Жаңалықтар

Басымдық – әлеуметке

Елбасы ұсынған «Бес әлеуметтік бастама» біздің, ардагерлердің көкейіне қонымды, әлеуметтік мәселелерді қамтыған бағдарлама болды. Президенттің айтуынша, «Бұл бастамалар арқылы біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайтатын уақыт келді: күш те, қаражат та жиналды.»

Елбасы барлық қазақстандықтарға жақын және түсінікті нақты іс-қимылдар бағдарламасын айқындады. Бірінші бастама – «7-20-25» бағдарламасы. Әр жұмыс істейтін қазақстандыққа ипотекалық несие бұрынғы 14-16 пайыздың орнына 7 пайыздан, бірінші үлес қазіргі 30-50 пайыздан 20 пайыздан аспайтындығы, ал несие төлеудің мерзімі 10-15 жылдан 25 жылға ұзартылғаны – бұл керемет жеңілдік. Қаншама отандастарымызға, жерлестерімізге көптен армандаған баспана қолжетімді болады. Осыған байланысты облысымыздың құрылысшыларының алдында өте жауапты кезең басталады. Олардың міндеті – тұрғын үйлерді уақытында және сапалы салу. Сөйтіп халықтың алғысына бөлену.

Төмен жалақы алатын қазақстандықтарды қолдау үшін Елбасы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынды. Осы екінші бастаманың арқасында 2 миллионнан астам жұмыскерлердің жалақысы өседі.

Елбасының сөзі: «Үшінші бастама. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен санасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын. Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, роботты техника, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр». Бұл бастама – дер кезінде қабылданған, маңызы зор шешім.

Мен өткен ғасырдың 1964-1969 жылдарында Алматыда Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтында оқыдым. Бірінші курста «Малая станица» деген жерде екі жолдасыммен пәтерде жаттым. Қауіпті жер болды дегенмен, аман-есен қыстан шықтық. Жақсы оқығаным үшін ректорат 2 курста «Жасыл базардың» қасында, Гоголь көшесінде орналасқан екі этажды ескі жатақханадан орын берді. Бір бөлмеде алты студент жаттық. Алты төсек, үш тумбочка, бір шкаф, ортасында бір үстел мен алты орындық – жиһаз атаулысы осы. Сол заманның және бертінге дейін студенттер солай күн көрді. Қазір заман басқа, талап басқа. Дегенмен, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде өзекті. Облысымыздың жоғары оқу орындарында, колледждерде 30 мыңнан астам студент бар, олардың қаншамасы пәтер жалдап, оқып жатыр. Сондықтан, Елбасының 2022 жылдың аяғына дейін 75 мың орындық жатақхана салу тапсырмасы жастарды да, олардың ата-аналарын да қуантады.

Елбасының шағын несие беруді көбейту бастамасы да ел ішінен қолдау тауып, нәтиже беретіні сөзсіз. Ауыл аймақтар үшін, қаладағы кәсіпкерлікті дамыту үшін бұл бастаманың маңызы өте зор.

Бесінші бастама аймақ жұртшылығын көптен бері армандап жүрген көгілдір отынға жеткізетін болды. Ұлытау, Жезқазған, Сәтбаев, Жаңаарқа, Абай, Шет, Бұқар жырау, Осакаров арқылы 820 километрлік газ құбыры салынады. Бұл шешім бәрімізді қатты қуантты. Ардагерлер атынан Елбасына шексіз алғысымызды білдіреміз. Осы игі жұмыстардың басында жүрген азаматтарға облыстық ардагерлер ұйымының атынан сәттілік тілейміз.

О.ТӨРЕҒОЖИН,

облыстық ардагерлер

ұйымының төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button