Руханият

Баукеңмен бірге болған керім күндер

Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ талантты командир ретіндегі қарым-қабілеті 1941 жылдың күз-қыс айларында Москваны қорғау кезіндегі қаһармандық ерліктері арқылы танылды. Бойындағы туа біткен намыс, Отанына деген сүйіспеншілік оны Ұлы қолбасшы дәрежесіне көтерді. Әскери қызметі мен бейбіт заман кезіндегі өмір жолына ой жібере алсаңыз батырдың сан-салалы қызық та қиын, бұралаңы мен бұтағы көп кедергілерден өтіп, тарихи тұлға болып қалыптасқандығына көз жеткізуге болады екен. Ол ерен еңбектері және аңызға айналған мінез-құлықтарымен ғана танылып қойған жоқ. Халқымыздың мәдени және ұлттық құндылықтарына лайық көптеген әдеби-тарихи туындылар жазып, айтулы жазушы да, тарихты байытушы да бола алды. Қайраткер дәрежесіне жетіп, ұлттық құндылықтарымызды көтерді. Көркемдік ойды дамытты. Оған жастайынан ішкі сезімі жетіліп, ел аузындағы көне тұжырымдар мен өмір ағысын сабақтаудан туған қазақ халқына ғана тән сөз өнерін қадірлеудің айғағындай болатын көптеген мақал-мәтелдер жазып қалдыруы да дәлел.

Халық даналығында атақты адамдарды дәуір туғызады делінеді. Оның өмір жолының аңыз бен ақиқатқа құрылуы ХХ ғасыр әкелген арпалысты заман ерекшеліктерінің ықпал етуінен туған шығар деп топшылауға болар.

Тарихи тұлға аталып халқымен қоса жасасу, келер ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық ізгі де мол мұра қалдыру – әр пендеге бұйыра бермейтін бақ сияқты. Бақытыма орай, қазақтың атын көптеген елге таратқан Баукеңмен 1969-шы кезігіп, дәмдес болдым. Бұл менің өмір жолымда ұмтылмас әсер қалдырып, ол жайлы алып-қашпа сөздерді өз аузынан естіген ерекше оқиға болды.

Ұмытпасам сол 1969-шы жылдың 14 наурыз күні Ташкент аэропортынан түсіп, Сарыағаш курортына жеткем. Үш күн бұрын келген Қызыларай совхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы Оразалин Тәжібай ағам қарсы алды. Бас корпустың бірінші қабатындағы екі кісілік бөлмеге орналастым. Сөз арасында Тәжібай ағам осы корпустың бірінші қабатына Бауыржан Момышұлы әйелімен келіп орналасты дегенді жеткізді.

Мен келгелі 3-4 күн болды, көріп қалайық деп аңдудамыз. Бірақ сыртқа шықпады. Сенің корпусың бір ғой, бізден бұрын сен кездесіп қаларсың,- деген. Мен жатқан бөлмеде қарағандылық шахтер орыс шалы бар. Сол шал жатар мезгілде «Біздің қабырғалас бөлмеде кімдер орналасқанын білмедім. Солар түн ортасы ауғанша бірдеңелерді тықылдатып мазамды алып бітті», – деген. Мен оған мән бере қоймағам. Ертеңіне таңертең сағат жеті жарымдар шамасында Тәжібай ағам сүйінші сұрағандай ентелей кірді «Амангелді, Амангелді бол, бол. Сыртқа шығайық. Ташкенттегі Орта Азия Әскери Округінен 2-3 әскери адамдар келді. Сөз әлпеттеріне қарағанда Бауыржанды шақыра келіпті. Баукеңді көріп қалайық», – деген соң сыртқа шыққанбыз. Есік алдындағы ақ волганың маңында екі әскери адам тұр. Біреуі офицер, жанындағысы қарапайым жауынгер. Оншақты минут мөлшерінде қасында капитан орыс жігіті бар Баукең сыртқа шықты. Түсі суықтау, ызбарлы сияқты көрінді. Біз именшектеп алыста тұрғанбыз. Көліктің жанындағы 2 жігіт әскери тәртіппен оң қолын шекелеріне қойып сәлемдесті. Баукең: «Честь имею!»,- деп есік ашқан әскерлердің сүйемелдуімен артқы орындыққа жайғасты…

Бізді таңдандырғаны күн жылы болса да Баукеннің қалың киім киюі еді. Үстінде ұзын күздік пальто, басында құндыз бөрік, аяғында офицерлер киетін жазғы жұқа етік, сыртына голош киген. Ойлап қарасаң табиғи құбылысқа қарама-қайшы әрекет…

Демалушыларға Баукеңді көргенімізді айтып мақтанып жүрміз. «Келген мезгілін білмей, хабарсыз қалмаңдар», – деп құлақтандырып үлгердік. Санаторий алдына қойылған орындықтарға жайғасып, құрметті қонағымызды күтудеміз. Өлдік-талдық дегенде түс ауа Құдай оңдап бағанағы ақ волга санаторий алдына келіп тоқтады. Ішінен түскен Баукең көпшілік отырған жерге қарай беттеді. Таңертеңдегідей емес, бет әлпетінен шуақ ескендей көңілді екен. Бұл жолы да «Ассалаумағалейкум» дегенге батылымыз жетпеді. Көп тобырдың қол беріп амандасуын жақтырмайтын шығар деген қауіпте болдық. Үн-түнсіз отыра бергені сол еді, топ ішінен бөліне шыққан қартаңдау татар шалы «Батя барсыз ба?» – деп қолын алып сәлемдесті.

