Бас тақырып

Бейқамдық берекені тежейді

«Ауа райының қолайсыздығынан мал азығы тапшы» дейді мамандар. Себебі – құрғақшылық, өрт… Салдары – төтенше жағдай жариялау. Табиғи апатқа ешкімнің де тосқауыл болмасы анық. Жер құрғаса, өрт шықса жаңбыр сұрап тасаттық береміз. Соқыр сенім. Тіпті болмаса, «Үкімет көмектессін» дейміз. Дәл осындай бейқамдық алдағы уақытта сан соқтырмасына кім кепіл?

Қазақта «Қылышын сүйретіп қыс келеді» деген сөз бар. Бұл халқымыздың қай кезде де сақтанып отыратынын көрсетсе керек-ті. Тіршілігі малмен байланысты тірі пенденің өмір дағдысы.

Биыл аңқаны кептіретін аптап ыстығымен басталған шіліңгір шілдеде дала өрті көп тіркелді. Шырпы тастасаң лап ете түсер тілсіз жау шабындықты шарпыды. Шабындық алқаптың өртке орануы шаруаларды алаңдатуда.

Өртке ие болу мүмкін болмады. Құрғап тұрған сары алқап бір сәтте қаракүйеге айналды. Қоңырсық иістен маңайына мал да жоламайды. Мал азығын дайындап та үлгермедік. Ендігі жағдайымыздың не болатыны өзімізге де белгісіз. Қайта егістік аман қалды. Құрғақшылық оған да зиянын тигізді. Әупірімдеп орып аламыз. Бидайы болмаса, сабаны мал азығына жарамайды. Қолда бар азын-аулақ малды аман алып қалу үшін шөп сатып алуға тура келеді. Оның да бағасы шырқайды. Біздің өңірде жалпы, шабындық жер аз, басым бөлігі құрғақ-құмдауыт, тастақты жер. Ұлттық парктің аумағынан шөп шабуға тыйым салынған. Егер осы жердегі қалың шөпті шауып, аудан тұрғындарына қолжетімді бағада сатса, мал азығы шешілер еді – дейді, Қарқаралы ауданының тұрғыны Қуат Өскенбаев.

«Аудан бойынша 289,0 мың тонна мал азығын дайындауымыз қажет. Оның ішінде 159 мың тонна – шаруа қожалықтарында, 128 мың тонна – жұртшылық шаруашылықтарында, 2 мың тонна – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер еншісінде» деп жазыпты Қарқаралы ауданының әкімі Эльдар Дүйсетаев өзінің әлеуметтік парақшасында. Ауылшаруашылығы бағытындағы аудан болғандықтан, ерте қамданғанның есесі кетпесі анық. Аудандағы шөп шабу науқанына шығатын техникаларды тізбектей келе, өрт қауіпсіздігі талаптарын мұқият ескеруді де айтып өткен.

Табиғи апатты болжау мүмкін емес. Оны еліміздегі болып жатқан жағдайлар көрсетіп берді. Агроөнеркәсіп саласын дамыту үшін агросаясатқа жіті мән беру керек. Ол үшін не істеу керек. Қандай кешенді іс-шаралар жүзеге асқанда ғана мал азығын алаңсыз дайындау түбегейлі шешіледі? Көпжылдық шөп егу де күн тәртібінен түскен емес. Арпа мен сұлы сабандарының малазықтық құндылығы төмен, тек, төсеніш ретінде, егістік алқапқа тыңайтқыш ретінде ғана пайдаға жарайды. Ал көп жылдық екпе шөптердің басым бөлігі құрғақшылыққа төзімді әрі жер талғамайды. Табиғи дала шөптеріне қарағанда бойында минералды элементтері аз болғанымен, картон мен көкөністің қабығынан әлдеқайда пайдалы.

Құрғақшылық – болып тұратын табиғи құбылыс. Оны тоқтату мүмкін емес. Тек мал азығын дайындауда алдын алуға болады. Кеңес үкіметі кезіндегі ғылыми тәсілдерді қайта қолданысқа енгізу керек. Бұл аграрлық шараларды еліміздің оңтүстігі мен Павлодар облыстары жүзеге асырып келеді. Тиімділігі жоғары. Біріншіден, әбден тозған не шөп өспейтін, не егістікке жарамайтын бос жатқан жерге құрғақшылыққа төзімді, күй талғамайтын житняк егу керек. Екіншіден, шабындық алқаптарға қар тоқтату керек. Біздің өңірге Шығыс антициклонының әсері зор яғни, жел көбіне сол тараптан соғады. Осыны ескере отырып, шөп шапқанда 15-20 метрге дейін шығыс жақтан жал қалдыра шалғы салу керек. Ол жауған қарды ұстап қалады. Нәтижесінде, көктем уақытында еріген қар суы жерге сіңіп, маусым айының соңына дейін ылғалын сақтайды. Үшіншіден, «лиман әдісін» қолдану керек. Өте тиімді. Өзен көлдердің маңындағы егістік және шабындық алқаптарға су бұру. Әрі қыс бойы сай-саладағы қардан еріген суды шабындыққа бұру. Бұл да біздің елде бар әдіс. Яғни, суармалы жүйе. Көктемгі су тасқынының алдын алуға да сеп болар еді. «Мен биыл егістіктен қанша өнім аламын?» деген сансыз сұрақтың бұғауында жүретіндер, алдымен жерге еңбек етсін! Терің сіңсе, қара жердің берері таусылмайды,–дейді білікті агроном маман Мырзабек Аринов.

Ауыл шаруашылық саласын жіті білетін мамандардың тапшылығы осындайда сезіледі. Агроном мамандардың жоқтығы аграрлық саланың тұралауына әкелді. Малды өсіру бар да, оның азықпен қамтамасыз ету өз алдына бір төбе. Мал ағзасындағы ақуыздың жетпеуі, ет пен сүттің құнарын төмендеті. Құнарсыз тағам адам ағзасына түскенімен нәрлі болмайды. Ал, мұның барлығы түптеп келгенде малды дұрыс азықтандыруға келіп тіреледі. Табиғи шөптің құрамы бай, құнары мол. Мал азығы, ертеңгі ел азығы қалай болады дегеннен құтылу үшін аграрлық саясатты дамыту керек.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button