Бейімделген қойылымдар байқауы

«Балалар жылы – 2022» аясында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және кұжаттама басқармасының қолдауымен, Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен көру қабілеті нашар балаларға арналған «Барлығына қолжетімді театр!» атты бейімделген қойылымдар байқауы өтті

Байқау – Санкт-Петербург мемлекеттік зағип және нашар көретіндерге арналған арнайы орталық кітапханасы халықаралық мүгедектер күніне орай ұйымдастырған «Эстафета доброты – 2022» халықаралық фестивалінің қатысушысы ретінде өткізіліп отыр.

– Байқау біздің облыста әуесқой театр бірлестіктері арасында алғаш ұйымдастырылып отыр. Мұнда бақ сынап жатқан театрлар мектеп қабырғасындағы жасөспірімдерден құралған топтар. Ал, байқаудың негізгі ерекшелігі – қос аталымнан тұрады. Ол жасқа байланысты. Яғни, 8-17 жасқа дейінгі һәм 18 жастан астан ересектерге арналған. Зағип жандарға берері мол шарада мүлде көрмейтін жандар үшін қойылымның басында арнайы анонс айтылады. Актерлер алдымен қойылымның мазмұнын баяндап, көруші мен тыңдаушыға бірдей жеткізуге тырысады, – деді облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшысы Айнұр Шаймұханбетова.

Жалпы байқауға ұсынылған 11 қойылымның үшеуі ересектер арасында, ал, қалған сегізі балалар арасында. Осыған сәйкес балалар ұсынған қойылымдардың таңдаулыларына ынталандыру сыйлығы да қарастырылған. Бұл жасөспірімдерді қанаттандырып алға жетелеуге сеп болмақ.

Қос аталым үміткерлері де көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленгенін қос қолдап ұрған шапалағынан-ақ сезіліп тұрды.

Әсіресе, тыңдарман болып келген зағип және көру мүмкіндігі нашар жандар бұл байқауды асыға күткен болатын. Олар күткендей қойылым сахналанды деп айта аламыз.

Байқау қорытындысында 8 жастан 17 жасқа дейінгі байқаудың бас жүлдесі мен 150 мың ақшалай сыйды №2 балалар өнер мектебінің «Алтын шашу» тобы алды. Олар Г.Андерсеннің «Ганс Чурбан» қойылымын сахналады. Сондай-ақ, ынталандыру аталымының 70 мың көлеміндегі қаржылай сыйын Б.Момышұлы атындағы мектептің «Шамшырақ» драма үйірмесі қойған Ш.Аймановтың «Найман ана» көрінісі иеленді.

Ал, 18 жастан жоғары ересектер арасындағы байқаудың бас жүлдесін «Образ» театр студиясы қанжығалады. Олар Е.Щварцтің «Сказка о потерянном времени» атты туындысын ұсынды. Шығармашылық топқа бас жүлденің 150 мың теңге ақшалай сыйы мен диплом табысталды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Оrtalyq.kz