Ей, сен кімсің? Мені неге «Батя» деп айттың?

Мен сіздің жауынгерлеріңіздің бірімін. Сіз басқарған батальонда болып, жаумен аянбай соғысқанбыз, – деп батырдың сұрақтарына арқажарқа болып жауап қайтарды. Іле Баукең:

Неше қатының бар, тоқал алдың ба, олардан қанша балаң бар? –деді.

Тоқал алғаным жоқ. Бәйбішемнен 3-4 балам бар – деп батырдың мысы басып кетті ме, алғашқыдай емес міңгірлеп қалды.

Халықтың өсіміне неге жөндеп үлес қоспадың? – деп жауынгерін қыспаққа алсын. Біздер осы оғаш сұрақтарға аң-таңбыз. Ішімізден мырсылдағандай боламыз. Сәл оғаш қылық көрсе, ақырып жіберер деген сескеніс те бар. Батыр сәл үнсіздіктен соң Ташкентке барған сапарын баяндай бастады.

Әскери округтегі жігіттер «Қырғыз фильмі» студиясы шығарған «Бауыржан» фильмінің тұсаукесер сияқты алғаш экранға шығармай тұрғанда болатын пікірлесуге шақырған екен. Жалпы фильм жаман шықпаған. Соған арнайы пікір білдіріп келдім. Соғыс кезінде жауынгердің басында болатын жан алып, жан беріскен арпалыстарды сол қалпында экран арқылы шындық тұрғыға сай етіп шығару қиынның қиыны. Көп жайларда соғыс алаңындағы атыс-шабыс кеңінен қамтылады да, жауынгерлердің көзге көріне бермейтін ішкі психологиялық арпалысты әрекеттері, қорқыныш пен тірі қалу үміті толық мәнінде жетпей жатады. Өйткені, әскери ғылымда соғыс кезіндегі жауынгер басынан өткеретін ішкі психологиялық әрекет ғылым саласының жеке бөлігі болып саналады. Оны соғысқа қатыспаған, жауынгер қиыншылығын басынан өткермеген адамның толық білуі, меңгеруі мүмкін емес. Ұрандап «Алға!»-деп айғайлаған командирдің бұйрығының астарында шабуылдап жеңіске жету мақсатының болатыны шыңдық. Бұл шабуылға шығушылардың бойына рух-жігер беретін психологиялық сынақ. Ал, сонымен қатар қоластындағы жауынгерлердің тағдырының шешілетін сәті. Бұл командирдің шешімділігіне, іскерлігіне, әскери шайқастың қыр-сырын қаншалықты меңгеруіне тәуелді дүние. Соғысқа қатыспай фильм мәтінін дайындамақшы болған сценаристен, фильмді қоюшы режиссерден және фильмде ойнайтын әртістерден толық мәніндегі қан майдан көріністерін талап ету мүмкін болмайтыны белгілі. Біздердің соғыс жайлы көрген фильмдеріміздің көбі болған оқиғалардың сұлбасы ғана деп санаймын. Бірақ, сол осал деген дүниенің өзінде аға буынның бастан кешкен ауыртпалықтары көрініс табады. Қырғыз бауырлар тарихи шыңдықты шама-шарқынша кестелей білген деуге болар. Бір сөзбен айтқанда оларға ризашылығымды білдірдім. Осы фильмді дайындар алдында менің рөлімді сомдайтын ыңғайлы әртіс таба алмай киногерлер көбірек қиналған болуы тиіс. Содан ба, әлде ой-саналарының жеткен жері сол болды ма екен «Өз рөліңізді өзіңіз ойнасаңыз қалай болады»? – деп сөз салған. Мен: «Мыналарың құлақ естіп көз көрмеген, тарихта кездеспеген тосын дүние екен. Осы ұсыныс кімнің тарапынан айтылса да оның мүсәпірлігін, надандығын танытады»,- деп ысқыртып үйден қуып шыққам – деп сөзін аяқтады. Бір қарыс ақ мүштігіне фильтрлі темекі қыстырып тұтатты да құлшына сорып, сәл солығын басқандай болды. Біздер Баукеңнің шын көңілімен шешіле сөйлеп, сыр төгіп әскери салаға арналған далалық лекциясының тыңдаушысы болғанымызға іштей мақтаныш сезімін ұялатқандай едік. Іле-шала Баукеңнің «Сопляк, мальшишка бросай сигаретті», – деген күркірін естідік. Аңдасақ, Баукеңді қоршай тұрғандардың ішінен балқаштық бір жас жігіттің темекі тұтатып, түтіндеткенін көз шалыпты. Оған қарап: «Сен кімсің, көпшілік тұрған жерде неге шылым шегесің? Сен мен болмақшы ма едің?» – деп тағы басқа жанға батар уытты сөз айтты да «Доклад окончен» – деп қатуланған бетінде орнынан тұрып, санаторияға бет алды.

