Жаңалықтар

Батыр – біздің әріптес

«Ortalyq Qazaqstan» газетінде жұрт сүйінер игі дәстүр бар. Әр бес жыл сайын шығаратын жинақта редакцияда қызмет еткен жандардың тізімін беріп келеміз. Тек, шығармашылық өкілі болуы міндетті емес. Редактор әлде тілші, мейлі, көлік жүргізушісі болсын. Еңбек кітапшасына «Бас редактордың қолы мен редакцияның мөрі» соғылса, жеткілікті. Сөйтіп, тізіміміз бес жыл салып жиырма есімге дейін толығып отырады. Тоқсан жылдыққа арнаған кітабымыз да жарық көрер күн жақын. Міне, сол мерейтойлық жинақты әне-міне баспаға жібереміз деп отырғанда басылым жанашыры әрі авторы Сәлижан САДЫҚОВ ағамыз редакцияға ентіге жетті. Қолында бір бума сарғайған қағаз… Майданда ерлікпен көз жұмған батыр Аманжол БҰХАРБАЕВ «Орталықта» қызмет етті деп кім ойлапты?!

Аманжол Бұхарбаев

Сәлижан ағаның әкесі Әдіхан Садықов пен Аманжол Бұхарбаев – бір ауылдың тумасы. Құрдас. 1905 жылы туған. Әрі туыстық жақындығы бар. Қарқаралы уезі, Ақсары болысының №17 ауылында туып-өскен. Қазіргі Бесоба селолық округінің Қызылту ауылы. Аманжол Бұхарбаев туралы «Орталық» бұрын жазған-ды. Журналист Жәнібек Әлиманның «Батыр» (14.03.2020 ж.) тақырыбындағы мақаласы шықты. Сол мақалада 1945 жылдың 5 наурызында танкпен жау тылына өтіп, 54 фашистің көзін құртып, экипажымен бірге танк ішінде өртеніп кеткен батырдың өмірбаяны тәптіштей айтылған. Сондықтан, өмір жолына қайта тоқталып, ежіктеп жатпалық. Дегенмен, сол мақалада батырдың газетте қызмет істегені туралы бір ауыз сөз жоқ. Себебі, ол кезде бұл мәлімет тірі жан баласына беймәлім-ді. Сәлижан аға қолымызға батырдың немересі, белгілі тележурналист Гүлнар Бұхарбаева апайымыздың авторлығымен биыл шыққан «Тағзым» атты кітапты тигізді. Мұнда Аманжол Құсайынұлымен үш атадан қосылатын қайраткер Имам Әлімбеков, осы әулеттен шыққан өзге де ерлерге қатысты мәліметтер, мақалалар топтастырылған. Майданнан жазылған хаттар, архив құжаттары да берілген. Бізді қызықтырғаны осы архив құжаттары болды…

Әдіхан Садықов

Аманжол Бұхарбаевтың 1941 жылдан Қарқаралы ауданының білім бөлімін басқарып, броні бола тұра 1942 жылдың күзінде өз еркімен майданға аттанғаны белгілі. Сол әскерге алынғанша берілген анықтамада 1931-1932 жылдары «Қарағанды пролетариаты» газетінде көмір секторының меңгерушісі қызметін атқарғаны жөнінде жазылған. Бұл – Аманжол Құсайынұлын Қу ауданының білім бөлімінің меңгерушісі ретінде БКП/б/ ОК-нің (ЦК ВКП/б/) бекітуіне берілген анықтама. Анықтаманың соңында бұған дейінгі еңбек жолы көрсетіліпті. Түпнұсқадан үзінді келтіре кетсек…

«…РАБОТА В ПРОШЛОМ

1919-1921 Батрак у бая г. Каркаралинск

1921-1924 В своем хозяйстве аул №17 Каркаралинского района

1924-1931 Студент педтехникума г. Каркаралинск.

1931-1932 Зав. угольным сектором газеты «Қарағанды пролетариаты» г. Караганда

1934-1935 Зав. тех. учебой и зав. распред. отдел Каругля г. Караганда

1935-1936 Студент горного техникума г. Алма-Ата

1936-1937 Завуч курсов мастеров г. Караганда

1937-1940 Зав. Горторгом и ответ. секретарь Горсовета г. Караганда

VII – 1940 по н/в Зав РАЙОНО Кувского района».

1931-32 жылдары қазақ даласын аштық жайлағаны мәлім. Қарқаралыны да бұл нәубет айналып ланы сағалап, қызметке тұрған. Сәкеңнің әкесі Әдіхан Садықовтың да №4-5 шахта комсомолының хатшысы қызметінде жүріп газетке хабар-ошар жазып тұрған шағы осы кез. Кейін Қазақ коммунистік журналистік институтына (ККИЖ) оқуға кетуіне де осы газетпен тығыз байланыста жүріп жазу-сызуға бет бұруы себеп болды деп ой түйдік. Оқу бітірген соң Әдекең Қостанай облыстық газетіне, Ұлытау, Ақтоғай аудандық газеттеріне редактор болды. Әдіхан есімі біздің тізімде бар. Тізімде жоқ Аманжол Бұхарбаевқа оралсақ…

Газетте екі жыл көмір секторының меңгерушісі болған Аманжол Құсайынұлы Орталық электр станциясы директорының көмекшісі қызметіне тағайындалады. Бұл – шахталарға ғана тоқ беретін алып станция. Аштық уағында тек қалада, өндіріс орындарында жағдай түзу болды. Ол артындағы ағайынын аштық аранынан құтқару мақсатында станцияға қызметке баруы мүмкін деген ой келді біздің басымызға. Әрине, бәлкім басқа да себептері бар…

Десек те, Аманжол Бұхарбаевтың «Орталықта» ізі қалғаны бұлтартпас деректермен дәлелденді. Біздің «жауынгерлер» саны 488-ге жетті, мәртебелі оқырман!

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button