Баған

Береке басы – бірлік

Ел іргесінің тыныштығы- на, ішкі алауыздықтан ада болуына, мемле- кеттің өсіп-өркендеуіне, халықтың ымыра-бірлігі нығайып, мамыражай күйде бай-қуатты өмір сүруіне тілекші болу – қа- риялар қауымының қас- терлі парызы. Бұл – бізге бағзы күндердегі бабала- рымыздан ұрпақтан ұр- паққа ауысып жеткен бағалы дәстүр, ұлағатты ұстаным. Ал, сол ұста- нымнан айнымау, келе- шегі кемел жас буынды игі істерге бейімдеу – ада- ми міндет.

Осы ретте бізді, яғни, ардагерлер қауымын Хақ Тәңірден тілегеніміздің арналы түрде жүзеге асып келе жатқаны ерекше марқайтады. Басталған әрекеттің бәрінде береке бар, ел санасында ертеңгі күнге деген сенім басым. Бұл – бірлік қазығының бекемдігінің айғағы.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында әлемде орын алған экономикалық қиындықтарға қарамастан, елімізде ілгері басу үрдістері бар екендігіне назар аударды.

Ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясын және Ұлт жоспарын орындау мақсатында атқарушы билік органдарына бірқатар міндеттер жүктеген Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тиімді шағын және ортақ бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі» дей келе, ауыл тағдырына байланысты жергілікті билік органдарының атқара алмай жатқан жұмыстарына нақты сипаттама берді. Олардың орындалу жолдарын нұсқады.

Жылдың басты құжатында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр» – деп айқын айтылды. Ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс-тіршілік жағдайын түзеу, яғни, табысын көтеру нақтыланған пәрменді іс-қимылдарды жедел қолға алу талабы қойылды. Соның аясында Үкімет пен Парламентке түйткілді мәселелердің түйінін тарқату міндеті жүктелді. Осы орайда, «алма піс, аузыма түс» ұстанымынан бас тартып, тұрғындардың өздері де тиянақты әрекеттерге білек сыбана кірісуі қажет-ақ. Әрине, бүгінгі күні ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі күрт төмендеді деуге ертерек. Оның басты себебі – ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуға қатысты талпыныстары әлі де төмен. Мемлекет тарапынан мақсатты негізде қарастырылған несие қаражаттарын алып, кәсіпкерлікке бет бұру белсенділігі тым мардымсыз. Көпшілігі мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек қаржысын нәпақа қылуды жөн көреді. Мұндай түсінік оларды жұмысқа жұмылудан алшақтатып, керісінше, масылдыққа бағыттайтыны анық. Осы келеңсіз жайтты мемлекет болып, жалпы қауым болып жолға қоятын, сол арқылы ауыл мен оның тұрғындарының әл-ауқатын еселеп арттыратын кез жетті.

Дәл осы тұста да елдіктің басты көрсеткіші – бірлік пен ынтымақтың жағымды әсері аңғарылып тұруы тиіс. Жолдауда алға қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындау – баршаның ортақ ісі. Бұл жолда «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығара білу – тұғырлы талаптың бірегейі. Береке басы – бірлік, ардагерлер айтар уәждің түйіні – осы.

Боранбай ЖУМКИН,

«Құрмет» орденінің иегері, Шет ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button