Рухани жаңғыру

БЕДЕРЛІ БЕЛЕС

       “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында бір жылда Балқашта 11 жоба жүзеге асты. Бұл туралы тарихи-өлкетану мұражайында қала тұрғындарының белсенді бөлігі бас қосқан жиында белгілі болды.
Жалпы бағдарлама алты арнайы жобадан тұрады: “Туған жер”, “Сакральды география”, “Заманауи дүниедегі қазақстандық мәдениет”, “Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі”, “Жаңа 100 тұлға”, “Жаңа 100 оқулық”.

Қосымша алты бағдарламаны қамтыған “Туған жер” жобасында маңызды жұмыс атқарылды. Мәселен, отансүйгіштік рухта тәрбие беру көзделген “Тәрбие және білім” бағдарламасында қалалық шара сипатында “Үздік идея — үздік қалаға”, “Киелі мұраға тағзым” және “Менің өмірлік ұстанымым” жобасы жүзеге асты.
“Атамекен” бағдарламасы төрт жобаны қамтыды. Соның бірі — жеке кәсіпкер Серік Қасымбековтің демеушілігімен жүзу бассейні жұмысының жолға қойылуы. Сондай-ақ, “Сары Қазына” ЖШС қаражатының есебінен М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайының маңынан балалар ойын алаңы салынды. Сосын үкіметтік емес ұйым арқылы кембағал жандарға әлеуметтік-мәдени оңалту шарасы ұйымдастырылып, тағдыр тәлкегіне түскендерге әлеуметтік жәрдем жасалды.
Жүзеге асырылған қалған төрт жоба “Рухани қазына” бағдарламасының үлесіне тиеді. “Өскен өңір тарихы” жобасында “Балқаш қаласының бейнесі” фотоальбомы мен “Балқаш қаласының жылнамасы” жинағы жарық көрді және “Балқаш ғасыр қойнауында” атты ашық хат (открытка) жиынтығы шығарылды.
Ағыбай батырдың 2015 жылдығына арналған аймақтық айтыс қаланың мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Оған жұмсалған қаражатты “Ағыбай батыр” қоры көтерді. Мағауия Хамзиннің шығармашылығын дәріптеген “Шертпе күйдің шебері” аймақтық байқауы да әдемі әсер қалдырды. Ал, халық өнерін насихаттау үшін ұйымдастырылған “Сан қырлы өнердің ақтаңгері” қалалық байқауына Шашубайдың шығармасын орындайтын 15 талант қатысты.
“Тарихы тағылымды, ілгері ұмтылған қала” деректі фильмі — Балқаштың өткені, бүгіні мен болашағы жайында байыпты әңгіме қозғайтын жылнама іспеттес керемет дүние. Аңыз бен ақиқат астасқан туынды көрерменін бейжай қалдырмасы анық.
Биыл 19 жобаны жүзеге асыру жоспарланған: “Атамекен” — 9, “Рухани қазына” — 4, “Тәрбие мен білім” — 6. Белсенділер басқосуы тағы үш жоба ұсынды: “Мұражай мұрасы — ғасырлар сыйы”, “Туған өлке соқпағы”, “Туған табиғат аясында”. Бұл бастама да мақұлданды.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button