Жаңалықтар

Бату хан

XIII ғасырдың алғашқы жартысында оңтүстігінде – Солтүстік Иранды, терістігінде – оңтүстік орыс жерін, батысында – Кавказды, шығысында Қытайды жаулап алып, үлкен империя құрған Шыңғыс хан осы ұлан-байтақ өлкені иелігінде ұстап тұру үшін өзінің төрт ұлына бөліп, еншілеп береді. Сонда үлкен ұлы Жошыға Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан ары батысқа қарай «моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар», оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейінгі жерлер берілді. Әмударияның төменгі жағындағы аймақтар (солтүстік Хорезм) мен Сырдария өңірі де Жошы ұлысына кіреді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталды. Шыңғыс ханның заңдары бойынша ұлдары басқаратын ұлыстардың бәрі бір қағанға – моңғолдың Ұлы қағанына бағынатын болды.

Бату, Батый, Сайын хан (1208- 1255) – Алтын Орданың негізін қалаған хан (1227-1255), қолбасшы. Шыңғыс ханның немересі, шешесі – қоңырат Елші ноянның қызы Кочу хатун. Бату 1227 жылы Жошы өлгеннен кейін Шыңғыс ханның ұйғарымымен әкесінің ұлысына хан болды. Бату – Жошының Орда Еженнен кейінгі екінші ұлы. Тарихымызда Бату ханның Жошы ұлысы тағына отыруына байланысты түрлі деректер бар. Өтеміс қажының «Чингизнаме» дерегінде аяқ астынан қайтыс болған, соңына өсиет қалдырып үлгермеген Жошыдан қалған тақты бәйбішеден туған екі ұл Ежен мен Бату бір-біріне ұсынып, мәмілеге келе алмай, інілерін ертіп, Моңғолиядағы Шыңғыс ханға барады. Ол Батуға алтын босағалы жібек ақ орда тіккізіп, құрметтеп, әкесінің орнына таққа отырғызады. Ұлы атасының құзырымен Бату (Сайын) Қыпшақ даласының дара билеушісі болды. Алайда, Бату таққа отырғанын тойлап жатқанда Шыңғыс ханның қайтыс болғаны туралы қайғылы хабар келді. Бату хан енді орнына Тоқай Темірді қалдырып, бес інісін ертіп, мемлекет астанасы Қарақорымға келді және осында, 1229 жылы шақырылған құрылтайда Үгедейді Шыңғыстың орнына таққа отырғызу рәсіміне қатысты. Үгедей оны бұрынғысынша қыпшақ даласының билеушісі ретінде билікке қалдырды (Т.Омарбеков. «Қазақ мемлекеті: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны». Ал., 2017. 179-180-б.).

1235 жылы болған келесі жалпымоңғолдық құрылтай Кореяға, Қытайға, Үндістанға және Еуропаға жорықты жалғастыру туралы шешім қабылдады. Батыс аймақтарға жорықты басқару Бату ханға тапсырылды және оған Батудан басқа Шыңғыс хан әулетінен Үгедейдің ұлы Күйік, Төлейдің ұлы Мөңке, Шағатайдың ұлы Байдар және Батудың өз бауырлары – Орда Ежен, Тоқай Темір, т.б. қатысты. Олардың қатарында Шыңғыс ханның әйгілі қолбасшыларының бірі ретінде танылған Сүбедей баһадүр де болды. 150 мыңға жуық адамнан тұратын әскер жорыққа Батыс Алтай өңірінен 1236 жылы көктемде аттанып, маусым айында Еділ бұлғарларының жеріне жетті. Бату Еділ бұлғарларын бағындыруды Сүбедейге тапсырды. Сүбедей бұлғарлардың Керпек, Сувар, Биляр, т.б. қалаларын бірінің артынан бірін жаулап алып, 1237 жылы көктемде басты қаласы Бұлғарды бағындырды. Мөңке бастаған әскер Кавказға ішкерілей еніп, ондағы көптеген қалалар мен Аланияны бағындырып қайтты. 1237 жылы күзде Бату әскерлері Рязань княздігіне шабуыл жасап, Пройск, Белгород, Ижеславец, Ожск, Ольгов, Переславль-Рязанский, Боршов-Глебов қалаларын басып алды (Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Ал., 2006. 123-б.).

