайындауда. Сондай-ақ, ұлтаралық келісім, патриотизм, толеранттылық, этникалық және діниаралық төзімділік идеяларын насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу сияқты танымдық шараларды естен шығармайды.

Әрбір үш сағат сайын тікелей эфирде шығатын мемлекеттік және орыс тіліндегі жаңалықтар, тікелей эфирлер, ток-шоулар, тарихиағартушылық, танымдық және ойын-сауық телебағдарламалары да көрермен назарында. Мұның бәрі «Аймақ айнасы», «Большой регион», «ARQA live», «Ойталқы», «Главная студия», «ДАТ», «Тарих пен тағдыр», «Истории и судьбы», «Арена» секілді бағдарламалар арқылы жүзеге асырылып келеді.

Телеарнаның хабар тарату сеткасында 30-дан астам бағдарлама бар. Тәулігіне – 14 сағат, аптасына 7 күн хабар таратамыз. Өңірімізде болып жатқан оқиғалар мен бағалы бастамалар туралы жедел, объективті және дұрыс ақпарат әрбір үш сағат сайын эфирден беріледі. Бұл «ARQA news» ақпараттық бағдарламасының еншісіне тиесілі. Өңірде тек біздің жаңалықтар шығарылымы тікелей эфирде таратылады. Бұл сандық технологиялар, оның ішінде «Cineqy» жүйесін енгізу арқасында мүмкін болды. Ал, көрермендермен тұрақты кері байланысқа ие болу үшін ақпараттық редакция жанында «Жедел желі» жұмыс жасайды. Бүгінде өңір екі облысқа бөлінгенімен ақпарат тарату аясы кемімеді. Жыл сайын арна шығармашылық тұрғыда бір фильм тартулап отыратын дәстүрі бар.

Телеарнада жұмыс істейтін 33 қызметкеріміз облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығымен, тағы да ондаған редакторымыз «Құрмет» грамоталары және Алғыс хаттарға ие. Жыл сайын шығармашылық топтарымыз министрліктер өткізген конкурстардың жеңімпазы атанып жүр. Біздің телеарна «Тарихы терең, дәстүрі бай» деген ұранмен жұмыс жасауда. Басты мақсатымыз – көрерменнің көңілінен шығып, жаңа жетістіктерге жету.

– Берік мырза, тарқатып өтсек, «SARYARQA» арнасы қандай техникалық мүмкіндіктерге ие?

– Техникалық және шығармашылық мүмкіндіктеріміз жеткілікті деп марқайсақ болар. «SARYARQA» арнасы өңірде бірнеше позиция бойынша көш бастап тұр. Біздің телеарна облыстың ең ірі «Otau TV», «ID TV», «Alma TV», «Ювис» секілді басқа да облысқа, қалалар мен аудандарға тарайтын барлық кабельдік операторлардың арналарында тарайды. DVB-T2 стандартындағы халықты цифрлық эфирлік телехабар тарату желісімен (спутникті пайдаланбай) қамту 100%-ды құрайды. Тікелей эфирде шығатын ақпараттық жаңалықтардың күнделікті шығуын кәсіби түрде қамтамасыз етеді. Ең ірі және бай бейнеархивке ие. Қазіргі заманғы техникалық жарақтандырылуы бар: 5-камералы «Sony» студиялық кешені, жаңалықтарда 3-камералы «BlackMagic» студиялық кешені, 10 дана «Sony» телевизиялық журналистік камералары, 3 кәсіби квадрокоптер, GSM мобильді байланысы арқылы кез келген нүктеден ақпарат, бейнефайлдар алмасу жүйесі, көпкамералы жылжымалы телевизиялық кешен. Жоғары сапада медиа-контентті жедел жасауға мүмкіндігі бар «Сinegy» лентасыз өндірістің автоматтандырылған жүйесі интеграцияланған өңірдегі жалғыз арна.

– Осы маусымда «SARYARQA» көрермендері қандай бағдарламаларды тамашаламақ?

– Біз әдетте бір жобаны бастамас бұрын оны үлкен талқыға салып, мамандардың, көрермендеріміздің және ардагерлер қауымының ұсыныс-пікірлерін тыңдаймыз, сұранысын ескереміз. Себебі, әр бағдарламамыз тек патша көңіл көрерменімізге арналады. Бар игілік Сіз үшін, ардақты көрермен! Сонымен, мәртебесі биік бар тараппен кеңесе келе, бұл маусымда «Сәлем, Қарағанды!» деген тікелей эфирдегі бағдарламаның беташарынан бастамақ ниетіміз бар. Мұнда өңір өмірінің тыныс-тіршілікке толы күні қалай басталатынын жан-жақты әспеттеп, көрнекі бір эфир аясына сыйғызу мұраты тұрғандай. Әзір айтарымыз осы, өзге де тосынсыйларымыз бар. Алайда, оны келер күндердің еншісіне қалдырсақ па дейміз.

– Сіздің арна басшысы лауазымын атқарып келе жатқаныңызға қателеспесек 18 жылға жуықтаған секілді. Басшы ретінде көрермен қауымына айтар лебізіңіз бар шығар?

– Осы арада сөзіңізге аз-маз түзету енгізіп қоялық. Арна директоры біреу үшін лауазым шығар. Дәл мен үшін бұл – алдымен қастерлі мамандық. Себебі, директор телевизия жүгі мен жауапкершілігін толықтай арқалап жүрген кәнігі тұлға. Әлгі «Нардың арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген мақал осындайда айтылса керек. Ең үлкен жауапкершілік – көрерменнің сенімін ақтау. Осы бағытта біз эфирдегі әр секунд үшін жауап беруге міндеттіміз. Телеарнаның қалыптасуына үлес қосқан азаматтар жетерлік. Сол жандардың қажырлы еңбегі мен төзімділіктері, маңдай терінің арқасында телеарнамыз жыл сайын дамып келеді. Сондықтан телеарна ардагерлерінің бізге мұра етіп қалдырған осы аманатына адал болуымыз керек. Бұл – шығармашылық ұжымның басты міндеттерінің бірі.

Қымбатты, көрермен! Біз Сізбен біргеміз. Өңірдің өмірі қандай болса, арна эфирі де сондай болмақ. Еліміз аман болса, эфиріміз де көркем болады деген сенім бар. – Тұшымды әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button