Ақтоғай

БЕЛ АСҚАН

 Бәріміз де өмір жолаушысымыз.

Қадірлес аға Нұрғазы Нұрмұхамбетұлымен 1978 жылдың жайдары жазында танысқан едім. Содан бері 40 жылдың жүзі болып қалыпты-ау. Нұрекең аудандық партия комитетінің екінші хатшысы. Жігіттердің айтуына қарағанда Жезқазған облыстық партия комитетінде қызмет жасап жүрген жерінен жаңа ауданның іргесін қаласуға жіберіпті. Ауыл шаруашылығын басқарады, қадағалайды. Орыс тілді басшылар көп, журналист ағайындар Нұрекеңді жағалаймыз, иманжүзді, бауырмал, ауыл шаруашылығында толып жатқан науқанды жұмыстар. Ол кездегі тілшілер үнемі іссапарда жүреді. Қойын дәптеріне жиналған материалдарды жазып-жазып тастайды да, тағы да келесі сапарға шығады. Өйткені, жыл он екі ай ішінде науқан. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Нұрекеңнің шаруашылықты аралауға шығатынын алдын ала біліп отырамыз. Өйткені, Нұрекеңнің көмекшісі редакциямен тығыз қарым-қатынаста. Мұны екінші хатшының өзі ұйғарған. Қазіргі «мерседеске» бергісіз «УАЗ»-дың артына фотоаппаратымызды іле жайғасамыз. Бірнеше мәрте сапарлас, дәмдес болдық ағамен. Әңгімешіл, жатырқамайды, мен басшымын-ау деп кекиіп тағы отырмайды. Анда-санда Қадыр ақыннан өлең оқиды, жол үстінде ыңылдап әндетіп отырады. Тіптен бауыр бастық. Сол кезде есептеп отырсақ, жасы 35-тен енді ғана асқан екен. Біз болсақ мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан бозбаламыз. Нұрекеңнің жиналыс өткізуі де ұнайтын. Совхоз басшыларына, мамандарына, партия ұйымының хатшыларына нақпа-нақ тапсырмаларды береді. Жиналыс өткізер алдында бүкіл фермаларды, бөлімшелерді аралайды, жетістіктерді, кемшіліктерді көзімен көреді. Басқосуда өз ойын ашық айтып, кемшілікті жоюдың жолдарын көрсетеді. Ұсыныс-пікірлері әр жүрекке жетіп жатады. Дауыс көтермейді, биязы, инабатты, мәдениетті.

Жап-жас жігіт, адамгершілік қасиеті өзгеше, кісілікті іштен оқып туған ба?! – деген ақсақалдардың да сөзін естігенбіз.

Керісінше, кейбір аудан басшыларының сойылын сүйрете, үстелді қойғыштап, арқырап келетінін де байқайтынбыз. Көрдік ондайларды, бүгін бәрі де ертегідей. Нұрекең өткізетін жиналысқа мамандар, ауыл үлкендері еркін қатысатын, үстел басындағыдай еркін әңгіме-дүкен құратын. Мұндайда шаруашылық мәселелері де ойдағыдай шешіледі. Көкейдегі сұрақтарын қояды жергілікті тұрғындар, бәріне Нұрекең тиянақты жауап беріп, ризашылыққа бөлейтін. Жанында ұзақ жүрген журналист бауырларының бірі мен едім. Жан дүниемде жатталып қалған көріністерді оқырманға жеткізуді жөн көрдім. Атам қазақ «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой.

***

Нұрекең соңғы кезде көл жағасындағы «Балқашбалық» АҚ-да қызмет етті, кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Төраға болғанда қандай, бүкіл ұйымдастыру шараларының басы-қасында жүреді. Балықшылар мүддесі бірінші кезекте. Оның үстіне рухани жан дүниесі бай, ұлттық салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға жетік. Кеудесінен күмбірлеп жыр төгіліп жатса, әрине, мұндай басшының басқалардан оқ бойы озық тұратындығы және бар. Қатар жүрген әріптестерін кестелі тілмен бейнелеп, қара сөзбен де, өлеңмен де жырлапты.