Осы көріністерге ой жүгірте байыптасаң жаңа ғана мағыналы сөз айтып, жәйма шуақ отырған батырдың аяқ астынан бұлқан-талқан ашуға беріліп кетуі – оның көп қырлы ерекшеліктерінің бірі деп топшыладық. Яғни, қарама-қайшылықты ғұмыр. Кемшіліктерге төзбейтін вулканды атқылау ма деп ойлауға болар…

Бөлмемде бірге жататын шахтер шалдың айтқанындай Баукеңдер жататын бөлмемен қабырғалас екенміз. Бірінші қабаттағы қысқалау, тұйық залға екі-ақ пәтер орналасқан. Оның түп жағында біздер, бізден соң есікке тақау ауызғы жағына Баукеңдер. Жататын жерлері кең, екі бөлмелі. Шалдың мазасын келтірген түнгі тықыл жазба машинкасының дауысы болып шықты. Оны далаға кіріп-шығып жүріп ашық тұрған есіктен аңдағам.

Баукең кей күндері кіреберістегі қысқа залда әрі-бері жүреді. Бір күні абайсызда қарсы кездесіп қалып, амандаспақшы болғанымда қабағынан қар жауған кезіне тап болғаным бар. Көзі от шашып, мұрты тікірейіп кетті де: «Марш, мне не мешай»- деп гүр ете қалды. Сөйтсек, жаңадан жазбақшы болған туындыларын ойша сұрыптау әлегінде жүрген екен. Оны бойымыз үйреніп, жақындаса бастағанда өзі айтты. Біздер осы сапардан емделіп қайтқанша Баукеңнің түрлі-түрлі қызықтарына тап болдық. Соның бірі – бильярд ойынындағы шеберлігі. Санаторийдің солтүстік-шығыс жағындағы ойпаңдау жерде бильярдқа арналған бір қабатты ауқымы кең ғимарат бар. Соның кең залына қойылған үстелдің бірі Баукеңе тиесілі. Үстелден жоғарырақ қабырғаға Баукең келеді-ау деген екі мезгілді меңзейтін кесте ілулі тұрады. Бірі таңертеңгі 11-12-нің, екіншісінің кешкі 5 пен 6-ның аралығы. Кестеде көрсетілген уақытта осы үстелдерде басқалардың ойнауына рұқсат етілмейді. Баукең келгенде ойын үстелі бос тұруы шарт. Түстен кейін Баукең келеді-ау деген мөлшерге санаулы минуттар қалған. Баукең үстелінде ойнап жатқан 2 жігітке зал иесі үстелді босатып, басқа үстелге ауысуға ұсыныс жасады. Олар оның ескертпесін елең қылмай, ойындарын жалғастыра берді.

Осы шамада Баукең де келіп үлгерді. Зал иесі Баукеңге жалтақтап, «Кешіріңіз, мына жігіттер тілімді алмады. Басқа бос үстелге барып ойнайсыз ба?», – деп бәйек болып, сасқалақтап тұр. Баукең: «Тыныш», – деп саусағын көтеріп, ойыншылардың қасына келіп бақылай бастады. Үстел үстіндегі бұрышқа тақай орналасқан шарды көздеген жігіттің әрекеті босқа кетті. Шар ұяшыққа түспей, қабырғаға соғылып, басқа шарлардың ұйқы-тұйқысын шығарды. Көріп тұрған Баукең: «Кииіңді бере тұр, қалай ұруды көрсетейін», – деп еді, ол тыңдамады.

Кедергі жасамаңыз. Біз коньякқа бәстесіп ойнап жатырмыз – деп қарсылық танытты.

Онда мен де бәстесем. Сен ұрып түсіре алмаған шарды көздемей-ақ теріс қарап тұрып түсіремін. Келісесің бе? – деді. Ол келісті.

Келіссең менің де мынандай шартым бар. Мен ұтылсам бір бөтелке емес, екі бөтелке коньяк қоямын. Сен ұтылсаң залдан қуып шағарамын, – деп кезекті жаңағы жігітке берді. Бірақ оның әрекеті нәтижесіз болды. Таяқты қолына алған Баукең үстелге сыртын беріп бұрылды да қолындағы таяқты ілгері-кейін қозғап, қол мөлшерімен көздеген шарын ұяшыққа салып үлгерді. Залға жиналған топ қызыққа кенеліп, шуу ете түстік. Сол сәтте ғана жаңағы жігіт «Сіз кімсіз, мен танымадым ғой», – деп ұялмас тек тұрмастың кейіпіне еңгендей болды. Мұрты тікірейген Баукең: «Менің кім екенім саған қажетсіз. «Марш!»» – деп оны залдан қуып шықты. Жалпы, бильярд ойындары жайлы жазылған деректерде шарды теріс қарап тұрып ұяшыққа түсіру кездеспеген жайт екен. Осы көрініс оның нағыз шебер ойыншы екендігін ғана паш етіп қойған жоқ, оның бойында ерекше қасиет-аруақты құбылыс па, біздер түсіне білмейтін жұмбақты әлем барын аңдатқандай болды.