Рязандіктер Владимир княз Юрийден көмек сұрады. Бірақ, ол моңғол-түріктердің күшті әскерімен соғысудан бас тартты. Ішкі феодалдық бытыраңқылықтың асқынуы сыртқы қауіптің күшейген тұсында да бірігіп күресуге жол бермеді. Рязань қаласын қорғаушылар 6 күндік қоршаудан кейін 21 желтоқсанда тізе бүкті. Бұдан кейін Бату хан негізгі жау – Владимир князі Юрий Всеволодовичті Коломна өзені бойында талқандап, Мәскеуге бағыт ұстады. XVI ғасырда Әбілғазы Баһадүр хан Бату ханның қосындарын біріккен құрама әскер қарсы алғанын хабарлайды. «Карелия әміршісінің, немістер мен орыстардың біріккен күші айналдыра ор қазып, бекінеді, үш айға жуық берілмейді». Бір күні түнде Шайдан ханзада айналып өтіп, жау бекінісіне басып кіреді. «Жетпіс мың адам» қаза тапқан ұрыстың шешуші сәті сол болды. Орыс жылнамаларында бұл ерліктің үлгісі болған қорғанысқа, әскербасы Филипп Нянка басшылық еткені жазылған (Қ.Бегалин. «Алтын Орда хандары». Ал., 2007. 39-б.).

1238 жылы қаңтарда Мәскеуді жаулап, оның князі Владимир Юрьевичті тұтқындады. 3 қаңтарда Владимир қаласын қоршауға алып, оны 7 ақпанда бағындырды. Осы жылы наурызда орыс князьдіктерінің дені – Суздаль, Кострома, Ростов жеңілді де, Бату әскері үшін Новгородқа жол ашылды. Моңғолдар енді Новгородқа беттеді. Новгородтықтар қорғанысқа дайындала бастады. Наурыздың 17-сі күні Новгородқа 200 шақырым жетпей тоқтады. Бату оңтүстікке оралуға шешім қабылдады. Кейбір тарихшылар моңғолдар көктемгі батпақтан қашты деп түсіндіреді. Шындығында, моңғолдар бірталай шығынға ұшырағандықтан, соғысқа дайын әскермен айқасуға бата алмады. Оңтүстікке бет алған әскерлер жол-жөнекей Козельск қаласын басып алмақшы болды. Алайда, қала тұрғындарының табанды қарсылығына ұшырады. Козельскіні алты күн бойы қоршап, қорғанды арнайы машинамен қиратып кірді. Козельскіні Бату «ашулы қала» деп атады (К.Аманжолов, А.Тасболатов. «Қазақстанның әскери тарихы». Ал., 1999. 52-б.). Торжок, Подеснья, Курск қалалары талқандалды. Дон өзенінің бойында Қыпшақ ханы Қотанның әскерімен кезікті. Жеңіліс тапқан Қотан өзінің әскерімен Мажарстан (қазіргі Венгрия) жеріне өтіп кетті. Мажарстан королі IV Бела қыпшақтарға Тисса мен Дунай өзендерінің арасынан қоныс береді. Сол жылы қырық мың қыпшақ мажар жеріне қоныс аударады. Олар барған жерінде жаман болған жоқ. Ел билігінде беделді қызметтерді иеленді. Кеңес, жиындарда төрге шықты, Қотан ханның қызы Эржебет (Елизавета) тақ мұрагерінің қалыңдығы болды. Бату 1239 жылы көктемде Переяславль, күзде Чернигов князьдіктерін жаулап алып, Днепр өзені бойына жетті. 1240 жылы 6 желтоқсанда Киевті алды. Батыс Еуропаға жол ашылды. Бату Киев жерінен Мажарстанға, Польша мен Далмацияға (Балқан түбегіне) жорық ұйымдастырады. Бату әскерінің жасақтары 1241 жылы наурызда Польшаның Люблин, Сандомир, Краков қалаларына жорық жасады. Шағатайдың ұлы Байдар басқарған әскер 9 сәуірде Лигниц қаласы түбінде 30 мыңнан астам адамнан тұратын поляк-неміс әскери жасағымен шайқасып, жеңіске жетті. Бұл шайқас азиялық соғыс өнері еуропалықтардан анағұрлым жоғары екендігін көрсетіп берді. Бұл мез де Бату әскердің басым бөлігімен Мажарстан жеріне кіріп, Сити өзені бойында біріккен мажар-хорват әскери күшін талқандады. Шайқаста 65 мың адамнан тұратын мажар-хорват әскерінің 56 мыңы өлді. Мажар королі Далмацияға қашып кетті. Хорват герцогі Коломан шайқаста алған жарақатынан қайтыс болды. Будапешт қаласы Бату әскерінің тонауына түсті. Дунай өзенінен өтуді Бату өзі басқарып, әскерін Жерорта теңізінің жағалауына дейін жеткізеді. Остроган, Стольни, Боиград (Белград), Весперим, Джур қалаларын бағындырды. Бату әскерінің екінші қанаты Нейштад қаласын алып, Венаға тақап келді («Айбын». Энциклопедия. Ал., 2011. 163-б.).