Нұрекеңнің әңгімесінен үзінді келтірейік: «шапқан аттай, соққан желдей, жауған қардай, аққан селдей мына жалған дүние де өтер. Бірақ, елге, халыққа еткен жақсылықтың еш уақытта ұмытылмайтыны, таза көңіл, адал істің мәңгі жасайтыны хақ».

Балықшылар жайында жазған көсемсөзін осылайша түйіндейді.

Енді Нұрекеңнің жырына кезек

берейік.

Көре алмас, барың болса өз

туысың,

Беретін жоқ болғанда досың

жақсы.

Жағымпаздан жаныңда

қутыңдаған,

Бетіңе тура айтатын қасың жақсы.

Жамандардан білмейтін

бағаңызды,

Түсінетін сөзіңді естің жақсы.

Түйелерден жүндесе бүлк

етпейтін,

Қой бастайтын қораға ешкің

жақсы,

…Ұлдан көрі атыңа кір келтірер,

Болсадағы жат жұрттық қызың

жақсы.

Өлең дегеннің өзі шер тарқату. Басқамен ой бөлісу ғой. Мәселе, соны жеткізе білуде. Осы жолдардан-ақ ағаның жан дүниесін байқайсыз, сезе аласыз.

Бүгінде қалтасы қалың байшыкештер бар. Не құдай емес, не бұлай емес. Тәңірім бізді кешірсін. Нұрекең тағы да ақ қағаз, қалам арқылы ой бөліседі.

Мықтымын деп артық кетіп

аттама,

Бірдей қара жақынға да, жатқа да.

«Құдай» деп сал үзеңгіге аяқты,

Отырасың сонда мықты атқа да.

Жақсы ескерту, бәріміз де бір сәт ойланып жүрейік, кеше қандай едік, бүгін қандаймыз, алдағы күннің не боларын кім білген. Тәубесіне келмейтіндерге базынасы ғой, Нұрекеңнің. Меніңше адамзаттық көзқарас. Нұрекең «Өлеңмен өмір көңілді» атты кітабын шығарған.

* * *

Тәуелсіздік алғаннан кейін толғамды-толғамды ой-пікірлерін жұртшылыққа жеткізе бастады. Нұрғазы аға қашан да адами құндылықтарды бірінші кезекке қояды. Өзінің өткір пікірлерін қалалық, аудандық, облыстық,республикалық газеттерге жариялап, үнемі оқырмандармен ой бөлісіп отырады. «Еңбекті жырлау азайғанда, ұрлықты жырлау көбейеді» дейді Нұрекең бір әңгімесінде. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде М.Сембайдың ауыл шаруашылығы жөніндегі проблемалық мақаласына бірнеше рет өз ойын ашық айтып,пікір қосты. Жезқазған облысы жабылып, Қарағанды облысына қосылған күннен бастап, «Орталыққа» жазылды. Басқаларға үлгі-өнеге көрсетті. Тұрақты оқырманымыз, әрі авторымыз. Нұрекең еңбекті қорғау инспекторы болып қызмет етті. Өндірістегі апаттардың алдын алуға қарсы тұрды. Апат болса себебін анықтап, заң орындарымен бірлесе жұмыс жасады. Тіпті, алып комбинаттың ымырашылдығына көнбеді, қарапайым еңбек адамдары жағында жүрді, қатарынан табылды. Осы орайда өткір-өткір сұхбаттарын облыстық газетке ұсынды. Бұл ретте кез келген басшыларды дірілдетіп алатын.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасында былай делінген: «…адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі». Ал,еңбек ардагері Нұрекең үнемі Елбасының саясатына үн қосып, ұсыныс-пікірін дәйекті, дәлелді ойларымен түйіндейді.

Нұрғазы ағамыз 2001 жылы Қазақ теледидарына арнайы барып, «Бетпе-бет» хабарына қатысты. Хан-талапайына түскен Балқаш көлінің тағдырына араша түсті.

Балқаш көлі Қазақстанның өз меншігі, ана Каспийге әр мемлекет ие болып жатыр, әрі тартты, бері тартты. Ал, Балқаш көліне өзіміз ие болып отырмыз ғой. Неге шын жанашырлық танытпаймыз, неге мемлекет қамқор болмайды. Әркім көл үстінде, жағалауында ойына келгенін жасаса Арал теңізінің тағдырына айналуы бек мүмкін ғой, – дейді Нұрекең сөз арасында.