Күндердің күнінде Баукеңді сырттай бақылаудан құтылып, жақындай түсудің сәті түсті. Ол жоғарыдағы татар шалдың септігімен жүзеге асты. Сиректеу болса да батырдың сыртқа шығар мезгілінде келіп екеуі ауладағы орындыққа демалатын. Осындай мезгілді аңдып жүріп, шалдан батырға тақап, сөздерін естудің жолдарын сұрадық. Ол: «Көңілді отырған мезгілінде сендердің келіп кеткендеріңді елей қоймайды. Қыбырсыз келіп сөздеріне құлақ қоюларыңа болады. Ал, қатуланып дауысы қаттырақ шығып, гүжілдеген кезде тап болсаңдар жоламағандарың жөн. Көңілді кезі болса мен батырға сездірмей желкемді сипағандай қолымды көтерем», – деді. Бұл әскери тілде айтылатын пароль ғой. Құдай оңдап осыдан кейін Баукеңнің көптеген деректеріне қаныттық.

Ол соғыс тақырыбына ойыса қалса жас кеткен сарбаздарын жоқтап, сөзін үнемі өкінішпен бастайтын:

Нағыз көзсіз батырлар солар еді ғой. Отаны, туған елі үшін өздерін құрбандыққа шалған қаншама боздақтарымыз өтті. Көбінің аты-жөні де белгісіз. Қазақы ұғымда айтсақ «Он екі де бір гүл ашылмаған» жампоздарымыз бен жайсаңдарымыз солар еді ғой. Соғыс құрбандықсыз бола ма? Сол құрбан болған бауырларымызды тым құрыса жиірек еске алып, ерліктерін кейінгі жас буынға жеткізіп отыру біздің жазылмаған міндет-борышымыз болуға тиіс, – дейтін. Осындай бір отырыста: «Сендер естімеген шығарсыңдар. Соғыс аяқталған соң әскери трибунал мені айыптамақ болып көшпелі сот өткізген. Еуропаның бір мемлекетінің (атын ұмыттым. А.Т.) жеріндегі бір хутор сыртында демалып, ес жинап жатқанбыз. Күн жексенбі болатын. Хутордағы моншаға түсіп, жеңілдеп келгем. Мезгіл түс ауған кез болатын. Бір бейтаныс адам келіп: «Жолдас комдив, сізді хуторға келген әскери трибуналдың басшылары шақырып, іздеп жатыр. Мен солардың шабарманымын» – деп қолыма шақыру қағаз (повестка) ұстатып, қол қойдырып алды. Аң-таң болып хуторға келдім. Олар орналасқан кішігірім залға кіріп, әскери тәртіппен сәлемдестім. Біреуі отырыңыз деп залдың алдыңғы жағындағы орындықты нұсқады. Әскери трибунал төрағасы: «Бауыржан Момышұлының және трибунал мүшелерінің қатысуымен сот отырысын ашық деп жариялаймын» – деді де қаралатын істі айтып, мән-жайды түсіндіріп өтті. Сөйтсем, трибуналдың бүгінгі әрекеті менің тағдырыма жасалған барлаулы қастандықтың нағыз өзі болып шықты. Күн тәртібі «Бауыржан Момышұлының соғыста неміс әскерлерінен қолға түскен бәлембай сомның дүние мүлкін (трофей) талан-таражға салуы туралы» деп алыныпты. Төраға: «Жолдас Момышұлы, айыпталушы ретінде адвокат алуға құқыңыз бар. Біздің құрамымызда 1-2 адвокат келген деп, солардың аты-жөндерін атап өтті. Қайсысын қалайсыз?» – деген сұрауымен сөзін аяқтады. Мен: «Адвокаттың керегі жоқ, әскери командир ретінде өзімді-өзім қорғап қалуға шамам жеткілікті» – деп келісім бермедім. Олар маған тағылған айыпты оқи бастады. Ол өздері айтқандай жиналған мүлікті алғашқы демобилизацияға іліккен қартаң жауынгерлерге таратып бергенім де шындық еді. Әскер қатарынан босағандарға қажетау деген дүние мүліктердің біразын күнілгері іріктетіп, дайындатып қойғам. Қартаң жауынгерлерді тізім бойынша сапқа тұрғызып: «Жолдастар, біздің бірінші олжамыз – Жеңіс. Осы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Көптеген жауынгерлеріміз жан қиды. Ал, сендер Отан қорғауда адам төзгісіз тозақты бастан өткіздіңдер. Осы қасиетті Жеңісіміз баянды болсын! Екінші олжамыз сендер тірі қалдыңдар. Отбасыларыңа аман-сау ораласыңдар. Бұл әркімге бұйыра бермейтін үлкен бақыт, зор қуаныш. Қазақ халқында қалыптасқан сөз