Басты тақырып

Бейбіт күнде де ҚАРУМЕН

    Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясын дайындау аясында облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали ӘБДІКЕРОВ, сондай-ақ, облыстық мәслихаттың бір топ депутаты «Орталық» өңірлік басшылығының №5451 әскери бөлімінде болып, басшылықпен және әскери бөлімдердің жеке құрамымен кездесті.

Бүгінде еліміздің тәуелсіздігі мен конституциялық құрылымы Отан қорғаушыларымыздың сенімді қорғанында. Ұлттық гвардиямыздың офицерлері мен әскерилері кез келген қауіпті тойтаруға дайын, ел тыныштығын қорғауға бекем.

Қоғам қауіпсіздігі мемлекет үшін қашанда маңызды мәселе болып қала береді. Сыртқы қауіпсіздігіміз қанша маңызды болса ішкі тұрақтылығымыз да сонша маңызды. Әлем сахнасындағы кейінгі жылдар көрсетіп отырғандай ішкі жаулардың бой көтеруі бәрінен де қауіптірек. Сол қауіпсіздігімізді ішкі әскер қамтамасыз етіп отыр. Солардың арасында «Орталық» өңірлік қолбасшылығының атқарып отырған жұмысын атап өткен жөн. Құрама жағынан еліміздегі ең үлкені осы басшылық. Оның құрамына Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы тиісті әскери бөлімдер мен Ұлттық ұланның Астана қаласында орналасқан он әскери бөлімі енеді.

Облыстық мәслихаттың жұмысшы тобының мұнда атбасын тіреуінің бір ұшығы осы қауіпсіздікте жатса керек.

Келуші қонақтар назарына алдымен әскери, жауынгерлік және арнайы техникалар, жеке құрамның бес қаруы, киім үлгілері ұсынылды. Қонақтар сондай-ақ, казармадағы сарбаздардың жатын орынымен, әскери асханасымен танысты. Басқа да әскери нысандарда болды.

Бөлім сарбаздары сынақ алаңында әйел баласын зәбірлеп, қолындағы әмиянын тартып алған бейбастақты ауыздықтау, суық қарумен алаңға шығып, айбар шеккен сотанақ топты еңсеру сынды жаттығуларын көрсетті.

Соңынан жиналған қауым акт залына өтіп, әскерилер мен ел қалауларының арасында еменжарқын пікір алмасу басталды.

Алдымен сөзді «Орталық» өңірлік қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов алған:

Қоғам мен мемлекетті ішкі қауіптен қамтамасыз ету, азаматтардың құқығы мен еркіндігін қандай да болсын заңсыз әрекеттерден қорғау еліміздің Ұлттық гвардиясы қызметінің ажырамас құрамы болып саналады.

Қазақстан Қа­рулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздік алысымен құқықтық тәртіпке айрық­ша назар аударып, Ішкі әскерді құру туралы Жарлық шығарған болатын. Мемлекет басшысы 2015 жылғы 10 қаңтардағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық гвардиясы туралы» Заңға қол қойды. Мұның өзі ұлттық гвардиямыздың міндеттері аясын айтарлықтай кеңейте түсті.

«Орталық» басшылыққа тоғыз әскери құрама қараса, Қарағанды қаласының басы мен осы өңірде бес құрама – «Орталық» өңірлік басшылықтың штабы, айдауыл бригадасы, азаматтық қорғаныс әскери бөлімі, жедел бағыттағы батальон, жедел бағыттағы полк, «Бүркіт» арнайы ерекше бағыттағы отряды орын тепкен. Күн сайын бір ауысымда ғана өңіріміз бойынша бір мыңнан астам әскери қызметші күзет вахтасына тұрады. Солардың 600-ден астамы түзеу мекемелерін күзетсе, 400-і қоғамдық тәртіп күзетіне тұрады.

Жыл басынан бері әр түрлі қылмыс жасаған 140 адам ауыздықталды, 4 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке шақырылды. Көше қылмысы айтарлықтай қысқарды. Соның барлығында бейбіт күннің ерлерінің қолтаңбасы жатыр.