Бату өзі түгелге дерлік бағындырылған Еуропа елдерінің ішкі істеріне араласпай, дініне, мемлекеттік басқару істеріне еркіндік берді, тек салық төлеп отыру міндетті болды. 1241 жылы желтоқсанда моңғолдың Ұлы ханы Үгедей өлгеннен кейін Бату Балқанды тастап, Жошы ұлысына – Төменгі Еділдегі өзінің ордасына аттанды. Кейбір тарихшылардың айтуынша, Батудың Мажарстаннан қайтуы – Үгедей ханның дүниеден қайтуына байланысты. Негізгі себеп – моңғол армиясының саяси-стратегиялық күшінің сарқылуы болды. Батудың тау суындай екпінді жорығы барысында моңғолдар кең байтақ жерге ие болды. Оның шегі батыста – Днестрге, шығыста – Ертіске, оңтүстікте – Солтүстік Кавказға, солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына дейін жетті. Бату иеліктерінің құрамына оңтүстік- шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төмен жағындағы жерлер енді. Орыс княздіктері де Батуға тәуелді бодан болды. Аса зор мемлекет орыс жылнамаларында «Алтын Орда» деп аталды. Бұл тегінде Бату (Сайын) ханның Еділге құятын Ахтуба бойында тұрғызылған, мұнаралары алтынмен қапталған ордасына байланысты шыққан атау болса керек. Алтын Орда хандары кестесінің Бату ханнан басталу себебі де осыдан (Қ.Салғараұлы). Астанасы Еділдің төменгі сағасында Сарай Бату болды. 1246 жылы Рим папасы жіберген елшілер арасында болған Плано Карпини өзінің саяхатнамасында (Карамзин жазбалары бойынша) төмендегі деректерді келтіреді: «…Қыпшақ жерлері арқылы жүріп, Днепр, Дон, Еділ өзендерімен жүзіп, Жайыққа бардық. Бату хан Еділ бойында әсем сарайлар салдырыпты. Бізді Бату хан шатырына алып барды. Ол салтанатпен тақта отыр екен… Папаның хатын мұқият оқыды. Музыка ойнап тұрды. Хан алтын, күміс тостақтармен қымыз ішеді екен. Бату хан зор денелі, қызыл шырайлы, ашық жүзді, білімді, қайратты, тәжірибелі, соғыс кезінде айлакер, тапқыр, қарауындағыларға қайырымды, жомарт еді…».

Халықтың оған «Сайын» деп ат қоюы да тегін емес. Арабшадан аударғанда ол дана, әділ деген сөз екен. Қазақта «Ер Сайын» деген дастан да болған («Сарайшық: билеушілері мен батырлары». Ал., 2004. 105-107-б.).

Бату қазақ жерінде ержетті. Оның ана тілі қыпшақ (қазақ) тілі еді. Түрлі айғақтарға қарағанда, Бату хан шетелдік елшілермен құман (қыпшақ) тілінде сөйлескен. Бату құрған Алтын Орда мемлекеті – қыпшақ мемлекеті еді. Өйткені, Алтын Орданың халқы – түркі тілдес елдер, басым көпшілігі қыпшақ, қаңлы, арғын, найман, қоңырат, керей, уақ, дулат, үйсін, т.б. тайпалар болды. Мемлекеттің тілі қыпшақ, діні ислам болды (Д.Кішібеков. «Алтын Орданы құрған Бату еді». «Егемен Қазақстан». 2003, 26 ақпан).