бар. Ол – «Әкең базардан келді ме?» – деп қуанышты кезде айтылатын әуез. Бұл әкесі базарға барып сәлем-сауқат әкелгенге қаратылып айтылады. Сондай-ақ, сендер де үлкен қан-қасап базардан қайтып бара жатырсыңдар. Бос қайтпасын деп жиналып қалған киім-кешектерден үлес бөлдірдім. Қазір аласыңдар. Сондай-ақ, штабқа келген медальдардан омырауларыңа тағып беремін дедім. Дивизия командирінің бұйрығымен ерлік көрсеткен жауынгерлерге Үкіметтік Жоғарғы Кеңес Төралқасының атынан дивизия комадирінің тапсыра алатын құқығы болатын. Бұл кейін енген жаңалық. Мен соған сүйендім. Менің осы әрекетім бір жетінің ішінде дивизиядағы «жансыздар» арқылы жоғарыға жеткен ғой. Әскери трибуналдың келу себебі осы екен. Айыптау үкімі оқылған соң маған сөз берді. Мен мінберге шыққан бетте: «Айыптаушы және қорғаушы ретінде 6 сағат сөйлеуге мүмкіндік сұраймын» дедім. Олар абыржып «Істі бүгін қарап бітіруміз керек» – деп қарсылықтарын білдірді. Менде қарысып: «Жаңа да айттым, алты сағатсыз өзімді-өзім қорғай алмаймын. Істің мән-жайын жан-жақты жеткізу үшін осыншалық уақыт керек» – деп сөзімді қайталадым. Олар келісті. Қолымды көтере бере: «Жоқ үш-ақ сағат жетеді» – дедім. Олар қозғалақтап, қуанғандай кейіп таныта бергенде тағы да оң қолымды көтеріп: «Үш-ақ минут сөйлеймін. Тек қана менің бір шартым бар. Ол мен қандай қимыл жасап, әрекет етсем де сіздер соны міндетті түрде қайталауларыңызды талап етемін» – дедім. Олар менің түпкі ойымның мән-мағынасын түсінбесе де келісті. Алдымен оң қолымды көтердім олар менің қимылымды қайталады. Менің қолымдағы өзіміздің Отандық сағат екенін, олардың білегіндегі сағаттың немістердікі екендігін айтып, мақұлдаттым. Мінберден түсе бере кеудемдегі жауынгерлік гимнастеркамды шешіп, алдыңғы қатардағы 2-3 офицердің де әскери формаларын шешкіздім. Іш киімдерінің неміс офицерлерінің қымбат матадан тігілгендігін қайталап айтып ауыздарын аштырмадым. Күнделікті жауынгерлер киетін керзі етігімді шешіп, шұлғауын үстіне тастадым. Аяқтарындағы сықырлаған неміс офицерлерінің сапалы теріден тігілген етіктерін де сыпыртып, ішіндегі шұлық пен мойындарына орайтын қымбат матаны да бөлек қойғыздым. Менің киімдеріммен өздеріңіз киіп келген киімдеріңізді салыстыра қараңыздар. Кімдерді кімдердің талантаражыға салғанына көздеріңіз жеткендей болар. Мен азын аулақ киімдерді елге қайтқан жауынгерлерге таратқанымды мойындаймын деп, жауынгерлеріме сапта тұрғанда айтқан сөздерімді қайталадым. Біраз үнсіздіктен соң трибунал басшысы өзара күбірлесіп, мерзімі белгіленбеген үзіліс жариялады. Сол күнгі менің ісімді қараған соттың алдын екінші рет көрген емеспін.

«Құдай абырой берейін десе, желеп-жебейді ғой. Мен көбінесе қарапайым далалық (поле бой) киімдермен жүремін. Олардан шақырту келгенде асығыстықтан киім ауыстырмай, жауынгерлік гимнастеркамен келгем. Осы киімдерім олардың трофейлік киімдерімен салыстырғанда менің пайдама шешілді» – деп ешкімнің ойына келмейтін мықты логикалық әрекет арқылы тапқырлығымен өзіне құрылған тордан аман-сау құтылғанын айтып, тоғайған кейіппен ақ мүштігіне темекісін қыстыратын…

Тағы бір байқағанымыз Баукеңнің ауқаттану кезіндегі ұстанымы болды. Ол дәмханаға келеді-ау деген мезгілде даяршылардың ес-түсі қалмайтын. Өйткені, ол асты тостырмайды екен. Үстелге қойылатын дәм түрлері (жеміс-жидектерден басқалары) Баукең келіп дастарханға жайғасқан бетте қойылуы шарт. Сол сәтте үлгере алмаса, бәйбішесін қолтықтап шығып кетеді екен. Бұл да батырға тән ерекшеліктердің бірі болса керек.

