Жаңалықтар

Бастама аяқсыз қалмайды

   «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі үшін арнайы құрылған инновациялық жобалардың бірқатары біздің облыста іске қосылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен бірінші ғылыми-техникалық кеңесте мәлім болды.

Біз сөз еткен жобалар «Нұр Әлем» павильонында жасыл энергетика саласында ұсынылған.

Оның үшеуі аймағымызда жүзеге асырылып та үлгерген. Мәселен, Дубовка кентінде электр және жылу қуатын, сондай-ақ, органикалық тыңайтқыштарды алу үшін органикалық қалдықтарды өңдеуге арналған биогазды құрылғы орнатылды. Сондай-ақ, 2015 жылы Ынтымақ су қоймасында «шағын-ГЭС» іске қосылды. Оның қуаттылығы 570 кВт-қа тең. Өндірілген электр энергиясы «Қарағанды Жарық» желілері арқылы Амангелді кентінің қоғамдық тораптарына жеберіледі. Ал, үшінші жоба – өндірістік қалдықтарды жоғары технология арқылы тазартып, аймағымыздың энергетикалық проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін «АBsalut ecology» инновациялық газ тазарту жүйесі.

Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтановтың мәлімдеуінше, тағы екі жоба жүзеге асырылуда. Саран қаласындағы «Күн электр станциясы» және «Экологиялық таза гидродинамикалық сұйық орта жылытқыштары». Сұйық ортаның гидродинамикалық жылытқыштарын Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің инженерлері ойлап шығарған. ЖОО-ның оқу шеберханаларында бірнеше эксперименталды құрылғылар әзірленіп, құрастырылған. Оларды өндіріс барысында сынау кезінде энергия жұмсау айтарлықтай үнемделетіні анықталған.

Саран шаһарындағы күн электрстанциясының құрылысы 2018 жылы аяқталмақ. Оның қуаттылығы 100 МВт-қа тең. Яғни, Орталық Азиядағы ең ірі станция болуы тиіс. Жоба толығымен Еуроодақ елдерінің тікелей инвестициясы арқылы қаржыландырылған. Және ГФР, Чехия және Словакияның жеке және мемлекеттік инвестициялық құрылымдарының қолдауына ие.

Ендігі жоба – екінші ұрпақ био отыны және алюмофехральді жылытқыштар. Қазіргі күні сараптамадан өтуде. Биоотын – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ғалымдарының зерттемесі. Отынға арналған шикізат ретінде еліміздің аумағында өсетін көпжылдық шөптер алынады. Қазір зерттеушілер жобаға қолдау көрсетер, оны өндіріске қосуға әзір инвесторларды іздеуде.

Алюмофехральді жылытқыштар өндірістік және тұрғын үй ғимараттарына арналған.

Бұған қоса, «ЭКСПО-да» ұсынылған 150 ең қызықты және өзекті зерттемелер аудандарға жіберілген. Оларды аймақтың ірі кәсіпорындарымен бірлескен ЖОО қызметкерлері өңдеуде.

Жуырда облысымыздың өндірістік және коммуналдық кәсіпорындарында жобаларды енгізу бойынша «Жол картасы» бекітіледі деген жоспар бар. Кәсіпорындардағы инновациялық зерттемелерді енгізу жағдайын өңір басшылары қадағалайды.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button