Алғашқыда Алтын Орда Моңғол империясына оның бір ұлысы ретінде енген еді, ал, XIII ғасырдың 60-жылдарынан кейін ол дербес ел болып бөлінді. Өз кезегінде Бату хан ағасы Орда Ежен мен інісі Шайбанға сіңірген еңбектері үшін бұрынғы ұлыстарына тағы жаңа жерлер үлестірді. Тарихшы Әбілғазының дерегінде Бату Шайбанға 15 мың үйлік, Орда Еженге 10 мың үйлік ел берген (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Ал., 1992. 120-б.).

1246 жылы құрылтай жиналысында Батудың ежелгі жауы әрі бәсекелесі Күйік Моңғол империясының Ұлы ханы болып жарияланды. Ауырдым деген сылтаумен Бату құрылтайға қатысудан бас тартып, өзінің 5 інісін өкіл етіп жібереді. Мұны пайдаланып, Күйік хан моңғолдардың дәстүрлі астанасы Қарақорымнан Эмильге (Таулы Тарбағатай) қарай Батуға қарсы жорыққа аттанды. Бірақ, ол Жоғарғы Урунгу өзені бойындағы (Оңтүстік Алтай) Құмсеңгір деген жерде жол-жөнекей, кенет қайтыс болды (1248). Енді, Батудың тікелей қолдауымен таққа отырған Төлейдің ұлы Мөңке (1251) таққа таласушылардың көздерін жойды. Осылайша, Шыңғыс хан империясында шын мәнінде екі адамның ғана Ұлы хан Мөңкенің және оның сенімді қолдаушысы, Шыңғыс хан ұрпақтарының ең үлкені болып табылатын Бату (Сайын) ханның мерейі үстемдік алды («Қазақ Совет энциклопедиясы». ІІ т., 199-б.).

Бытыраңқы, бірін-бірі мойындамайтын майда орыс княздіктерінің бастарын Бату хан тоғыстырды. Өз іштеріндегі алауыз дұшпандықтарын біртіндеп жоюға кірісті. Княздіктердің ірісін де, ұсағын да бір орталыққа бағындырудың қажеттігін түсінді. Моңғолдардан әскери заңды, соғыс ғылымын, шеруге шығу, мемлекетті басқару тәртіптерін үйренді. Шындығында да, орыс халқын топтастыруда, олардың бір орталыққа бірігетін мемлекетін қалыптастыруда Бату хан негіздеген Алтын Орданың ролі зор. Бату хан 1238 жылдың ақпанына дейін бұрын біріне-бірі бағынбайтын 14 орыс қаласын (ішінде Мәскеу де бар) басып алғаннан кейін орыс княздері оны еріксіз мойындады. Алғаш 1242 жылы Владимир князы І Ярослав Батуға берілгендігі жөнінде ант берді. 1247 жылы Новогородтың атақты князі Александр Невский Алтын Ордаға келіп, бас иді. Орыс княздері 1249 жылдан бастап, Батуға адалдықтарын білдіріп, оның ұлы Сартаққа жаппай ант беруге көшті (Т.Омарбеков). Бір сөзбен айтқанда, Алтын Орданың қол астына түскен халықтардың этно-саяси өмірінде айтарлықтай өзгерістер орын ала бастады. Байырғы түркітілдес Еділ бойының бұлғарлары енді «татар» атанып кетті, Қыпшақ даласында жаңа тайпалық бірлестіктер құрыла бастады. Бұл этникалық өзгерістер болашақ ноғай, қазақ, өзбек, башқұрт, қарақалпақ тәрізді көптеген түркітілдес халықтардың қалыптасу үдерістерін жеделдете түсті. Рубруктың айтуынша, Батудың 26 әйелі болған, ал, Рашид-әд-Дин Батудың небары 4 ұлы (Сартақ, Тоқан, Әбуқан, Ұлақшы) болғанын айтады. Бату 1255 жылы қайтып, Еділдің сағасындағы (Ахтуба алқабы) аралдардың біріне орналасқан Сарай қаласында (Астраханнан солтүстікке қарай 65 шақырым жерде) қойылған деседі.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ, тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button