Баукеңе соғыс біткен соң жоғарыда келтірген қыспақ-қысас бейбіт заман орнап, Каленино әскери академиясының оқытушысы қызметінен босап, елімізге оралған соң да жалғасыпты. Оны өзі былай жеткізген-тін. «Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай Москвадағы әскери штабтың сұрауы бойынша Шымкентке барып, әскери-патриоттық тақырыпта өткен облыстық жиынға қатысып, қайтар жолда Жамбылға соғып, ағайын тумалардың есенсаулығын білмек болып, пойызбен шыққанбыз. Одан соң бір жетінің мөлшерінде Москваға бармақпын. Жамбылдың вокзалында облыстық партия комитетінің жігіттері қарсы алды. Олардың тосатынынан хабарсыз едім. Сөйтсек, Шымкентке барып кездесу өткізгенімді естіпті. Өздерінде өтетін жиынға да мені қатыстыру мақсаты болған екен. Оны қарсы алушы жігіттер айта келіп: «Сізді облыстық комитеттің бірінші хатшысы Б.Сәдуақасов тосып отыр» – деп біздерді облыстық партия коммитетіне алып келді. Бірінші хатшы жаңағы көмекшісі айтқан жайды қайталап, өздеріндегі салтанатқа қатысуымды өтінді. Мен келістім. Іле асқа шақырды. Сондағы бір кең бөлмеге дастархан жайып, үстел үстін дәм атаулының бәрін толтырып қойыпты. Дәмеш екеумізді төрге оздырды. Бірінші сөзді хатшының өзі бастап, біздің сапарымыздың сәтті болуын айтып, тос көтерді. Мен рөмкеге құйылған коньякқа мұртымды тигіздім де орнына қойдым. Осыны көрген хатшы мәймеңкелеп келе жатыр еді. Мен: «Қазақ бүйтіп қонақ шақырмас болар. Қасымдағы мына қатыным топ еркектің ортасында сүтке тиген мысықтай болып, қолтығыма тығылып отыр. Еркек пен еркек, әйел мен әйел бөлек отырып сұхбаттаспаушы ма еді. Әйелдерінің көзі қисық, мұрны пұшық болмаса шақырыңдар. Келсін» – дедім. Үстел басындағы ығай мен сығайлар менің сөзіме мән бере қоймады. Хатшы да әрекетсіз отыр. Ешкімге әйелдеріңді шақыр деп айта алмады. Мен: «Честь имею!» – деп Дәмешті қолтықтап, өзімізді осында тосып тұрған ауыл жігіттерінің көлігіне мініп Жамбылға тартып кеттім. Ондағы ағайын-тумалармен арқа-жарқа табысып, аунап-қунап Жамбылға қайтқанмыз. Бұл қалада да тума-туыстар жетерлік. Соларға соқпақ ниетінде болғам.

Партия комитетінің жігіттері тағы да жолығып, қояр да қоймай өздеріндегі өтетін жиналысқа алып келді. Мерзімді уақытта мәдениет сарайының кең залында салтанат басталды. Алғашқы сөзді алған Б.Сәдуақасов жұртшылықты Жеңістің 20 жылдығымен құттықтады. Баяндамасын жалынды сөздермен бастады. Соғыс тарихы жайлы жазғандарын оқуға кірісті. Тілінің шалалығы ма, орысша айтылатын кейбір сөздердің қисынын келтіріп, екпіні мен сәл тыныстайтын жерлерін өз дәрежесінде жіткізе алмады. Осыларды аңдаған алдыңғы қатардағы 1-2 орыс жігіті бір-біріне сыбырласып, мырс-мырс күлді. Билік дәрежесіндегі елге иелік етіп отырған адамның осалдығын және оны келемеж еткен екі жігіттің мазақ күлкісі намысымды қоздырып жібергені. Хатшы сөзін аяқтаған соң, маған кезек келді. Қолымда Москвадағы басштаб басшылыққа алуы үшін жіберген баяндамасын ала шығып: «Ежелеп оқи алмай күлкі болармын. Соғысты бастан өткерген жауынгер ретінде оның тарихын ауызша да жеткізіп бере аламын. Мына баяндаманы ежелеушілерге бердім» – деп төралқа үстелінің шетіне барып тастадым. Бір сағат мөлшерінде өзім көріп, білген соғыс тарихына тоқталдым. «Бүгін Жеңістің 20 жылдық тойы ғой. Осыған орай, сөзімнің соңын сол жылдардағы әнмен аяқтағым келіп тұр» – деп бір ән айттым. Жұртшылық қосылды…

Содан соң Москвада жиырма шақты күн болып, Алматыға оралғам. Мен жоқта Жамбыл обкомы Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Исмайыл Әбдірахманов Юсуповтің атына Б.Сәдуақасовтың намысына тиіп, коммунистік моральға жатпайтын әрекет жасады деп арыз жазыпты. Іле-шала Орталық Комитетке шақырылдым. Бірінші хатшының көмекшісі жас жігіт қабылдады. Барған бетімде әй-шәйға қарамай қыспаққа алып, арызда жазылғандар жайлы түсіндіретін түсінік талап етті.

