Қарағанды

Бейбітшілік – береке бастауы

   Жуырда Қарағанды технология және сервис колледжінде «Манифест. «Әлем 21 ғасыр» Қазақстандық гуманизм» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

     Жиынға облыстың жетпіс бірге жуық колледж студенттері мен оқытушылары, Қарағанды қаласының зиялы қауым өкілдері қатысты. Шараға Елбасының жаппай қарусыздану мен ядролық қарудан әлем болып бас тартуына байланысты Вашингтон саммитінде сөйлеген сөзі мен 1991 жылғы Семей ядролық полигонының жабылуы арқау болды. Биыл 31 наурызда Вашингтон қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем 21 ғасыр» соғыссыз әлем манифесі жарияланған болатын.

Бұл конференцияның колледжімізде өткізілуінің ең басты мақсаты – Елбасымыздың бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі елімізде және әлемнің түрлі мінбелерінде ұсынып жүрген тамаша идеяларын оқушылардың оқу-тәрбие процесіне енгізу және оларға сіңіру болып табылады. Оның негізі – Елбасы. Әлем. Манифест «21 ғасыр – Қазақстандық гумманизм» атты 31 наурыздағы Елбасымыздың Вашингтон қаласында сөйлеген сөзі. Жаһан жұртшылығы да бұл ойды құптады. Сондықтан, Тұңғыш Президентіміздің күніне орай осы шараны өткізіп отырмыз, – деді колледж директоры Жұмағали Мағзиев.

Қазақ халқының гуманизмі саяси қуғын-сүргін жылдары айрықша танылды. Өз жерінен қоныс аударылып келген көптеген ұлыстарға қазақ халқы кең құшағын жайып, өзі қырылғанына қарамай, өзгені аштықтан аман алып қалды. Дегенмен, ел тарихындағы ең қайғылы парақтардың бірі – Семей ядролық сынақ полигонының өмірге келуімен 1949 жылы Абай туған топырақта алғашқы жарылыстың болғаны белгілі. Конференция жұмысы да Абай әлемін айналып өтпеді. Үш ғасырды шендестірген айтулы шарада Абайдың «Қара сөзінен» үзінділер келтіріліп, атаның емес, адамзаттың ұлы болу қағидасы айтылды.

Семей ядролық полигоны аймағында 450-ден астам жер үсті және жер асты сынақтарының өткізілуі нәтижесінде атмосфераға, гидросфераға және литосфераға өте үлкен мөлшерде радиоактивті матераилдар шығарылды. Жарылыстардың негізгі ошағы болған Семей полигонының аумағы Израиль немесе Бельгияның аумағына парабар. Ақыры, егемендік еншімізге бұйырар 1991 жылдың 29 тамызында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.

Келелі конференция дәрісханаларда жалғасып, студенттер мен оқытушылардың ордалы ой қозғауына мұрындық болды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button