Жақында Астанада «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен республикалық бата беру сайысы өтті. 100-ге жуық қатысушылар арасында қоғам қайраткерлері, еңбек ерлері, ақсақалдар бар.
Арқадан қатысқан тұлғалар арасында жерлесіміз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков бар. Еңбек ері әрі баталы ақсақал сайыста ІІ орынды жеңіп алды.
– Бата біздің дәстүрлеріміздің өте маңызды бөлігі. Ежелден аға ұрпақ айтатын сөздің құдіретіне сенгенбіз. Халқымыздың салт-дәстүрін жаңғыртып, Наурыз мерекесі қарсаңында «Ауыл» партиясы «БАТАМЕН ЕЛ КӨГЕРЕР» республикалық байқауын ұйымдастырды. Бір айдың ішінде әлеуметтік желі арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен келген қарияларымыздың бата сөздерінің видеосы келіп түсті, – деді Серғазы Әдекенов.
Кеңес Жұмабеков өзіне қошеметтеп жатқан көрерменге алғыс білдірді.
– Байқау жарияланған уақытта батаның бейнетүсірілім түрінде жібердік. Халқыма, балаларға беретін тілегім бар. Соны жеткізейін деп шештім. 76 жасқа келгенде өмірде түйгенімді жинақтап, жазып, ұсындым. «Ауыл» бұл – қазақ. Қазақ десе ауыл еске түседі. Еңбегімізді елеген «Ауыл» партиясына алғыс білдіремін,- деді Кеңес Жұмабеков.
Аяулым СОВЕТ,
ortalyq.kz