– Саяси мәні жоғары дәрежедегі жиында неге ауызыңызға келгенді айттыңыз? Бұл моральдік кодекспен сыйспайтын қате қылық. Осы қылығыңызға лайық партиялық қатаң жаза аласыз – деп қысып барады. Сәл ойланып алдым да «Сіз айтқан моральдік кодексті алдырыңызшы» – дедім. Ол қабырғадағы шкафтан жұқалау біреуін алып үстел үстіне қойды. «Енді осы кітаптан мереке күндері өлең айтып, ән салуға болмайды деген тұжырымды тауып, оқып беріңізші» – дедім. Ол кітап беттерін аударыстырып тиянақты ештеңе айта алмады. «Моральдік кодексті қару ретінде пайдалану үшін оның ішіндегі материалдарымен таныс болуыңыз керек қой. Ештеңеден хабарыңыз жоқ сауатсыз адам екенсіз – деп аузын ашуға шамасын келтірмей шығып кеттім» – деген. Бұл адуынды батырдың қуыс кеуделерге берген көптеген соққыларының бірі болса керек…

Санаторияларда сенбі, жексенбі күндері ойынсауықтар ұйымдастырып, демалушыға мәдени қызмет көрсету қалыпты жағдайға айналған ғой. Сондай күндердің бірі еді. Күн салқындау, аздаған ызғырық жел бар. Ойын-сауық өтетін жерге келсем, алдындағы орындықта Баукең мен татар шалы отыр. Шал мені көре сала «Батя, кешіріңіз мен тоңынқырап қалдым, қайтайын. Міне, көршіңіз келді ғой» – деп батырдың рұқсатымен қайтып кетті. Батырдың үстінде «Сталинец» деп аталатын қоңыр китель, аяғында үйге іліп жүретін өкшесі жоқ жұқа башмақ, бұтында 60-шы жылдары «Спортивка» деп аталатын балағы бүрілген қоңыр түсті шалбар. Күннің ызғарын елемейтіндей ыңғай танытады. Өзі көңілді.

– Мен 60 жыл ғұмыр кештім. Туған жылым – 1909 жыл, паспортымда бір жылым кем жазылған. Міне, қара, – деп паспортын қолыма ұстатты. Паспорттағы жазуға іштей көз жүгіртіп тұрғам. «Үнің шықпай қалды ғой, дауыстап оқы», – деп бұйыра сөйледі. Бауыржан Момышұлы 1910 жылы туған деген жазуды дауыстап оқыдым «Міне, көрдің ғой, биыл 60 жасқа толамын. Осы жасымда 120 жыл жасаған адамның басына кезігетін қызықты да, шыжықты да көрдім. Ауыртпалықты біздер ғана емес Еуропа мен американдықтар да басынан өткерді. Бұл зұлматты Жеңіспен аяқтадық. «Көппен көрген ұлы той» дейді ғой. Көрдік, көндік, дәміміз таусылмағанымыз тірі қалдық. Қыршын кеткен жас жауынгерлерім есіме түскенде ыза мен кек кернейді. Нағыз батыр шіркін-ай, солар еді ғой», – деп өкінішін қайталады. Сөйтіп, жайма-шуақ отырғанымызда қасына сымбатты бойжеткен ертіп өтіп бара жатқан бір жігіттің Баукеңе бас изеп амандаспақ болған ілтипатты ишарасы шырық бұзуға себеп болды. Қолма-қол мұрты тікірейіп: «Бері кел», – деп ақырды да қасына келген жігіттің иығынан сарт еткізіп, өзі отырған орындыққа күштеп отырғызды. Мен мына бойжеткенмен биден келгенше тапжылма», – деп қызды қолтықтап би алаңына беттеді. Аяқастынан жазықты болып қалған жігіт: «Мен қандай ағаттық істедім? Бірдеңеге кінәлі болдым ба? Ол кісі неге маған ақырды?», – деп сұрады. Мен ештеңе аңдамағанды айттым. Биден оралған Баукең «Встать!» – деп тағы да ақырды. Өзі бүрісіп отырған жігіттің түрі одан сайы бозарып кетті. Ол «Аға кешіріңіз, мен қандай ағаттық жасағанымды түсіне алмай отырмын. Неге ренжідіңіз?» – деді.

– Сен не істегеніңе ой жібіре аласың ба? Кінәң қазақы ғұрыпта сәлем бере алмауыңда. Өзің қай жердің тумасысың? – деді. Жігіт павлодарлық екен.