6505 әскери бөлімінің қарауыл бастығы Ақылбек Қоңыров қауіпті қылмыскерді ұстап, «Айбын» орденімен марапатталды. №5516 әскери бөлімінің аға лейтенанты Григорий Метельский де осындай ерлікке барды. Ал, қатардағы жауынгердің өмірін өз денесімен жауып, сақтап қалған №6505 әскери бөлімінің полковнигі, қайсар қазақ баласы Қайрат Үмбетов еліміздің ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағына ие болды. Сөйтіп, айтып отырған сарбаздарымыз бейбіт күнде де ерлікке орын бар екендігін тағы бір дәлелдеп берді.

Қарағанды гарнизонының әскерилері лаңкестік, экс­тремизм, се­паратизм тәрізді ауыр қылмыстармен күресіп қоймай, оның алдын алуда да ұтқырлық, табандылық танытуда.

Аза­маттық қорғаныстың әскери бөлімдері талай ерлік үлгісін көрсетіп жүр. Әсіресе, былтырғы ауа райының жауынды-шашынды болуы ел-жұртпен бірге бізді де біраз әбігерге салды. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қара­ғанды облыстарындағы елдімекендеріне топансу басу қаупі төнді. Сол тұста Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451, 52856, 5516, 6637, 6697 әскери бөлімдер­ден 700-ден астам адам, 100-ге жуық тех­ника жұмылдырылды. Екі мың­нан астам адам әскерилердің кү­шімен қауіпсіз жерлерге көшірілді. Біздің әскерилердің ондай жерге бірінші болып жететіні және соңы болып қайтатыны әркімге белгілі болса керек. Сол су топанында Шеттің Ақадыр кентінде ел су жалдаса, біздің сарбаздар жанын жалдап тышқақ лақ та шығын бермеді. Сол Ақадырдан басталған сапарымыз сонау Солтүстік Қазақстан алабына дейін жалғасты.

Қазіргі уақытта әскери бөлімдер республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

Бүгінгі жағдайға байланысты әскери дайындықты нығайтуға барынша көңіл бөлінуде. Бөлінген қаржының айтарлықтай бөлімі осы мақсатқа жаратылады.

Дегенмен, бәрі бірдей жақсы деуге болмайды. Қалалық қоғамдық көліктерде әскерилеріміз жолақысын әлі күнге өз қалталарынан төлеп келеді. Күдіктіні ұстаса полиция бөліміне жеткізу үшін оның да жолақысын өзі төлейді. Ал Алматы, Павлодар, Орал қалаларында осы мәселені өтемақы төлеу арқылы шешіп отыр. Әскерилердің баспана мәселесі де күрмеулі қалуда. Кешегі кеңес заманында мұндай түйткіл болмайтын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бірде-бір әскери баспана алмаған. Офицерлер пәтерақысын да өз отбасының бюджетінен айырып отыр. Әкімдіктің тұрғын үй қорынан тұрғын алаңын бөлу мүмкін болмаған жағдайда иесіз қалған үйлерді біздің балансқа берсе, республикалық бюджет арқылы күрделі жөндеуден өткізіп алар едік.

Гарнизон мен 14 шағынаудан арасындағы жол жүруге жарамайды. Қыс ішіндегі борандардан кейін қатынау мүмкін болмай қалады. Олай болса 14 шағынауданындағы автобус маршруттарын гарнизонға дейін созу керек болады.

Өңірлік қолбасшы бұдан басқа ұсақ көрінетін бірқатар мәселе көтерді. Соның ішінде ел есінде қалғаны шефтік көмек көрсету еді. Әрине, кеңестік заманның сарқыншағы демесек бұл өзі қисайғанды түзеп жіберетін тұтқалардың бірі. Тап қазіргі жағдайда ірі кәсіпорындардың өздері ондай көмек көрсетуге бара бермейді. Өйткені бұрынғыдай салық жеңілдегі жоқ. Бірақ, осыған қарамастан бір реттік көмек жасауға болады ғой деп ойлаймыз.

