АймақТеміртау

Бекем бірліктің үлгісі

30 наурызда VIII шақырылған Теміртау қалалық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Оған Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков пен орынбасарлары, қалалық сайлау комиссияларының мүшелері, қаладағы мекемелер мен бөлім басшылары, бұқаралық ақ­парат құралдары өкілдері қатысты.

Сессияны ашқан қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Наталья Шевченко 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарын сайлау қорытындысында Теміртау қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған 17 адамға депутаттық куәлік пен төсбелгі тапсырып, депутаттар корпусының 76% жаңарғанын мәлімдеді.
Келесі кезекте қала әкімі Ораз Тәуірбеков жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, сәттілік тілеп, бірлесе жұмыс істейтіндеріне сенім білдірді. Ол өз ойын бірыңғай қазақ тілінде жеткізді.

Тіл демекші, осының алдында 29 наурызда қалалық мәслихаттың осы жолы сайланған 9 депутаты қол қойып, Теміртау қалалық мәслихаты аппаратының басшысы О.Миронова мен қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Шевченконың атына жолдама жөнелткен екен. Оны жолдаушылар осы болатын бірінші сессиядан бастап барлық сессия отырыстары мен іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді талап етіпті. Қалалық мәслихат аппараты қабылдап, тіркеген жолдама сол күні-ақ интернет желісіне тарап, кешелі-бүгін сан алуан пікір тудырып жатыр.

Міне, осындай сәтте қала әкімі Ораз Тәуірбековтің өзі бас болып, мәслихат депутаттарына үлгі көрсетіп, жол салып бергендей. Қалалық мәслихаттың төрағасы болып сайланған Алексей Ломакин де сөзін қазақша бастап, содан кейін ғана орысшасына көшті. Сессия барысында сөйлеген депутаттар да өз ойларын қалаған тілдерінде еш аудармастан білдіріп жатты. Бірақ бұған тосырқай қарап, тыжырынған бір жанды байқамадық. Демек, даурығып, айқайға аттан қосудан гөрі осылай өзара түсіністік пен сыйластық орнағанда, келе-келе сессиялардың қазақша өтетініне сенім ұлғая түседі.

Одан әрі қалалық мәслихаттың төрт тұрақты комиссиясының құрамы мен төрағалары бекітіліп, «AMANAT» пен «Ақ жол» партияларының депутаттық фракциялары тіркелді.
Сонымен жоғарыдағы жолдамадан кейін ел құлағы елеңдеп отырған сессия да ың-шыңсыз аяқталып, теміртаулық депутаттар жұмысына кірісті. Бірінші күннен-ақ бірлігін байқатқан депутаттар корпусы қала халқының алдында берген уәделерін орындап, олардың үмітін ақтарына сенім мол.

Ержан ИМАШ,

ТЕМІРТАУ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button