– Е, орыстар көп жүрген жерден екенсің ғой. Есіңде болсын, амандықтың да жөн-жосығы болады. Бас изеу шыбындаған жылқыға ғана тән. Мені жылқы деп қалдың ба? Екінші рет бас изегеніңді қой. Ол өзіңмен сәлемдесетін адамды қорлау болады. Бас изеу – еуропалықтан ауысқан ғадет. Асығып бара жатсаңдар бас изеспей-ақ оң қолды кеудеге қойып сәл иілсеңдер болады. Ол сәлемдесу ишарасына жатады» – деп түсі жылыды. Баукеңнің осы ескертпелерінде елене бермейтін көп салалы ұлттық тәрбиенің ізі анғарылады. Ал біздер көп жайларда бас изесіп өте саламыз ғой.

Өзі Куба сапарымен шетелде жүргенде алматылық бір азаматтың «Бауыржан» болып атына кір келтіргенінен де шет жағалап деректер келтірген. «Кубада болып Алматыға келдім. Бірер күннің мұғдарында осы жолғы көріп білгендерімді өз аузымнан естімекші болып күн сайын атақты ғалымдар, өзім сыйлап қадір тұтатын ағаларым бірінен соң бірі келіп шаңырағымыз босамауға айналған. Үйге Ахмет Жұбанов ағам келген. Кең көлемде көсіле сөйлесіп, 2-3 сағаттың қалай өткенін аңдай қоймаппыз. Ағам ризашылық сезіммен қолымды қысып қайтып кетті. Іле-шала Дәмеш: «Бауке, бағана Пушкин атындағы мемлекеттік кітапханың директоры мен партия ұйымының хатшысымыз деп екі орыс әйел келген еді. Мен Ахметтің отырғандығын айтып, тоса тұруларын ескерткем. Солар рұқсат сұрап тұр» – деді. «Кірсін» дедім. Өздерін таныстырған әйелдер өңім түгіл түсіме кірмейтін жайттарды айта бастады. Олардың сөз сабақтауы бойынша мен кітапханадағы қызмет жасайтын бір жас қызды алмақ болып көңіл қосыппым. Содан қыз жүкті болыпты. Қыздың жүкті екенін білген мен хабарласудан қашқақтап, жоғалыппым. Ай-күні тақалған байғұс қыз: «Мені Бауыржан деген жігіт алдап соқты. Енді елге не бетімен көрінемін» -деп басындағы жайды бастықтарына жеткізген ғой. Екі әйелдің келу себебі осы екен ғой. Мен ондай жайдың басымда болмағанын айтып сендіре алсамшы. Тіпті, болмаған соң қызбен тілдесейік, менің атымды пайдаланып жүрген бір алаяқтың ісі шығар деп ойымды айттым. Сөйтіп, қызды кездестіріп, жалған жаладан әрең дегенде құтылдым ғой» – деген еді.

…Қайтар мезгіл тақады. Баукеңмен бірге болғанымызды айғақтайтын суретке түсу ойымызға кештеу оралды. Суретке түсейік дегенді жақтырмайды деп естігенбіз. Не істемек керек? Санаторий маңына келіп-кетіп жүретін өзбек фотогрофына осы жайды айтқанбыз. Ол «Өзінің рұқсаты болмаса суретке түсе алмаймыз» – деп сөзін шолақ қайырған. Санаторияда демалып жатқан жерлесіміз қарағандылық орта жастағы бір әйел (атын ұмыттым А.Т.) Баукеңді көрген сайын именбей амандасып, ара-тұра қалжыңдасып жүретін. Тілегімізді сол кісіге жеткіздік. Ол «Көңілденіп отырған мезгілінде әрекет етейін» – деп келісті. Батырдың сырттағы орындықта демалып отырған сәтінің бірінде: «Батыр аға, біздер сізбен бірге болған осы күндерімізде ұмытпастай әсерге бөлендік. Елге барғанда сіздің ауызыңыздан естіген тарихи жайларды айтып мақтанатын боламыз. Осы қуанышты кездерімізді айғақтайтын нәре – фото ғой. Осы тілегімізге қалай қарайсыз? » – деді.

Баукең «Жігітті ел мақтаған қыз жақтайдыға»,- келтіріп жібердің ғой. Айтқаның болсын» – деген. Содан соң ғана суретке түскенбіз.

Осы жазбада батырдың еркелікке, тентектікке балайтын характерлік ерекшелігі қамтылды. Баукеңнің тентектік деп аталатын қасиеттері ойсыздықтан, санасыздықтан туған емес. Керісінше, Отан сүйгіштіктен бастау алған намысты өмірлік серік етіп, оған көлеңке түсіруге жол бермейтін өршілдігінен деп түсінеміз. Өйткені, халқымыз тентектікті тектілікке, ұлттық мінезге бағалаған ғой.

Қорыта келгенде, «Еш-кеш демей, тәнді жан тастап кетпесе шамамыз келгенше ғазиз халқыма қызмет етуге даяр құлмын» – деп Міржақып айтпақшы Баукең де осы ұстанымен өмірден өтті. Халқының құлы болған қаһарманымыз бүгінгі күндері тау сияқты алыстаған сайын асқақтай бермекші.

Аманкелді ТУҒАНБАЙ,

нарманбеттанушы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button