Одан кейінгі сөзді облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров алған:

Бүгінде Елбасы жариялаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы, сонымен қатар «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы алға тартқан міндеттер нақтылы орындала бастады. Мұндай келелі жоспарлар елімізде ішкі тұрақтылық, ішкі қауіпсіздік толығымен сақталғанда ғана іске асады. Осы орайда, Ұлттық ұланға, ішкі істер органдарына қарасты жергілікті полиция қызметтеріне жүктелер жауапкершілік еселене түсуде. Сол үшін де бүгін Ұлттық ұланның жауынгерлік даярлықтарымен танысуға облыстық мәслихаттың бір топ депутаттары келген едік. Көңіліміз толды. Сарбаздардың біліктілігі жоғары деңгейде екен. Қазіргі таңда бұл салаға ерекше назар аударылып, материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Сондықтан, Ұлттық ұлан сарбаздары алдарына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындайды деген сенімдеміз.

2016 жыл біздің ел өмірінің соңғы жылдарындағыдай күрделі қалуда және еліміздің одан әрмен дамуындағы қоғамдық-саяси өміріміздегі өзгерістері уақыты болмақ. Еліміз бен қоғамымыздың құқықтық ортасын нақты құрайтын елуден астам заң қабылданып, қолданысқа енгізілді. Жаһандық экономикалық қиыншылықтар Қазақстан экономикасына да өз ықпалын тигізуде. Осыған орай мемлекет басшысы ұсынған бес институтциональдық реформа дағдарысқа қарсы негізгі ауқымды шаралар дер едім. Олардың барлығы да экономикалық өсуіміздің сенімді қарқынын қайтып орнықтыруға бағытталған. Және барлық тұрғындарға әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз етеді.

Өздеріңіз білетіндей ағымдық жылдың наурыз айында барлық деңгейдегі өкілетті органдарының сайлауы өтті, 42 депутаттан тұратын облыстық мәслихат құрамының үштен екісі өзгерді. Депутаттар сайлаушылардың толық өкілетті өкілдері, олар жалпы мемлекеттік мүдделермен бірге сайлаушыларының да еркін білдіреді.

Өкіметтің бір тармағы ретінде мәслихат өңір аймағында мемлекеттік реформаларды жүзеге асыруда үлкен роль атқарады. Облыстық мәслихаттың сессияларында реформаларды жүзеге асыру бойынша кешенді және салалық бағдарламалар жүйелі түрде қаралып, бекітіледі, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелері талқыланып, шешімдер қабылданады. Депутаттардың реформалар барысын кеңінен талқылауы атқару органдары және жалпы тұрғындар үшін маңызды. Сессия материалдары салалық комиссияларда, дөңгелек үстелдерде талқыланып, баспасөз бетінде жарияланады, теледидар арқылы көрсетіледі. Осының барлығы мемлекеттік басқарудың жергілікті органының баршаға ашық екенінің дәлелі.

Өткен кезең ішінде мәслихаттың 4 сессиясы өтті. Онда 109 мәселе, оның ішінде 60 негізгі мәселе қаралды. Есепті кезең ішінде 2015 жылғы облыстық бюджеттің орындалысы, облыс әкімінің есебі, басқа да өзекті мәселелер депутаттар талқысынан өтті.

Облыстық мәслихаттың салалық комиссиялары 19 отырысын өткізді. Мәселен, заңдылық және азаматтық құқық комиссиясы жасөспірімдер және балалар бақылаусыздығының алдын алу сынды күрмеулі мәселені сессияның күн тәртібіне шығарып, жұмысты оңалтуға бағытталған тиісті шешімдер қабылданды.

Жақын күндері облыстық мәслихаттың мұрындық болуымен жергілікті полицияны жандандыру бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырмақпыз. Алдағы желтоқсан айында осы мәселе сессияның күн тәртібінде қаралмақшы.

Жергілікті полиция біздің өңірімізде ағымдық жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазірдің өзінде оның оң нәтижелерін көріп отырмыз.

Міне, осы аталған іс-қимылдардың барлығында да Ұлттық ұлан сарбаздарының айқын ізі бар. Бір сөзбен, сарбаздарымыз еліміздің тұтастығы мен қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуге лайықты үлес қосып келеді. Бұл – әскери институт түлектерінің қызметке деген адалдығының, жүктелген міндетті жауапкершілікпен алып жүретіндерінің анық мысалы. Сондықтан да, әскерилер ел қорғанысын нығайта түсуге алдағы уақытта да барынша ат салыса беретініне сеніміміз мол. Қашанда ант пен серттен таймай, сенім биігінен көріне беріңіздер!