Мал шаруашылығын көтеру, оның тұқымын асылдандыру, ауыл ахуалы, жастардың болашағы, шаруа қожалықтарының келешегі бәрі-бәрі Нұрекеңнің ой елегінен өтеді. Көңіл таразысына салады. «мемлекет жекеменшіктен тұрмай ма? Бұл ретте айтар едім – бас басына би болып, жерді бөліп алғандар ауылды көркейте алмайды, қираған, азып-тозған ауылды қалпына келтіру үшін бірігу керек. Кезінде колхоздардан (ұжымшар) үкімет зиян көрген жоқ еді ғой. Олардың бәрі пайдалы болды» дейді Нұрекең тағы бір әңгімесінде. Нұрекеңнің ұсынысы – ауыл шаруашылығына түбегейлі бір реформа керек. Өмірлік тәжірибесі бай, ой-толғамы терең, әр нәрсені саралай білетін Нұрекеңнің осы ұсынысын көпшілік қолдады. Қазір жер-жерде кооперативке бірігіп жатыр.

Өзінің ой-толғамдарын айта келе мынадай пікірді көлденең тартады.

Алға ұмтылған, шаруаны басқаруға бейім мамандарды қолдаса, жер көлемі, жайылымдары мол Австралия, Бразилия сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ет, сүт корольдарының шығуына жол ашар еді.

Шындығында қызығушылық туғызатын ұсыныс. Біз кімнен кембіз? Мәселе, еңбекті ұйымдастыра білуде болса керек.

Өнерге жақын десем, ағамды тым алшақтатып жіберетін сияқтымын. Меніңше Нұрекең өнердің өз өкілі, жанашыры. Тіл туралы атойлап, ұран тастады. Баспасөз беттерінде тілі жоғалған ұлттың мына жарық дүниеге қажеті бар ма дейді ол. Атақты қазақ өнерінің майталман қайраткері, айтыс ақыны Шашубай Қошқарбайұлының шығармашылығын қатты қадірлейді.

Бірде ағам телефон соқты.

Бауырым, мына Шашубай қонысындағы Шашубай көшесінде бір топ зейнеткер тұрамыз. Солардың басын қосып, той-думан өткізбекпіз. Келе ғой, – дейді.

Бардық, сол тұста жер-жерде Шашубай ақынның туғанына 145 жылдығын өткізуге дайындық қызу жүргізіліп жатқан-тын. Үлкенге де, кішіге де Шашекеңнің кім екенін тағы бір еске түсіріп, насихат жұмысын жүргізу. Той-думанды Нұрекең өзі басқарып жүргізді. Тіпті, керемет асаба ма деп қалдық. Әркімге сөз бергенде өлеңдетеді, өзі де ән шырқайды. Жұртты жанына үйіріп алады, дөңгелете би билетеді… Қойшы,сол күні Шашубай көшесінің ғана емес, бүкіл ауылдағы үлкенді-кішінің есінен кетпейтін мәдени шара өткізді.

* * *

Әпкеміз Тиішкен екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерінің бал күлкісіне бөленіп отырған жайы бар. Әпкеміз ұзақ жыл мәдениеттің рухани отауы кітапхана саласында еңбек етті

Нұрекең қазір Ақтоғай ауданындағы Шашубай кентінің тұрғындарының бірі. Ағамыз 75-ке, әпкеміз 70-ке келді. Биязы қалпы, асқарын ақ шалған, халқына адал еңбек етті. Рухани жоқшысы, іздеушісі болып жүр. Біздер сияқты інілерінің алдындағы адастырмайтын шамшырағы, бағдар шамы. Бала-шағасының асқар тауы.

Нұрекең Алатаудың етегінде туып, арқа жерінен бақытын тапты. Аяулы әпкеміз әйгілі өнер дарыған киелі Жаңаарқаның тумасы.

Жетпіс бес бел асқаныңыз құтты болсын, жақсы аға!

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

Ақтоғай ауданы.

Суретте: еңбек ардагері Н.Нұрмұхамбетұлы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button