Ресми

Басты бағыт – еңбек құқықтарын қорғау

Мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметі қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, сақтау және қорғау, заңдылық, объективтілік, тәуелсіздік және жариялылық қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттері Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан, еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясат қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға және мемлекеттік деңгейде тұжырымдамалық құжатты қолданысқа енгізуге бағытталған, еңбекті қорғаудың басымдығы мен стратегиялық маңыздылығын растайды және тұтастай алғанда, қауіпсіз еңбекті лайықты еңбектің негізгі факторы ретінде жариялайды. Қарағанды облысы еңбек инспекциясы басқармасына былтыр жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзу фактілері бойынша азаматтардан 3569 өтініш (2022 жылы – 3637) түсті. Өңір кәсіп­орындарында 725 тексеру (2022 жылы – 718 тексеру) жүргізілді, 405 (2022 жылы – 509) бұзушылық анықталды. Бүгінгі таңда барлық бұзушылықтар жойылды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының актілерінің (жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқаманың) «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қа­зақстан Республикасының Заңына сәйкес мін­детті күші болады.

Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша 106 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 17,6 млн. теңге (2022 жылы – 20,2 млн. теңге). Оның ішінде 16 млн. теңге өндіріп алынды.

2023 жылы 130 жазатайым оқиға орын алды (2022 жылы – 153 жазатайым оқиға). Онда 233 адам зардап шекті, бұл 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 29%-ға артық (2022 жылы – 180 адам), оның ішінде, қайтыс болғаны – 66 адам (2022 жылы – 28 адам).

Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі «Qarmet» АҚ (бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ), «Теміртау электр металлургия комбинаты» АҚ, «Шұбаркөл көмір» АҚ сияқты ірі кәсіпорындарда тіркелген. Жүргізілген талдау жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жабдықты жаңғырту бойынша жұмыстың жеткіліксіздігі болып табылатынын көрсетеді. Жерасты бейнебақылау жүйесін цифрландырудың қарқыны төмен, 8 шахтаның тек екеуінде. Жазатайым оқиғалардың көбі 3 жылға дейін жұмыс өтілі бар қызметкерлер арасында (42%) сонымен бірге, 55 жастан асқан қыз­меткерлер арасында (57%) болады. Барлық жұмыс берушілер міндетті, мерзімді медициналық тексерулерді және қызметкерлерді ауысым алдындағы медициналық куәландыруды жүргізе бермейді. Өндірістік жарақаттану фактілерін жасыруды болдырмау үшін облыстың денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, ай сайын медициналық мекемелерге келіп түскен өндірісте зардап шеккен пациенттер бойынша жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, ай сайынғы негізде Қарағанды облысының полиция департаментімен жұмыс берушілерге қатысты қабылданған шаралар бойынша жұмыс жүргізілуде.

Өндірістік жарақаттануды төмендету 2025 жылға дейінгі қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында жүзеге асырылады. Өндірістік жарақаттанудың өсуіне жол берген кәсіпорындар профилактикалық бақылауға енгізіледі. 2023 жылы 12 кәсіпорында профилактикалық бақылау жүргізілді.

Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша жағдайды жақсарту үшін, сон­дай-ақ кәсіби тәуекелдерді басқарудың қа­зіргі заманғы жүйесін енгізу мақсатында облыстың 162 ірі кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарын (OHSAS 18001, ХЕҰ-СУОТ) енгізді, 94 кәсіпорын 35 кәсіпорында «Нөлдік жарақаттану-Vision Zero» тұжырымдамасына қатысады «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді.

Еңбектi қорғау талаптарын қамтама­сыз ету, өндiрiстiк жарақаттану мен кәсiби аурулардың алдын алу жөнiндегi бiрлескен iс-қимылдарды ұйымдастыру үшiн кәсiпорындарда техникалық инспекторлардың қатысуымен еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi 1140 өндiрiстiк кеңес құрылды. Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау және олар бойынша еңбекті қорғау жөніндегі шаралар кешенін жүргізу мақсатында өндірістік объектілерді аттестаттау жүргізіледі. 415 өндірістік нысан аттестатталды.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы ая­сында облыс кәсіпорындары кезең-кезеңімен электрондық форматқа көшеді, жерасты бейнебақылау жүйесін пайдаланады. Кәсіпорындардың қызметін ынталандыру мақсатында «Сенім сертификаты» беріледі.

Еңбек дауларының туындауының ық­тимал тәуекелдерін анықтау мақсатында еңбек ұжымдарындағы жағдайға тұрақты бақылау және олардың экономикалық қыз­метіне мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік медиа мониторингісі, әлеуметтік және басқа да аударымдар бойынша берешекті талдау жұмысы, еңбек инспекциясының жедел желісі жұмыс істейді. 2023 жылы Қарағанды облысының аумағында ұжымдық еңбек даулары тіркелген жоқ.

2023 жылдың І тоқсанында кәсіпорындар бойынша берешек 770 млн. теңгеден астам болды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 2615 қызметкерге 780,2 млн. теңге сомасындағы жалақы берешегі өтелді. 2024 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша 13 қызметкердің алдындағы 2,7 млн. теңге сомасындағы жалақы бойынша берешек сақ­талып тұр.

Қызметкерлердің талаптарын реттеуде келісу және татуластыру комиссияларының маңызды рөлін атап өткен жөн. Осыған байланысты еңбек даулары туындаған жағдайда, қолданыстағы заңнама шеңберінде, қыз­меткерлер жұмыс берушіге жүгінуге құ­қылы, олар өз кезегінде дауды қарауға және қабылданған шешім туралы қызметкерді хабардар етуге міндетті.

Ұжымдық шарттар ерекше рөл атқарады, ұжымдық шарттың нормалары өндірістің салалық ерекшеліктері ескерілетін орталықтандырылған нұсқамаларға қосымша болып табылады және бұл қызметкерлердің жағдайын жақсартуға, әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мониторингте 5648 ұжымдық шарт бар. Оның ішінде, 132 ірі кәсіпорында, 392 орта және 5124 шағын жұмыс орнында.

Әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақ­сатында, 2023 жылы облыс кәсіпорын­дарында 366 кездесу өткізілді, онда қау­іп­сіздік, келісу және татуластыру ко­миссия­ларының рөлі және басқа да мәселелер қаралды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 57 мақала жарияланды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде онлайн тікелей эфирлер өткізудің тиісті кестесін бекітіп, былтыр 15 тікелей эфир ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторлары маман ретінде сот процестеріне қатысады, қызметкерлерге сотқа талап арыздар дайындауға заң жүзінде көмек көрсетеді. Сот Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының жұмыс берушілер жол берген нормаларын бұзуды анықтаған кезде басқарма жұмыс берушілерге қатысты тиісті шаралар қабылдау туралы жеке ұйғарым шығарады. Қазіргі уақытта «Өзін-өзі тексеру» сервисі іске қосылды. Ол еңбек саласындағы құжаттаманы дайындау процесін жеңілдету үшін әзірленді. Әрбір жұмыс берушіге «Онлайн еңбек консультанты» ақпараттық жүйесінің көмегімен еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өз бетінше алдын ала тексеруден өту мүмкіндігі беріледі.

Құқықтық салдарды болдырмау үшін, жұмыс берушілерді еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға және туындаған еңбек дауларын реттеу мәселелерін келісу комиссиясы шеңберінде қарауға шақырамыз.

Медеу АХМЕТОВ,
Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button