Мәслихат хатшысының сөзі барша әскерилердің жүрегіне жетсе керек, жарыса жамырамады. Жеке бастарының мәселелерін қалың көпшілік талқысына салмады.

Шын мәнінде әскерилердің жеке басының мәселесі деген болмайды. Тыныштық күзетінде тұрған әскеридің күзеттен басқа уайымы болмауы керек. Әскери пәтерін, жалақысын, баласын, әйелін ойласа өзінің жұмысын ойлауға уақыты қалмай қалады ғой. Бұл қауіпті ғана емес, өте қауіпті.

Өңірлік басшылықтың әскери бөлімдері қазақстандық офицердің ар-ожданын жоғары ұстап келеді. Олар қиындықтан қашуды білмейді, оны қарсы алуды біледі. Соған орай әрекеттерге барады. «Орталықтың» сарбаздары бұл санатта елімізде алдыңғы орындардың бірінде тұр. «Орталықтықтар» бірнеше мәрте Астана күнін тойлауға қатысып, қоғамдық реттілік пен тәртіпті уысынан шығармады. Отан соғысындағы ұлы Жеңісті тойлауға да осындай өзіндік үлестерін қосты. Қарағандыда, Астанада өтіп жататын халықаралық саяси форумдардың өз деңгейінде өтуінде де «орталықтықтардың» да қомақты үлесі бар деп білеміз.

Қаламыздың Бадин көшесінде әскери қалашықтың ашылуы айтарлықтай оқиға болды. №6505 әскери бөлімнің бұрынғы әскери лазареті қайта жарақтаудан өткеннен кейін балалар және спорт қалашығы болып шыға келді. Мұнда оқу-жаттығу жиындары жиі өтіп тұрады.

Осы ағымдағы жылдың ақпанында Қарағандының №77 орта мектебінде тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің қатысуымен Ұлттық ұланның кадет сыныптары ашылды. Бұл ұлан – «Жас бүркіт» деп аталады. Бұл темірқанат бүркіттің ертең қыран болып қалықтауы өзімізге байланысты. Тиісінше қамқорлық жасамасақ ұшуға жаратылған құстың жерде жорғалап жүруі әбден мүмкін. Ал, наурыз айында «Орталықтың» қолбасшысы, генерал-майор Е. Ботақанов осы мектептің кадет сыныптарына шефтік көмек көрсету бойынша меморандумға қол қойды.

Өңірдің әскерилері берген серттеріне берік, алған анттарына адал. Қыспаққа түсіп қалған азаматтарға дер кезінде көмекке келеді.

Бейбіт күнде қару асынса қауіп бар деген сөз. «Орталықтың» әскери қызметшілері өз жерімізде ғана емес, өзге жұртты да қауіп-қатерлерден аман алып қалып жүр.

Тәжік-ауған шебінде арнайы міндетті жүзеге асырып, ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Жа­ңа­өзендегі оқиғаларға қатысып, қаланың тыныштығын орнықтыруға күш салды. Ақмола облысындағы Гранит кентіне жақын жердегі жаппай тәртіпсіздікке өқарсы тұрды, Атыраудағы лаңкестік операцияларына қатысты.

Үлкен істе ұсақ-түйек болмауы керектігі түсінікті. Алайда, бәрін қамту мүмкін емес. Басшылықтың республикалық бюджеттен қаржыланатыны белгілі. Алайда, жергілікті атқарушы органдардан көмек қажеттігі туындайды. Жергілікті жерде ондай мүмкіндіктері бола тұра көмек қолын ұсына алмайды. Өйткені, олардың бюджетінде әскерилерді қаржыландыру қаралмаған. Алайда, әскерилердің әлеуметтік бағыттағы кейбір қиыншылықтарын осы жергілікті атқарушы органдар шешуге тиісті. Бұл жөнінде Ұлттық ұлан туралы заңда жазылған.

