Жаңалықтар

«БАСТАУ БИЗНЕС» – ЖОБАЛАРДЫҢ ЖОЛЫН АШАДЫ

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған  бағдарламасы» арқылы ел ішінде кәсіпкерлікке кең өріс ашу көзделуде.  Бұл бағыт  бойынша бағдарламаға қатысушылар «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізіне оқытылады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетілетін болады. Сөйтіп, бұқара арасында жаппай кәсіпкерлік жандандырылмақ. Мамандардың дерегінше, нәтижесіз еңбектен нәтижелі жұмысқа жетудің бір тетігі – осы  бағыттар. Келешегінен мол үміт күттірген бағдарламаның «Бастау Бизнес» жобасының кеншілер мекенінде  іске асырылуы хақында Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасы бөлім басшысы Жақсылық АХМЕТБЕКОВ әңгімелеп берді. Кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы кәсіпкерлік негізіне оқытудың барысына тоқталды…

– Әңгіменің әлқиссасын бірден «Бастау Бизнес» жобасының бұқараға тиімділігінен бастасақ. Бұл жобадан жұртшылық не күтуі тиіс?

– “Бастау Бизнес” жобасы бағдарламаға қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларына оқытуға, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына, сондай-ақ, олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған. Халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыздар және кәсіпкерлік әлеуеті бар және ауылдық елді мекендер мен аудан орталықтарында тұратын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға қатысушылар болып табылады. “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтетін бағдарламаға қатысушылар мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етіледі.

Оқу процесінде бағдарламаға қатысушыларға кәсіпкерлікті жүргізу үшін идеялар мен кәсіпкерлік қызмет негіздері бойынша білім ұсынылады. Қатысушылар кәсіпкерлікті қаржылай қолдау шаралары туралы хабардар болады.  Оқу қорытындысы бойынша “Бастау Бизнес” жобасына  оқуға қатысқаны туралы сертификат және оқуды аяқтағаны туралы сертификат тапсырылады.  Қаржылай емес қолдау операторы шағын несие ұйымына және несие серіктестігіне “Бастау Бизнес” жобасына қатысушының несие немесе шағын несие алуға арналған өтінішін қарау туралы қолдаухат береді. Бизнес-жобаны іске асыруды сүйемелдеу бизнес-жобаны іске асыру кезеңінде кеңес беруге қолдау көрсетуге бағытталған.

 

– Кәсіпкерлікті бастауға негіз болатын, бизнестің жөн-жобасын түсіндіріп, бағыт-бағдар сілтейтін «Бастау Бизнес» биыл  аймақтың қай аудандарында қолға алынды?

– Қарағанды облысында 2017 жылға Кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың тәртібіне сәйкес «Бастау Бизнес» жобасы бойынша Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен аймақтың кәсіпкерлер палатасының келісімімен бұл жобаны жүзеге асыру үшін 7 аудан анықталды. Олар – Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Жаңаарқа, Осакаров және Шет ауданы. 2018 жылдан бастап, Абай және Ұлытау аудандары қамтылады.

 

– Бағдарлама арқылы осы жылы қанша адамды оқыту жоспарда бар?

– Жалпы, ел көлемі бойынша жоспарлық көрсеткіш – 15 мың. Оның ішінде, 1313-і Қарағанды облысына тиесілі. Берілген өтініштерді қарастыру нәтижесі бойынша жобаның мақсатты тобына Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 562 қатысушыға келісім берілді. Тестілеуден өткен 474 адам оқуға жіберілді. Оның 411-і оқуын тәмамдады.

 

– «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылары бұдан кейін қандай да бір құзыреттілікті иелене ме?

– 2017 жылдың 17 және 26 мамыр аралығында бағдарламаның бірінші кезеңіне қатысушылар өздерінің бизнес жобаларын аймақтық кәсіпкерлер палатасының қасындағы облыстық комиссияда қорғады. Комиссия отырысының қорытындысымен 215 бизнес-жоспар қолдау тапты. 43 бағдарлама қатысушысы шағын несие алды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Зульфия Апсалямова, Қарақаралы ауданы бойынша бизнес-тренер:

– Қарқаралы ауданында бірінші лекпен 80 адам оқудан өтті. Оның 24-і бизнес-жоспарларын қорғады. Оқу бағдарламасы тыңдаушыларға ұнады. Оқуға Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, Халыққа қызмет көрсету оралығы өкілдерін, салық бойынша түсіндіру үшін КҚО директорын, менеджерлерін  шақырдық. Өзара көмек жолға қойылған. Оқуда түрлі жағдайды сараптап, барлық қатысушылар оған қатысып отырды. Қатысушылардың көпшілігі оқу кезінде бизнес идеяларын қайта қарап шыққандықтарын жеткізді.  Айтарлықтай қызықты жобалар болған жоқ. Жобалардың басым көпшілігі мал бордақылауға қатысты, тек баспа ісі, жекеменшік балабақша жобасын ерекше атауға болады.

Айнара Мұсалимова, Бұқар жырау ауданы, Ботақара кенті, «Бастау Бизнес» жобасына қатысушы:

– Бұқар жырау ауданы бойынша «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылардың бірімін. «Бастау Бизнес» арқылы бір ай мұғдарында кәсіпкерлік негізінен дәріс алып, сертификат тапсырылды маған. Оқу барысында бізге өз кәсібімізді қалай ашу керектігі туралы мол түсінік, бағыт-бағдар берілді. Соның нәтижесінде  өз кәсібімді ашуға бел будым. Бүгінде «Шағын сүт фермасын ашу» жобасын қолға алдым. Ауылда отырған соң ауыл шаруашылығы өнімін алумен айналысамын. Осы орайда, маған алдағы уақытта мемлекеттік қолдау ретінде шағын несие берілмек. Жобам іске қосылғанда алғашында 1 жұмыс орнын, одан кейін 2 адамды жұмыспен қамтымақ ниеттемін. Жалпы, жоба – өте тиімді, ауылдықтарға өз кәсібін ашуға зор мүмкіндік беретін бірден-бір жоба. Мұндай мүмкіндіктер бұрын-соңды болған емес. Отбасым, екі балам бар, жасым 23-те. Зәмзагүл Мұхтарбекова, Ақтоғай ауданы, «Бастау Бизнес» жобасына қатысушы:

– Кәсіпкерлік негізіне оқыту барысында білмегенімізді біліп, үйрендік. Оқу бізге өз ісімізді ашуға түрткі болып отыр. Мысалы, 30 адам дәріс алдық. Осы 30 адамның барлығы кәсібін ашпақ ойда. Қайсыбірі ендігі құжаттарын реттеп, шағын несие алып, жұмысын бастап та кетті. Өз басым,отбасыммен бірге жылқы өсірумен айналысуды жоспарладым. Қазіргі таңда құжаттарымды жинастырудамын. Алғашында 10 бие сатып аламыз.

Бұл бағдарлама – өзімізді-өзіміз жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікпен айналысуға ықпал ететін   табысты бағдарлама. Мұның барлығы Президентіміздің Жолдауында айтылған тапсырмаларының нәтижесінде іске асып отырғанын да жақсы білеміз.

Сұхбаттасқан

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button