Заң бойынша Ұлттық ұланның әскери қызметшілері тұрған орындарына қарамастан осы заң жүктеген міндеттерді атқарады, бұл өкімет өкілі деген сөз, олай болса оларға осы санат тұрғысында қарауға тура келеді.

Офицерлер мен сержанттар қызмет орнына барып, қайтуда, сондай-ақ, әскери дайындықты тексеру барысында негізінен қалалық қоғамдық көліктер қызметін пайдаланады. Олар жай ғана жолаушы емес, тәртіп сақшысы қызметін де атқарады. Соған орай ұсталған күдіктілерді де тиісті жерге өз есептерінен жеткізеді. Сарапшылардың есебінше осылайша әскерилердің тапқан еңбегінің отыз пайызы жолға кетеді екен.

Осы шетін мәселе жоғарыдағыдай себептермен жылдар бойы шешілмей келеді екен. Бұл мақсатқа жұмсалатындай қаржы көзі, әрине, қалалық бюджетте бар. Бірақ соның тетігі заңдастырылмаған.

Жиынға қатысқан халық қалаулылары бұл мәселені әбден шешуге болады деп есептейді. Әскерилер де бұған сенімді. Өйткені оның мысалы басқа қалаларда бар көрінеді.

Әскерилерді ендігі қинайтыны тұрғын үй мәселесі екен. Қызмет бабына байланысты офицерлер бір гарнизоннан екіншісіне көшіп жүреді. Жаңа қызметіне келген жерде осы тұрғын үй мәселесіне килігеді. Өйткені дайын тұрған үй жоқ. Осы ретте үкімет тарапынан пәтер сатып алуға бөлінетін қаржы тұрғын үй мәселесін шеше алмайды. Соған орай әскери офицерлер жалдамалы үйлерде тұруға мәжбүр болады. Ал, бұл олардың айлық жалақысының жартысынан көбін құрайтын көрінеді.

Бұл мәселені шешуге әскерилер талпынғанымен әзірге нәтижесі мардымсыз екен. Қалалық әкімдікке облыс әкімдігі тұрғын үй қорынан жыл сайын мақсатты түрде пәтер бөлу туралы ұсыныспен шықса да, ондай бағытта салынып жатқан үйлер жоқ. Осындай себеппен жалдамалы тұрғын үй алу да мүмкін емес.

Әскерилер халық қалаулыларынан осы мәселені шешуге ықпал жасауларын өтінеді. Олар халық қалаулылары арқылы иесіз үйлердің біреуін өз баланстарына алуға ынталы. Республикалық бюджет арқылы қаржы бөлдіріп, қатарға қоспақшы.

Биыл №5451 әскери бөлімі өзінің жарты ғасырлық мерейтойын атап өтпекші. Осы кезең ішінде бөлім өзін тек жақсы қырынан танытты. Жапа шеккен талай өзекті жанға сүйеу болды, талай қылмысты ұясында тұншықтырды, талай қылмысты ауыздықтады. Соған қарамастан бөлім кейінгі ширек ғасырда бірде-бір пәтер алмаған.

Қыс ішінде бөлімнің қалыпты жұмыс істеуі алаңдатады. Қала шетінде орын тепкендіктен табиғи қорғанысы, сондай-ақ, қолдан жасалған нысандары болмағандықтан қыс ішінде жолды қар басып, әскерилер өз жұмысы орнына уақытылы жете алмай жатады. Бөлімнің арнайы жол тазалау техникасы болмағандықтан, боранды күндері бөлім жұмысында іркілістер болып қалады.

Бөлім мен 14 шағынаудан арасындағы жол сапасы сын көтермейді. Осы 1200 метрлік жолды асфальтпен көмкеріп, жарықтандыруға болады.

Майқұдықтағы 14 шағынаудандағы автобус маршруттарын бөлімге дейін әбден созуға болады. Әскерилердің бос уақыттары бола бермейтіндіктен олардың жұмысқа келу, үзіліске шығу және қайту маршруттарын ұйымдастырса болады.

Өзекті жан болған соң дүние мүліктің ыбырситыны белгілі. Қатпар тасты біреу қозғамаса өздігінен қозғалмайды. Олай болса халық қалаулыларының әскерилердің ділгір мәселелерін шешуге барынша қатысатынына сенеміз.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button